АДАМ ҰРЛАҒАНДАР ҰСТАЛДЫ

Атырауда әуежайда адам ұрлағандар ұсталды. Оқиға шілденің 22-сі күні сағат күндізгі бір шамасында болған.

 

Атырау қалалық ішкі істер бөлімінің Жедел басқару орталығының 102 пультіне дабыл қаққан қоңырау түседі. Онда қала тұрғыны 27 жастағы танысын белгісіз адамдардың тапанша тәріздес затпен қорқытып, күш қолдану арқылы көлікке отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткендігі туралы шағымданады. Бірлескен жедел іздестіру нәтижесінде күдіктілер ізі суымай ұсталған.

Облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз-қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарованың хабарлауынша, Атырау қаласының 1984 және 1991 жылы туылған екі тұрғыны уақытша оқшаулау орнына қамауға  алынған. Олардың үстінен  «ҚР-ның Қылмыстық Кодексінің» үш бірдей бабы, яғни қарақшылық, адам  ұрлау және көлікті заңсыз айдап кету баптары бойынша қылмыстық іс көтерілді. Тергеу-тексеру амалдарымен ІІД  Тергеу басқармасы айналысуда» делінген баспасөз-хабарламасында.

Айта кеткен жөн, зәбір көрген азамат Астана қаласының тұрғыны екен. Мұнай компанияларының бірінде жұмыс істейтін азамат Атырауға қызмет бабымен қысқа мерзімді іссапарға келсе керек. Жедел іздестіру шараларынан кейін, зәбір көрген азамат тұтқыннан босатылды.

Баян  АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз