АЛИМЕНТтің әлегі

13 main e1550130099565 1 Жаңалықтар

Atr.kz/25 тамыз, 2019 жылАлимент төлеу – әлі күнге дейін шешімін таппаған әлеуметтік мәселенің бірі. Заңға сәйкес, ата-ананың екеуі де кәмелетке толмаған балаларын бағып-қағуға міндетті. Ал, Құранда «Әйел мен ер, олар бірдей құқыққа ие, алайда, жауапкершілік жағынан ер адам бір саты жоғары тұрады» деп жазылған. Осыдан-ақ отбасындағы әкелердің орны мен міндетінің жоғары екендігі аңғарылады. Алайда, статистикаға сүйенсек, бауыр еті баласын тірі жетім етіп, тиісті төлемін төлемей жүрген «безбүйрек әке» қатарының көбейгенін байқаймыз.

 Соның салдарынан қоғамда алимент алуға мәжбүр болған бала мен сот орындаушыларын жағалаған аналар саны көбейе түскен. Солардың бірі Айсұлу Иманбаева (кейіпкердің аты-жөні өзгертілген) екі жылдан бері 10 жастағы қызына алимент алмаған. Редакцияға мұңын шаға келген келіншек ажырасу мен мүлік бөлісуден кейін қызымен баспана­сыз қалғанын айтты. Айсұлу сотқа жүгінсе де, бұрынғы күйеуі тұрақты жұмысының жоқтығын алға тартып, ай сайын ақша аударудан бас тартқан.

«Бұрынғы күйеуім жүк көлігін жүргізеді. Жалақысын қолма-қол ала­ды. Бірақ, жұмыссыз болып санала­ды. Енді ақша өндіріп бермеген сот орындаушының да, алимент төлемей қашып жүрген қашқынның да үстінен сотқа жазайын деп отырмын, басқа амалым жоқ» дейді келіншек қапаланып.

Бұл – бір ғана Айсұлудың жағдайы. Ал, балаларының әкесінен алимент ала алмай жүрген Айсұлу сияқты әйелдер қаншама? Бұл жерде туған баласы үшін алимент төлеуден қашып жүргендердің қылығы қынжылтады. Борышкерлердің кейбірі жұмыс ор­нын, енді бірі нақты еңбекақысын жасырғысы келеді.

Біз сөйлескен жеке сот орындау­шы Зухра Саясат «Алимент төлеуден жалтарған осындай безбүйрек әкелермен күрес – сот орындаушыларының күн тәртібінде тұрған мәселе» екенін ай­тады. Жалпы, сот орындаушылар есебінде берешегі бірнеше миллион теңгеге жеткендер кездеседі. Мұндай жауапсыздарға алиментті өндірудің түрлі жолдары қарастырылады. Мәселен, али­мент төлемеген әкенің есепшотын жау­ып, елден тысқары шығуы шектеледі. Сот шешімімен жүргізуші куәлігі уақытша тоқтатылып, кейбірінің көлігін сатқызып, қарызын өтетеді. Тіпті, борышкердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, шартты мерзімге жауапкершілікке тартылғандар да жетіп артылады екен.

Осындай істің бірі қалалық сотта қаралды. Сот орындаушының баста­масымен алимент төлемей жүрген аза­матты жүргізуші құқығынан уақытша айыру туралы істің сот отырысы өтті. Сотқа тапсырылған материалдарда 2017 жылы ер адам бұрынғы әйеліне баласын асырау үшін алимент төлеуге міндеттелгені жазылған. Бірақ, әке ретінде ол сот актісінің талабын орын­дамай, борыштың сомасы жинала келе 1 миллион 320 мың теңгеге жеткен. Қарызын өтеу үшін ер адам ешқандай әрекет жасамады. Соған байланысты сот жеке сот орындаушының ары­зын қанағаттандырып, борышкерді қарызын өтегенге дейін жүргізуші құқығынан айыруға шешім шығарды. Соттың шешімі заңды күшіне енді.

– Бүгінгі күні мемлекеттік сот орындаушыларында облыс бойынша алимент төлеушілердің саны – 2323. Оның 504-і тұрақты жұмыс орнынан, ал, 480-і ішінара төлеп отыр. Ал, өткен жылы 4052, оның 1577-і жұмыс ор­нынан ұсталса, қалғаны – 1965 адам жұмыссыз, соның ішінде ішінара төлейтін борышкерлер де бар. Сондай- ақ, 1689 атқару өндірісі аяқталды, –дейді Әділет департаментінің сот актілерін орындау жөніндегі қалалық алимент өндіру бойынша аумақтық бөлімінің аға сот орындаушысының міндетін атқарушы Малика Құспанова.

Маманның мәлімдеуінше, алимент төлеуден бас тартып, жасырынып жүрген азаматтар үшін заң да, талап та бар. Сот орындаушылары жұмыссызбын деп сылтау айтатындарға жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыс жасап, алимент берешегінен құтылуды талап етуге құқылы. Дегенмен, көпшілігі денсаулығы жарамайтындықтан, қоғамдық ақылы жұмыстан бас тартатын көрінеді. Егер борышкер 3 ай көлемінде тиісті қарызын өтемесе, заң бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал, борышкер бұл жазадан да сабақ алмаса, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Сондай-ақ, заң бойынша борышкер бір бала үшін табысының төрттен бір бөлігін, екі балаға үштен бір, ал, үш және одан көп балаға жартысын төлеуі тиіс. Бұдан басқа Азаматтық іс жүргізу кодексіне сот орындаушыларының өндірісі мен мәртебесіне қатысты бірқатар өзгертулер енгізілген еді. Енді сот орындаушылары Қылмыстық кодекстің алимент бойынша борыш­керлерге қатысты баптарындағы айыппұл төлеу және түзеу, қоғамдық жұмысқа мәжбүрлеумен қатар, қылмыстық жауапкершілікке де беру­ге құзырлы. Дегенмен, борышкерлерге заңды қатайту шараларына қарамастан алименттің әлегі азаяр емес.

Әрине, құзырлы органдар шара­сыз балалардың заңды құқықтарын қорғайды. Десек те, ең басты жауапкершілік әке мен шешеге жүктеледі. Дүниеге әкелген ұл-қызын тәрбиелеп, қоғамның пайдалы азама­ты етіп қатарға қосу – ана мен әкенің мойнынан түспейтін парызы. Әйтсе де, бұл міндеттің салмақты тұсы әрине, алдымен әкеге артылады. Өйткені, анаға тәрбие мәселесі жүктелсе, материалдық жағынан қамтамасыз ету әкенің борышы екендігін ешкім жоққа шығармайды. Бұл парыз екенін санасымен түсініп, әкелер баласына тиісті төлемге жауапкершілік танытса дейміз…

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Облыстық жеке сот орындаушылар өңірлік палатасынан алимент өндіруге байланысты мәлімет:

  • 01.01.2019-15.07.2019 аралығында:

Есепті мерзімде орындалған атқару құжатының
жалпы саны – 7014
Аяқталған атқару құжатының жалпы саны – 727
Өндіріп алушыға қайтарылған атқару құжаты – 602
Қысқартылғаны – 90

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз