
Алкоголь саудасына қатаң шектеу енгізілуі мүмкін
Қазақстанда ішімдік саудасына қатысты жаңа талаптар мен шектеулер енгізілуі ықтимал. Ішкі істер министрлігі ұсынған бұл бастама қоғамда үлкен талқылау тудырып отыр. Министр Ержан Саденовтың айтуынша, елдегі қылмыстардың едәуір бөлігі мас күйінде жасалады. Тек биылдың өзінде ойын-сауық орындарында 1 400-ден астам қылмыс тіркеліп, оның ішінде үш бірдей кісі өлтіру дерегі болған. Министр бұл ахуалға бейжай қарауға болмайтынын айтып, алкоголь өнімдерінің айналымына түбегейлі шектеу қоюды ұсынды.
Жаңа бастаманың басты бағыты – ішімдікті интернет арқылы сатуға толық тыйым салу. Сондай-ақ алкоголь өнімдері тек арнайы лицензиясы бар дүкендерде ғана сатылатын болады. Бұл лицензиялар саны шектеліп, олардың берілу тәртібі айтарлықтай қатаңдатылмақ. Яғни, кез келген кәсіпкер ішімдік саудасымен айналыса алмайды, тек нақты талаптарға сай келетін нысандарға ғана рұқсат беріледі.
Сонымен қатар, министрлік барлар мен түнгі клубтарда да алкогольге шектеу енгізу мәселесін көтеріп отыр. Себебі қылмыс пен құқық бұзушылықтың басым бөлігі дәл осындай орындарда тіркеледі.
Дегенмен, аталған ұсыныс қоғамның және кейбір мемлекеттік органдардың қолдауына ие бола қойған жоқ. Кей сарапшылар шектеу қою мәселені шешпейді деп санайды. Олардың пікірінше, тыйым салу көлеңкелі нарықты көбейтіп, заңсыз сауда жолын ашуы мүмкін. Ал әлеуметтік тұрғыда бұл бастама көптеген шағын кәсіпкердің жұмысына кері әсер етуі ықтимал.
Қазір Ішкі істер министрлігінің ұсынысы тиісті ведомстволар арасында талқыланып жатыр. Егер бастама қабылданса, Қазақстанда алкоголь өнімдерінің сатылу тәртібі түбегейлі өзгереді.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Сурет: Zakon.kz



