АЛАЖАҒЫ БАР БАНКТЕР АЛАҢДАЙ БАСТАДЫ

Кезінде артында сұрауы бар ақшаны  оңды-солды  таратқан банктердің алажағы басқа түгілі, Үкіметтің өзін алаңдата бастағандай еді. Бұл проблема Атырау облысына да жат емес. Облыстық сот актілерін орындау департаментінің атқару өндірісіне 2013 жылы банктерге берешектік бойынша 24 млрд. теңгеден астам болатын 1855 іс келіп түскен, қазіргі таңда оның ішінен 201 млн. теңгедей құрайтын 223 іс орындалған. 

 Банк клиенттерінің қарызын қайтармауында түрлі гәп бар. Біреулер түрлі жағдайлардан банктің пайызын өтеуге расымен қиналып жатады;  алғанын бермеуге еті үйренген алаяқтар да аз емес. Бірақ, банктің берешегі қайткенде де өтелуі тиіс. «Сот актілерінің банктердің пайдасына орындалуы және оларды шешу жолдары» атты «дөңгелек үстел» басына жиналған Атырау облысы бойынша сот актілерін орындау департаменті мен «Каспий Банк», «БТА Банк», «Халықбанк», «Казкоммерцбанк», «Альянс банк», «ВалютТранзитБанк» облыстық филиалдары өкілдерінің талқысы осы тақырыптың төңірегінде өтті.

Аталған департаменттің ұйымдастыру-талдау  жұмысы  және  атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ләззат Бердиеваның айтуынша, банк берешегі бойынша атқару парағын орындау кезінде сот орындаушылары мен банктің тығыз байланыста жұмыс атқаруы аса маңызды. Мәселен, ұзақ мерзімдік орындаудағы атқару құжаттарын банктердің өз бақылауында ұстағаны дұрыс болар еді. Себебі, практика жүзінде мойнына алған жүктемесі көп сот орындаушысы олардың арғы қарайғы орындалуын бақылауда ұстай алмай, босаңсытып алып жатады. Клиент жайлы барлық деректі қолында ұстап отырған мүдделі тарап саналатын банктер мұндайда ол жұмыстан шығып кеткен немесе басқалай да қарызын өтеуге мүмкін болмаған шарттар туындағанда сот орындаушысын хабардар етуі тиіс. 

– Сондай-ақ, борышкердің тыйым салынған мүлкіне банктердің өз күшімен бағалау жүргізгені артық етпес еді, – деген пікірде Ләззат Нәбидоллақызы. Бұл жұмыспен департамент жанындағы «Би Логистик» АҚ филиалы айналысады. Оның құрамында қазіргі таңда бар-жоғы бір ғана сарапшы бар. 

Беті қалың борышкердің бережағын қайтару кәдімгідей проблемаға айналған түрі бар. Тараптардың әдейілеп бас қосуы соны аңғартады. Қаннен-қаперсіз жүрген қарыз иесіне ықпал етудің түрлі шаралары қазірден-ақ қолданылып жатыр. Соның бірі – «Қазақтелеком» мекемесі арқылы борышкердің үйіне күніне бірнеше мәрте телефон соғатын автоматтық қондырғы орнату. Ол белгілі бір абоненттік нөмірге таңертең, түсте және кешке қоңырау шалып, қарызын төлеу керектігін есіне салып тұрады.

Бұдан басқа, «дөңгелек үстелде» борышкерлердің аты-жөнін жергілікті басылымдарға беру; борышкердің мүлкін еркінен тыс алып, бағалау және көпшілік сауда-саттыққа шығару процесін бейнеролик ретінде көпшілікке ұсыну; тыйым салынған мүліктің аукционға шығатыны жөнінде хабарламаларды борышкердің аты-жөні мен мүлкін көрсете отырып, БАҚ бетінен көрсету сияқты әдіс-тәсілдер де ұсынылды. 

Атырау облысы бойынша борышкері көп банктердің қатарында «БТА Банк» пен «ВалютТранзитБанк» аталады. Ондағы қарыздар бойынша атқару парақтары қазірде жеке сот орындаушыларына жүктелуде. 

Осы орайда тұрғындардың міндетін орындату бойынша ортақ істе құзырлы органдардың өз арасында да пікір қайшылығы бары байқалады. Нақтылап айтсақ, банктердің талабы бойынша сот орындаушысының өндірісінен қысқарған іс арада бірнеше ай өткенде қайтадан қозғалып жатады. Екі ортада борышкер өзінің атына жазылған дүние-мүлкін сатып не басқа біреуге жазып, тып-типыл болып шыға келеді. Оның бережағы бұдан кейін қалай өндірілмек? Облыстық сот актілерін орындау департаменті бастығының орынбасары Күләнда Қыстаубаеваның айтуынша, мұндай жағдай туындаған кезде банктердің әрекеті жөнінде прокуратураға шағым түсіру қажет.

Өз кезегінде, банк өкілдерінің де істі қарайтын сот орындарына қатысты айтары бар. Кейде борышкердің иелігіндегі мүлікті алу туралы банк талабы сот процесінде қанағаттандырылмайды. Оған ісі қаралған азаматтың жалғыз баспанасы бары, басқа барар жері, басар тауының болмауы сияқты нақты себептер аталуы мүмкін. Бірақ, жауап берушінің пайдасына шешілген сот үкімінен кейін банктің берешегі сол қалпында қала береді.

«Дөңгелек үстел» барысында банк филиалдары жергілікті газет-теледидар бетіне борышкерлер тізімін жариялау жөніндегі ұсынысты тиімді деп танып, құптайтындарын білдірді. 

Құралай Қуатова.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз