АҚШ елшісі Атырауда: Біздің компанияларымыз үшін аймақтағы билікпен серіктес болу маңызды

IMG 20190425 WA0017 Жаңалықтар

Аtr.kz/25 сәуір, 2019 жыл. Америка Сенаты осы лауазымға тағайындалған  АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уильям Х.Мозер Атырауға келді.

Мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарды аралаған елші Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

IMG 20190425 WA0018

Екі ел арасындағы әріптестік байналыс қарқынды дамып келеді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бастап біздің компаниялар инвестициялық жобаларға белсенді қатысуда. Бұл біздің елімізге, Елбасы саясатына деген сенімді білдіреді. Екі арадағы өзара байланыстың кеңеюі осыған дәлел,-деді Нұрлан Ноғаев. – Елбасының, мемлекет басшысының инвестицияға қолайлы орта қалыптастыру жөніндегі саясаты ел экономикасын дамыту үшін тығыз  халықаралық байланыс орнатуға мүмкіндік беріп отыр.

Облыс әкімі АҚШ-тың Қазақстандағы  Төтенше және өкілетті елшісіне өңірдің жетістіктері туралы айтты.

Қазақстанда  өндірілетін мұнайдың жартысы Атырау облысының еншісінде және көп бөлігі «Теңізшевройл» компаниясының үлесінде. Елбасының мұнай-газ саласын дамыту, соның ішінде көмірсутек шикізатын тереңдетіп өңдеу туралы тапсырмасын орындай отырып, аймақта жоғары қосылған құн салығы бар мұнай-химия өнімдерін шығару бойынша алғышарт жасалған,-деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Аймақ басшысы шетелдік қатысуы бар мұнай компанияларының облыс аумағында әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қосып жүрген үлестерін атап өтті. Бұл үрдіс жаңа жұмыс орындарын құруға, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етіп отыр.

АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уильям Х.Мозер өз кезегінде бұл Атырауға алғашқы сапары емес екенін айтты.

IMG 20190425 WA0019

-1998 жылы Атырауға, «Теңізшевройл» компаниясына келдім. Ол кезде энергетика бойынша атташе едім. Содан бері Атырауда көп өзгерістер болыпты, инфрақұрылым, халықтың жағдайы біраз жақсарған. Оң өзгерістерде мұнай компаниялары инвестицияларының үлесі бар екені анық. Мен ел аумағында жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялар атынан Қазақстан басшылығына алғыс айтқым келеді. Компаниялар үшін аймақтағы биліктермен өзара байланыста болудың маңызы зор, – деп атап өтті Уильям Х.Мозер.

«Аtr – Ақпарат»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз