АЛДЫҢДА АҒАҢ БОЛҒАН ҚАНДАЙ ЖАҚСЫ…

АТЫРАУДА МҰНАЙШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН АЛЛЕЯ ЖАСАЛАДЫ. Бұл туралы облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті конференциясына қатысқан аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов мәлімдеді. «Осындайда ардагерлердің мұнай кәсіпорындары, еңбегі сіңген мұнайшылар туралы толық ақпарат жинақтауға атсалысуы маңызды». Ақсақалдарға осындай өтініш жасаған облыс әкімі жергілікті ардагерлер ұйымының төрағалығына Қатимолла Ризуановтың кандидатурасын ұсынды. Осылайша, көпшіліктің қолдауымен Қатимолла Ризуанов бұрынғы қызметіне қайта кірісті.

Ардагерлерді не толғандырады? Конференция барысында баяндама жасаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов Жылыой жерінде ауданішілік автобустарда ардагерлерге жеңілдіктің сақталмайтындығын, Қызылқоға ауданының кей өңірлерінің ғаламтор байланысымен қамтамасыз етілмегендігін, «Қазпошта» жұмысы әлде де жетілдіруді қажет ететіндігін атап өтті. «Әсіресе, зейнетақы беру кезіндегі шегі жоқ кезектер реттелуі керек» деген ол жеңіс тақырыбына байланысты біраз мәселелерге тоқталды. «Ұлы Отан соғысы тақырыбы туралы түсірілім жасаған Талғат Ильясовтың бейнероликтері, әсіресе, іздеу тобына зор көмегін тигізуде. Осы роликтерді жергілікті «Қазақстан-Атырау» арнасынан көрсетіп отырса деген ұсыныс бар. Өз күшімен соғыс тақырыбында мұражай ашқан Георгий Афанасьевтің еңбегін де ерекше атап өткен жөн. Бастысы, соғыс тақырыбы бір ғана мерейлі датамен тоқтап қалмауы тиіс. Зерттеу, іздеу жұмыстары жалғаса беретін болады» деп атап атап айтты  баяндамашы.

Қазыналы қариялар мәселесіндегі басты жетістік ретінде шипажайларға жолдама беру тәртібінің реттелгендігін атап өтуге болады. Тегін дәрі-дәрмекке есепті мерзімде 6 миллион 200 мың теңге көлемінде қаражаттың бөлінуі де көп нәрседен хабар береді. Кеңестің ендігі жұмысы жастар арасында тәуелсіздік рухын дәріптеуге бағытталатын болады.

Конференция соңында ардагерлер Тынышбай Оразовқа «Сағадат Нұрмағамбетов» атындағы медаль,  Нәсіпқали Сәменовке «Бауыржан Момышұлы» атындағы медаль тапсырылды. Сондай-ақ, бір топ азамат ұйымның Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз