Ақ Жайықтың қос аруына үйленген ақтаулық егіздер келіншектерін айыра алмай қалған

Жаңалықтар

Жарасымды жанұялар бүгінде бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешіп жатыр. Төребек пен Асыл қыз тәрбиелесе, Жолдасбек пен Айым әулеттің ізін жалғар ұл өсіріп жүр. Маңғыстауға келін болып түскен егіз қыздар екінші перзенттерін күтіп үйде отыр. Ал, Мұнайлы аудандық ауыл шаруашылығы инспекциясының маманы Төлепберген Ұзақбаевтың ұлдары әке жолын жалғап, қызметке жарап тұр.

pogudx7olibvcelhl.5cb7d74d

Арасы он минуттық егіз ұлдарды да бірден ажырата қою қиын. Ата-анасы олардың отырысына қарап анықтайды. Дастарханға алдымен үлкені, сосын кішісі жайғасады. Жалпы, тәрбиелі отбасыда үш қыз бен ұл дүниеге келген. Ал, ел назарын аударған кенжелердің егіздермен отау құруына нағашы әжелерінің өсиеті себепкер болған екен.

 «Біздің балалар үшке келгенде ауырды. Хал үстінде жатыр дегесін барып қасында отыр едік: «Әй, Лиза! Төребек пен Жолдасбек екеуі бір адам, сен болашақта соларға бір үйдің баласын алғаның жақсы-ау» деп қолын батыс жаққа қарай сермеді», – дейді егіз ұлдардың анасы Лиза Сарбалаева.

Егіздер таңертең жұмысқа бірге шығады. Төребек інісін жолдан тастап, қалаға көршілес ауылдағы қызметіне жетеді. Қайтарда үйге ала келеді. Қалған уақытта жұптары жазылмайды. Бақытты әке кенжелерінің өңірлік мал шаруашылығының дамытуға ден қоюымен шаттанады.

«Біреуі зертханада жұмыс жасайды, біреуі елді мекенде мал дәрігерлік болып жұмыс істейді. Жалпы, Қазақстан бойынша мал дәрігерлік жүйеге көп адам бармайды. Себебі, айлығын аз көреді, жұмысын қиынсынады», – дейді егіз ұлдардың әкесі Төлепберген Ұзақбаев.

Қазақылық сақталған өңірде босаға аттаған егіз қыздар үйде ұлттық киіммен жүреді. Үлкені дастархан жайып, ас даярласа, кішісі шайды шебер құяды. Тойдан соң, бір келін үйге есіктен, екіншісі басқыш қойылған терезеден кіргені жұртқа аңыз. Ал, егіздер беташардан соң келіншектерін айыра алмай қалғанын күліп еске алады.

«Танысқаннан кейін күнде көріп жүрген адамды айырасың ғой. Ең қызық кезі, үйленетін кезде беттеріне бояу жаққан кезде айыра алмай қалдық. Танымай қалдық, шынымызды айтсақ», – деп ағынан жарылды егіздің үлкені Төребек Төлепбергенұлы.

Егіздер ата-анасын бағып, үш бөлмелі пәтерде тұрып жатыр. Бір-біріне ұқсас бөлмелер өмірге екінші сәби келсе, тарлау болары рас. Сондықтан да, олар келешекте қоныс аударуды жоспарлап жүр.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз