Жарнама
Жаңалықтар

Алғыс алған жан

Ұстаз – әр адамның жүрегінде мәңгі сақталатын ерекше тұлға. Бізге білім беріп қана қоймай, өмірдің дұрыс жолын көрсететін де ұстаздар. «Ұстаз – ұлы тұлға» деп айтылуы да тегін емес. Әсіресе, кәсіби мерекесі жақындаған сайын оқушыларына сая болып, оларға өмірден өз орындарын табуға үлес қосқан аяулы жандарды еске аламыз. Солардың ішінде мен үшін ең қымбат жан – сүйікті ұстазым Аяужан Салауатқызы.

Бесінші сыныпта Талқайраң негізгі мектебіне ауысып келген едім. Жаңа мектеп, жаңа орта, бейтаныс балалар – басында бәрі қиын болды. Сол кезде маған жылы қабақ танытып, мектепке үйренісіп кетуіме көмектескен жан – сынып жетекшіміз әрі ұстазымыз Аяужан апай еді. Алғашқы сабақтан-ақ ол кісінің бізге ерекше мейіріммен қарағаны әлі есімде. Сол сәттен бастап тек ұстаз емес, біз үшін өз анамыздай болып кетті.

Аяужан апайдың әр сабағы қызықты өтетін. Ең қиын тақырыпты да қарапайым тілмен түсіндіріп, бәріміздің ұғып алуымызға жағдай жасайтын. Әрқашан ойлануға жетелеп, сұрақ қоюға ынталандыратын. Қажет кезінде қатал, бірақ ол әділдіктен туатын. Сол арқылы тәртіпке, уақытты бағалауға үйретті.

Мен үшін ұмытылмас бір сәт – VII сыныптағы «Шексіз әлем» байқауы. Қатысуға қорқып жүргенімде, Аяужан апай: «Сенің қолыңнан бәрі келеді, тек өзіңе сен!» — деп жігерлендірді. Сол сөздер маған күш беріп, нәтижесінде жүлделі орын алдым. Ұстаздың бір ауыз сөзі оқушы өміріне қаншалықты әсер ететінін сонда түсіндім.

Сынып сағаттарында ол бізбен ашық сөйлесіп, болашаққа бағыт беретін. Әрқайсымыздың мінезіміз бен қабілетімізді біліп, соған сай кеңес айтатын. Қиын сәтте демеу болып, қолдау көрсетті. IX сыныптағы қоштасу кешінде айтқан жып-жылы тілегі әлі күнге дейін есімде.

Жүрегінен мейірім төгілген, бірақ талапшыл әрі әділ ұстаздың берген білімі мен тәлімі ешқашан ұмытылмайды. Егер өмірде адамға жол көрсететін шырақ бар десек, ол – ұстаздың жүрегі. Мен үшін сол шырақ Аяужан апай сияқты көрініп тұрады. Ұстаздар күні мерекесінде шәкірттері атынан оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, еңбегінің жемісін көруді тілеймін.

Ұстаз – екінші ана. Сондықтан мен үшін Аяужан Салауатқызы әрдайым қадірлі, қымбат жан болып қала береді.

Нұртілек ҒАРИФОЛЛА,

Талқайраң негізгі мектебінің 2025 жылғы түлегі.

Атырау қаласы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button