
Әлемдік сарапшылар мойындаған қазақстандық бастама
Қазақстанның балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева әлеуметтік желідегі жазбасында кеше өткен «Ұлттық қор – Қазақстан балаларына. Инновациялық саясат және жаһандық ықпал ету әлеуеті» атты бірлескен конференция туралы хабарлады. Іс-шараға Washington University in St. Louis (АҚШ) және Maqsut Narikbayev University университеттерінің өкілдері қатысты.
Washington University in St. Louis делегациясы еліміздің «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының тәжірибесін зерделеу мақсатында Қазақстанға арнайы келді. Айта кетейік, симпозиум осы бағдарламаның мазмұны мен әлеуметтік-экономикалық әсеріне қызығушылық танытқан америкалық әріптестердің бастамасымен ұйымдастырылған.
Вашингтон университетінің Әлеуметтік даму орталығының (CSD) халықаралық директоры Ли Зоу Қазақстанның бұл бастамасын жоғары бағалап, оның жаһандық маңызын атап өтті:
«“Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасы бүкіл әлем үшін үлгі боларлық революциялық бастама. Бұл — сіздердің Президентіңіздің стратегиялық көзқарасының нәтижесі және елдегі әрбір балаға, қалада не ауылда өмір сүретініне қарамастан, тең мүмкіндік беруге бағытталған зор қадам. Қазақстанның жеті миллион баласының бәрі осы көреген жобаның бенефициарлары болып табылады», — деді ол.
Ли Зоудың айтуынша, бағдарлама тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл өңір мен әлем үшін де маңызды. Ол сондай-ақ симпозиумның студенттер мен сарапшыларға білім мен тәжірибе алмасу үшін тиімді алаң болғанын атап өтті.
Конференция жұмысына Сингапур, АҚШ, Қытай, Моңғолия, Корея және Әзірбайжан университеттерінен келген оннан астам сарапшы делегация қатысты.
Еркеназ ҚАЛИЖАН



