«АҚ ЖОЛДЫҢ» ЖЕТЕКШІСІ – АТЫРАУДА

Жаңалықтар

Осындай мақсатпен кешегі сенбіде Атырауға жұмыс сапарымен ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев келді. Халық қалаулысы әрі саяси ұйым жетекшісі алдымен осындағы іргелі кәсіпорындардың бірі «Атырау-Жарық» АҚ-да болып, ұжым өкілдерімен жүздесті.

Кездесуді акционерлік қоғамның жалпы мәселелер жөніндегі тете-президенті Рашид Байбосынов кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Ол өз кезегінде атыраулық энергетиктердің де ел дамуының болашақтағы бағыт-бағдарын айқындап берген стратегиялық құжатты толығымен қолдап, қуаттайтындықтарын, Жолдаудағы басымдыққа ие бағыттарды басшылыққа алатындығын жеткізді.

Әлеумет жайына – айрықша назар

Республикамыздағы басқа жетекші қоғамдық-саяси бірлестіктер секілді «Ақ жол» ҚДП да дәстүрлі Жолдауда айтылған қағидаттарды берік ұстана отырып, бірінші кезекте елдің әлеуетін көтеруге кепілдік беретін әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешілуіне, экономиканы дамытып, тұрақтандырудың басты тетігі болып есептелінетін шағын және бизнестің өрісін кеңейтуге, бәсекелестік ортаны қалыптасуына, табиғи монополия субъектілерінің қызметін оңтайландырып, халыққа көрсетілетін коммуналдық қызмет түрлерінің тарифтерін реттеп, қолжетімді тұтыну бағаларының қалыптасуына, өзге де салаларда орын алған проблемалардың тиімді шешілуіне атсалысып, үлес қосуды көздейді. Бұл ретте Парламенттегі ақжолдық депутаттар фракциясының мүшелері де ортақ мүддеге орайластырылған ұсыныс-пікірлері мен депутаттық сауалдарын Үкіметтің алдына қойып, олардың аяқсыз қалмауына, заң жобаларының жан-жақты талқыланып, таразыланып барып қабылдануына белсенді атсалысып келеді. Өңірлерге шығып, жұртшылықпен жүздесулер ұйымдастырғандағы түпкі мақсат та сол көпшіліктің көкейінде жүрген жайттарға жіті назар аударып, туындаған сауалдарды, алға тартылған өзекті мәселелерге тиісті орындарға жеткізу болып табылады.

Әңгімесін осы тұрғыдан өрбіткен партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Тұрлыбекұлы кездесуге қатысушыларды ашық пікірлесіп, еркін сұхбаттасуға шақырды, ыңғайына қарай қойған сұрақтарына да жауап беруге әзір екендігін мәлімдеді.

Алғашқы болып орнынан көтерілген кәсіпорынның спорт жұмыстары жөніндегі әдіскері Қайырғали Тілепбергенов, мұнда жыл санап салауатты өмір салтын қалыптастырып, дене тәрбиесімен шұғылдануға, сөйтіп Елбасының өзі ұсынған «Саламатты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасының орындалуына үлесін қосуға ниетті азаматтардың қатары өсіп келе жатқандығына тоқталды. Осындағы шағындау спортзалдың өзінде спорттың бірнеше түрінен секциялық жаттығулар мен түрлі деңгейдегі жарыстар өткізіліп тұрады. Өзге мекемелерден келіп, спортпен айналысқысы келетіндер де аз емес. Өкінішке орай, қазіргі бар орынның өзі бұған тарлық етуде. Алдағы уақытта заманауи талаптарға сай келетін денешынықтыру-сауықтыру кешенін салудың мүмкіндігі қарастырылса теріс болмас еді.

Ұжымдастарының осы айтқандарын басқалары да қостады. Әлі де болса әлеуметтік мәселелерге, әсіресе, бала жастан мүгедек жандарға мемлекет тарапынан жүйелі көмек пен қолдау көрсетілуіне, жұмысшы-мамандардың мемлекеттік тілді, сондай-ақ шет тілін меңгеруіне қажетті жағдайлар жасалса деген, т.б. орынды ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.

Кәсіпкерлікке – кең өріс

Бұдан әрі кездесу «Ақ жол» ҚДП Атырау облыстық филиалында жалғасты. Оған облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшелері мен белсенділері, кәсіпкерлер  қатысты. Кезекті басқосуды филиал төрағасы Ермекқали Юсупов ашты. Әуелі Парламент палаталарында қабылданған заң жобалары мен атқарылған жұмыстардың барысын, партияның сайлауалды бағдарламалық тұғырнамасын қысқаша таныстырған саяси ұйымның жетекшісі Азат Перуашев бұған дейін де айтылып жүргеніндей, ел экономикасының кәсіпкерлікке арқа сүйейтінін, соның негізінде ілгерілейтіндігін тілге тиек етті.

– 2050 жылға қарай шағын және орта бизнес құрылымдары Қазақстандағы ішкі жалпы өнімнің 50 пайызына (қазіргі 20 пайыздың орнына) дейінгі көлемін өндіріп, қызметін көрсететін болады. Осылайша, еңбек өнімділігін де бүгінгі 24,5-тен 126 мың долларға дейін немесе бес есеге ұлғайтуымыз керек, – деген Елбасының халыққа Жолдауындағы айтылған сөзі осы отырған баршамызға зор міндет жүктейтіні даусыз.

Әңгімесіне осыны арқау қылған Азат Тұрлыбекұлының тұжырымдауынша, қалай деген де кәсіпкерліктің өрісін кеңейтіп, өнімін молайтсақ, Мемлекет басшысы белгілеген межеге де жетеріміз кәміл. Сол үшін де атқарушы және өкілді билік алдына, қала берді халық қалаулылары мен саяси партиялардың алдына жүктеліп отырған міндет те, жүзеге асырылуы тиіс жұмыс та ауқымды. Ең бастысы, бұнда ешқандай артықшылыққа, заңсыздық әрекеттерге, негізсіз тосқауылдарға жол берілмеуі керек. Сонымен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің төмендемеуі, отандық және шетелдік бірлескен компаниялар мен кәсіпорындардың тарапынан еңбек тәртібі, қауіпсіздік техникасы мен экологиялық ереже-талаптардың сақталуы, оларды қызмет істейтін отандастарымызға нұқсан келтірілмеуі, «қазақстандық мазмұнның», яғни отандық өнімдер өндірісі мен сервистік қамтудың үлес салмағының басым болуы ұдайы назардан ұсталынғаны абзал.

Еркін диалогқа құрылған кездесу сәтінде оған қатысушылар да бұл жайлардың өзектілігі мен маңыздылығына мән беріп, айтарын да солайша сабақтады.

Соңында айтылған әңгіме мен ұсыныс-пікірлердің, қойылған сауалдардың, көтерілген мәселелердің қай-қайсысының да аяқсыз, жауапсыз қалмайтындығы қаперленді. Бұдан кейін Азат Перуашев облыстық тарихи-өлкетану мұражайында болып, мәдениет мекемелерінің өкілдерімен кездесті.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған