Алғабастың арманшыл жастары

Бастама Жаңалықтар

Кеңөзек селолық округінің Тасқала ауылында Эльдар Әбижановтың жетекшілігімен құрылған жастар ұйымы Атырау қаласына қарасты тоғыз округ жастарының басын қосты. Онда Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы мен «EXPO-2017» халықаралық көрмесі аясында ой-пікір алаңы ұйымдастырылды.

Бастама

Жастар ұйымының жетекшісі Эльдар Әбижанов – №8 мектептің түлегі. Қаржы және дене тәрбиесі мамандықтарын игерген ол бүгінде мемлекеттік басқару ісін үйреніп жүр. Ол жастарды букмекерлік орталықта уақыт жоғалтпай, пайдалы кәсіпті меңгеріп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуға шақырады. Осындай бірлестіктер алдағы уақытта тағы төрт округтен ашылады деп күтілуде.

Ұйымға 150-ден астам ауыл жастары тіркелген. Біз өз күшімізбен кинотеатр ашып, одан түскен қаражатты қайырымдылық бағытта жұмсауды жолға қойдық, – дейді ол.

Бастама3

Шараға қатысушылар ұлттық және спорттық ойындардан да сынға түсті. Ең қызығы, байдаркамен жарыс ұмытылмастай әсер сыйлады. Ал, атыраулық өнертапқыш, «Жасанды терек» жобасының авторы Ержан Нұреденов өзінің туындысын таныстырды. Атырау гуманитарлық колледжінің студенті Зүлфия Құттыбайқызы осындай бас-қосулар көптеп өткізілсе, жастар белсенділік танытуға дайын екендігін жеткізді.

Сондай-ақ, «Хиуаз» қоғамдық бірлестігі әжелер ансамблінің жетекшісі Айым Болатова мен Қалампыр Гүлмұратова киіз үйді таныстырып, ондағы маңдайша, табалдырық, босаға, кереге, бау, тізбе, уық пен шаңырақтың мән-маңызын ашып берді.

Атырауға көздің жауын алар әдемі моншақтарымен танылған Салтанат Елеусінова да өз қолынан шыққан туындыларды осында әкелуді жөн санапты. Оның бұл кәсіппен айналысып жүргеніне он жылдан астам уақыт бол-ған. Түрлі ыдыс-аяқ, гүл, жан-жануар мүсіндерін моншақпен өрген шебер тапсырысқа орай жаңа идея туындайтынын айтады.

Бастама5

Облыстық жастар саясаты басқармасының маманы Лаура Меңдіғалиеваның айтуынша, аймақта 151 мың жас бар. Бұл тұрғындардың 26,5 пайызын құрайды.

– Облыста 74 ұйым тіркелсе, соның жартысы ғана белсенді. Олардың қатарында «Жастар таңдауы Атырау», «Жас қоғам» «Жас Отан», Атырау қалалық және аудандық жастар ресурс-тық орталықтарын ерекше атап өтуге болады, – дейді ол.

Сонымен бірге, жуырда Елбасы мақаласына арналып жастар форумы өтеді. Оған көршілес өңірлерден 160-қа жуық адам және шекаралас Волгоград, Астрахан, Самара, Махачкала қалаларынан жастар қатысады деп күтілуде. Ал, алдағы қыркүйекте Атырауда «Қазақстан Республикасы жастарының конгресі» ұйымының 15 жылдығы аталып өтеді. Қазан айында алпысқа жуық шабандоздың қатысуымен республикалық жаппай көкпар өтпекші.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Суреттерді түсірген: Әнуар Әбілғазиев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз