АЛҒЫСТЫҢ БӘРІ – АҚ ХАЛАТТЫ ЖАНДАРҒА!

Кеше Медицина қызметкерлері мерекесіне орай Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында  салтанатты жиналыс  өтті. 

Онда аймақ басшысының орынбасары  Айгүл Әжіғалиева   облыс әкімі  Бақтықожа Ізмұхамбетовтің  атынан   медицина  қызметкерлерін   кәсіби мерекелерімен құттықтап,  жылы лебізін  білдірді. Ол  ақ халатты  абзал жандардың  бір тобын  Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің  «Еңбек ардагері» медалімен, сондай-ақ облыс әкімінің  Алғыс  хатымен марапаттады.

Бұдан соң  облыстық мәслихаттың  депутаты Әлия  Бекқожиева  дәрігерлерді  төл мерекелерімен құттықтап,  бір топ  денсаулық сақшысын облыстық мәслихаттың  Құрмет грамоталарымен марапаттады. Сондай-ақ,  облыстық денсаулық  сақтау  басқармасы  басшысының міндетін атқарушы  Дина  Камелова сала қызметкерлерінің қол жеткен жетістіктерін айта келіп, бір топ дәрігерді «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісіне қосқан  үлесі үшін» төсбелгісі мен Ұлттық медициналық Ассоциациясының Қазақстан Республикасы хал-қының  өмірі  мен денсаулығын сақтауға  сіңірген  абыройлы еңбегі  үшін берілетін «Алтын дәрігер»,  «Мейірім» төсбелгілерімен марапаттады. Облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау  департаментінің басшысы Өмірзақ Зинуллин  да өз саласы  бойынша  жоғары жетістікке жеткен мамандарға  «Денсаулық сақтау ісінің  үздігі» белгісін тапсырды.

Денсаулық сақтау саласының ардагері Басаролла Харасов ардагерлер атынан медицина қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтады. Ол медицина қызметкерлері  арасында спорттық ойындар түрлерінен өткізілген спартакиада қорытындысында 1-ші орынды иеленген  Атырау қалалық медициналық жедел жәрдем станциясының құрама командасы  өкіліне жеңімпаз Кубогін  салтанатты жағдайда  табыс етті.

 Шараның соңы  мерекелік концертке ұласты.

***

Осы күні мерекеге орай Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев бір топ медицина қызметкерлерін қабылдады. Ол «Стоматология» ЖШС басшысының орынбасары, белгілі дәрігер Бақыт Суханбердиевке Атырау қаласы мәслихатының шешімімен «Атырау қаласының Құрметті азаматы» атағы берілгенін айтты. Ардагер дәрігерді осы атағымен құттықтап, жұмысына жеміс тіледі. №2, 7 қалалық емханалардың бас дәрігерлері Аманбек Жұмыров пен Ғазиз Есқали және қалалық перзентхананың бас дәрігері Гүлзейнеп Дюсупова Атырау қалалық мәслихатының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Қала әкімі марапатталғандарды, барша дәрігерлерді мерекемен құттықтап, облыс халқының денсаулығын қорғаудағы тынымсыз жұмыстарына зор табыс тіледі.

 

Ғ.ЗИНУЛЛИН.

Суреттерді түсірген:

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз