АЛҒАШҚЫ АЛТЫ АЙДА – АУҚЫМДЫ ЖҰМЫС

Аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында аудан әкімі Тұрарбек Сұлтанбековтің ағымдағы жылдың алғашқы жартысында атқарылған жұмыстардан есебі тыңдалды.

 

Облысымыздың өзге өңірлеріндегі тәрізді өткен алты айда Исатай ауданында да айтарлықтай ауқымды істер жүзеге асырылды. Осылайша, алдымен өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында былтырғы жылдың сәйкесті кезеңіндегімен салыстырғанда айтарлықтай ілгерілеушіліктің барына тоқталған аудан басшысы, есепті мерзімде негізгі қорға құйылған инвестициялар көлемінің 11 млрд. 790 млн. теңгені құрағанын мәлімдеді.

Атап айтқанда, «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында Аққыстау, Жанбай, Зинеден, Исатай, Нарын селоларында осыған дейін басталған жобалар жұмысы жалғасын тапқан. Сондай-ақ, Томан елді мекенін газдандыру, селоішілік су құбырларын тарту, селолық клуб ғимаратын күрделі жөндеу  шаралары қолға алынса, Тұщықұдық пен Х.Ерғалиев ауылдарындағы селоішілік жолдарды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары аяқталу сатысына таяған. Аудан орталығы-Аққыстау селосында үш қатарлы 60 пәтерлік тұрғын үйдің іргетасы қаланған.

Тілге тиек етерлік және бір жайт, «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының әлеуметтік саланы сауықтыруға бағытталған «Игілік» бағдарламасы шеңберінде Аққыстау селосында 400 орындық мәдениет үйін тұрғызу басталса, «КТК-К» компаниясының демеушілік қаражатына 160 тәрбиеленушіге шақталған балабақша бой көтермекші.

Алдағы уақытта Жанбайдағы селоішілік жолдарды жөнге келтіру, жаңадан 200 көрерменге арналған клуб үйін салу, қашықтан қатынап оқитын бастауыш мектеп оқушыларын мектепке тасымалдайтын автобус алып беру, Манаш елді мекені бағытындағы құрғап, көптен бері сусыз қалған каналдардың арналарын ашып, қайта жаңғырту міндеттері тұр. Қазіргі уақытта осыларға қатысты жобалау-сметалық құжаттамаларын дайындау үшін конкурстар жарияланған.

М.Атырауов.

Исатай ауданы.  

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз