ӘЛЕУМЕТТІК ТАПСЫРЫСТЫҢ МАҢЫЗЫ НЕДЕ?

«Нұр Отанның» Атырау облыстық филиалында «Халық бірлігі» бағыты бойынша партиялық куратор жанындағы сараптамалық топ отырысы өтті. Онда облыстағы барлық этностардың тілін, мәдениетін дамытуға жағдай жасауды қамтамасыз ете отырып, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын зерделеудің тиімділігін арттыру және шығармашылық одақтарды қолдау мәселелері қаралды.

 

Жиын барысында баяндама жасаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева ағымдағы жылы бес басқарма және алты аудандық әкімдік тарапынан әлеуметтік маңызды жобалар конкурсының ұйымдастырылғанын айтты. «Соңғы жылдары мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыруға қаржы қарастырған мемлекеттік органдар санының артқаны байқалады. Мәселен, 2014 жылы әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 180,9 млн. теңгеге 84 жоба орындалса, 2015 жылдың үшінші тоқсаны бойынша 96 жоба жүзеге асырылуда. Бөлінген қаржы 202,5 млн теңге» деген басқарма басшысы мүмкіндігі шектеулі адамдарға, әлеуметтік әлсіз топтарға кеңес беру сынды әлеуметтік тұрақтандыру салаларына қаржы қарастыруды ұсынды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Ғабдібек Хабиров,  «Қоғамдық келісім» КМК басшысының міндетін атқарушы Әдемі Таласбаева мен облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Азамат Жолаевтар баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды.

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз