АЙМАҚТЫҢ АТЛАС КАРТАСЫ

облыс аумағын жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді

Сейсенбіде Атырау облысы әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаевтың төрағалығымен өткен алқалы жиын осы мәселеге арналды. Нақтылап айтқанда, «Табиғи-шаруашылық жүйелерінің қазіргі экологиялық жағдайын бағалау және геоақпараттық жүйе технологиялары негізінде Атырау облысының кешенді тақырыптық картасын жасақтау» тақырыбындағы келелі кеңесті кіріспе сөзбен ашқан Ғұмар Ислямұлы бұл жұмысты ұйымдастыру жөніндегі мәселенің былтырғы желтоқсан айында қозғалғандығын қаперледі.

Алдын ала жобаланып, жоспарланғанындай Атырау облысының аймақтық атласын дайындау шаралары тереңдетілген ғылыми зерттеулерге негізделіп жүргізіледі. Ол болашақта өңірдің табиғаты мен табиғи ресурстарын қорғау мен игеруге, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық ахуалын зерделеп, оңалту шараларын алуға мүмкіндік береді.

Осынау жауапты да күрделі жұмыс, маңызды міндетті орындау «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінің еншілес кәсіпорны болып табылатын «География институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (Алматы қаласы) жүктелген. Қазіргі уақытта осы бағытта белгіленген жұмыстардың алғашқы кезеңі, яғни жобалық нұсқасы дайындалып та қойылған. Бұл жайдан жиналғандарды аталған институттың аға ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының докторы Нұрлан Ысқақов хабардар етті. Содан соң жобамен толығырақ таныстырып, тұсаукесер рәсімін жасау үшін cөз кезегін өзінің әріптесі, география ғылымдарының докторы, институттың бас ғылыми қызметкері Фарида Ақияноваға жолдады.

Ғалымның баяндауынша, дәл осындай Атлас карталар бұған дейін көршілес Маңғыстау, Қызылорда, Алматы, Қостанай облыстарында әзірленген. Дайындық жұмыстары  екі кезеңнен тұрады, ол 2013-2014 жылдарды қамтиды. Мұнда алдымен аймақтың немесе өңірдің табиғи-ресурстық әлеуетін, әлеуметтік-экономикалық дамуын, қоршаған ортаның экологиялық жағдайын анықтайтын мәліметтер мен деректер базасы құрылып, баспасөз беттерінде жарияланған ақпараттар жинақталады. Келесі кезекте тақырыптық және территориялық ерекшеліктері ескеріліп, мәліметтер базасы құрылады. Осылардың бәрі жинақтастырылып, бірыңғай мәліметтер базасына енгізіледі. Мұнда облыстың географиялық орналасуы, физикалық-географиялық картасы, аймақ рельефінің сандық моделі, өңірдің ғарыштан түсірілген көрінісі қамтылады. Атлас картаның алғашқы «Табиғи жағдайлар және ресурстар» деп аталатын тарауында (жекелей алғанда сегіз картадан тұрады) аймақтың тектоникасы, геоқұрылысы, минералдық қорлары қарастырылған. Бұған қоса осы тарауға кіретін әрбір бөлім бойынша 17 карта жасақталған.

Сонымен бірге Атласта Каспий теңізіне қатысты карталар тізбегі орын алады. Онда да теңіздің климаттық жағдайлары мен гидрологиялық көрсеткіштері есепке алынған. Сол сияқты, теңіз суы деңгейінің көтерілуімен байланысты Каспий маңы мемлекеттеріне келтірілген немесе келтірілуі мүмкін залал көлемі де ескерілген. Бұдан бөлек, аймақтың рельефтік ерекшеліктеріне арналған тараудың өзі 17 картадан тұратындығын білдік. Мұнда негізінен климат, агроклимат, өсімдіктер мен орман қоры, жануарлар әлемі мен олардың өнеркәсіптік түрлері кірістірілген.

Атластың «Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы» тарауынан тұрғын халықтың саны, әлеуметтік қамту, индустрия, ауыл шаруашылығы, транспорт, экономика, тарих, археология, сонымен қатар қоршаған орта мен экология салалары бойынша ақпараттармен танысуға болады. Және бір атап айтар жайт, осылардың негізінде интерактивті карта әзірленеді. Бұлардың да әрқайсысы бірнеше картадан тұратындығы мәлімделді. Тұтастай алғанда, әзірге жоба үлгісінде ұсынылып отырған Атырау облысының Атлас картасы жалпы саны 230-ға тарта жеке картадан құрастырылады. Жергілікті жердің жағдайлары мен ерекшеліктері ескеріліп, алдағы уақытта оған өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Мәселенің мән-жайын осылайша түсіндіріп, кеңінен мағлұмат берген география институтының ғалымдары күн тәртібіне енгізілген екінші мәселе «Қазақстан – 2050» стратегиясы шеңберінде «Атырау облысының өңірлік дамуы» тақырыбында дайындалған жобаларымен де таныстырды. Басқосудың соңы өзара пікір алмасуға ұласты. Әсіресе, осы салада ұзақ жылдар бойына жемісті еңбек етіп келе жатқан академик Мұфтах Диаров пен география институтының аға ғылыми қызметкері Роза Темірбаеваның айтқан пікірлері көңілге қонымды болды. Қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар қайтарылды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев қаралған мәселенің маңыздылығы мен өміршеңдігін, қажеттілігін ескертіп, басталған жұмыстың ойдағыдай аяқталып, ортақ игілікке айналуына барлығымыздың да мүдделілік танытуға тиісті екенімізді алға тартты.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз