АДАЛДЫҚҚА АНТ БЕРДІ

Жуырда қаламыздағы №5546 әскери бөліміне жаңадан 125 жас сарбаз қабылданып, көк байрақ астында Отан алдындағы азаматтық парыздарын адал атқаруға ант етті.

Салтанатты шара Жеңіс саябағында  өткізілді.  Алдымен  аталған әскери бөлім командирі міндетін атқарушы Тілеген Хамитов  сарбаздарға сәт-сапар тіледі. Аталған әскери бөлімнің қызметкері, майор Гүлнар Бердалиеваның айтуынша, сарбаздар еліміздің түкпір-түкпірінен, атап айтқанда, Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстарынан келіп отыр.  

Осыдан кейін сөз алған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әліпқали Бекеш жас сарбаздарға батасын берді. Ата-аналар атынан Ораз Қалниязов жылы лебізін білдірді.

Тараз қаласының тумасы, жиырма жастағы жас жігіт Ернар Ильяж мұнай-газ өндіру саласы бойынша жоғары білім алған. «Отан алдындағы қасиетті борышымды өтеу үшін өз бетімше әскерге сұрандым» дейді ол. Ал, 19 жастағы қарағандылық Илия Репкин отбасында жалғыз ұл бола тұра, әскери қызметке өз қалауымен келгенін айтады.

Амандық АБДОЛ.

Сурет автордікі.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз