АҢСАП КҮТКЕН АЗАТТЫҚ

Оны мәңгілікке баянды ету – Елбасының сарабдал саясатының сара бағыты 

Тәуелсіздігіміздің көк байрағы көгімізде желбірегелі бас-аяғы 24 жылдың ішінде Қазақстанды әлемнің барлық елі таныды. Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, көптеген беделді халықаралық ұйымдарға мүше болдық. Қазақ елі барлық мемлекеттермен достық байланысын нығайтты, экономикамызда өркендеу, мәдениетіміз бен тұрмысымызда жаңару  қадамдары жүзеге асты. Бұл – сөз жоқ, егемендік алғаннан бергі кезеңде Қазақ елін эволюциялық жолмен, бейбіт дамуға бастаған Тұңғыш Президент – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты мен көреген басшылығының нәтижесі.

 

Ғасырлар бойы аңсап күткен азаттықтың асқақ рухын, оның соншалықты тар жол, тайғақ кешулермен келгенін сезіну үшін де сол тарих тағылымдарын терең зерделей білуіміз аса қажет. «Мың өліп, мың тірілген» (Жұбан ақын) қазақтың бағы жиырмасыншы ғасырдың соңғы онжылдығында ғана жанып, Тәуелсіздік тұғырына Ту байлап, Елтаңба қадады. Енді бәрін де жаңаша, бәрін де тыңнан бастау міндеті күн тәртібіне қойылды. Өйткені, кеңестік қиранды құрылымнан мұра болып, тек қана кетеуі кеткен экономика, кенеуі кеткен тұрмыстық проблемалар ғана қалған жоқ. Сағы сынған сана, жүнжіген рух қалды. Соны көтеру бәрінен де қымбат еді. 

Бірде «көшпенді», бірде «көшпелі» деп тәжікеге түскен тарихи терминнің өзіне де енді тереңдеп үңілуге тура келді: Сөйтсек, біз қазақтың кең даласында, өзімізде ғана көшіп-қонып жүріппіз. Өз жерімізде, өз елімізде! Ендеше, «біз – көшпенді халықтың ұрпағымыз» деген таптаурын тіркесті жаңа ғасырдың жаңаша көзқарасы тұрғысынан таразыласақ, біз – әбден отырықшы елміз!

Жер көлемі жағынан дүние жүзі бойынша тоғыздыққа табан тіреген  Қазақстан «көшпелі» деген көшіп жүрген ұғымды отырықшылықпен түйіндеп, «Тәуелсіз Қазақ елі» деген мәртебелі атақты бұдан аттай жиырма төрт жыл бұрын күллі адамзаттың санасына құйды. Дүниенің төрткүл бұрышын жайлаған жұрт енді Қазақстанға қарай өкшесін жиі  көтеретін болды. Біздің елмен ынтымақтасуға ұмтылып, барыс-келіс көбейді.

«Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы – тарихтың толқынында өзінің ұлттық «мен» дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр. Бірақ, бұл мүмкіндік қана, ол шындық, тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет» деп өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында жазғанындай, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халықтың өзін-өзі тануы  арқылы өзін өзгеге танытуы мәселесін мемлекеттік тұрғыда батыл көтерді. Ол әлдекімдер алыс-жақыннан сұқ қадап, егемен елдің ертеңіне күдікпен қараған сол тұста «біздің де тарихымыз – тереңде, өткеніміз – өнегелі, өркеніміз – өміршең» деген өршіл қағиданы ұстанып, тарихтың тағылымды сабағын қайыра оқып, қанаттана сілкінуге шақырды. Тәуелсіздіктің таңсәрісінде-ақ жас мемлекеттің болашақ рухани тұғырын ойлап, «Ұлттық татулық жылынан» кейін «Халық бірлігі және ұлттық тарих жылын» жариялады. Мұның бәрі шын мәнінде кең ойлап, кемел зерделенген қадам болды. Бұл игі жемісін берді, бергенін дүйім ел көрді.

Әрине, өткен жиырма төрт жыл мемлекеттің нарықты экономика жолына жедел де, қарышты қалыптасуының ерекше үлгісі болғанына күмән жоқ. Елбасымыз жүргізіп келе жатқан сындарлы саясаттың арқасында еліміздің еңселі ендіктері мен берекелі бойлықтарында қызу еңбек қайнады. Соның өн бойында мемлекет халықтың рухани әлемінің кенжелеп қалмауына зор көңіл бөлді. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев мұны өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауларында да, ұзақ мерзімдік бағдарламаларында да ұдайы басты назарда ұстап келеді.             

Міне, 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауы – жалпыұлттық, бүкілхалықтық, мемлекеттік бағдарлама. Бұл тарихи құжатта Қазақстан халқының күллі тағдыры, Отанымыздың мерейі мен мәртебесі жолындағы парасатты пайымдар, алғы күнге ұлы мақсаттар қойған азаматтық өре, ең бастысы, көшбасшылық кемел болжам бар. Соның ішінде өзіміз сөз етіп отырған еліміздің руханият әлемінің бүгіні мен ертеңі де тұжырымды зерделенген. Бұл іс жүзінде айқын көрініс те тауып жатыр: Тәуелсіздіктің жемісті жиырма төрт жылы ішінде Қазақстанда бірнеше ондаған театр мен кино-концерт залдары, мәдениет ошақтары мен клубтар, кітапханалар мен оқу залдары, ғылыми-зерттеу институттарының ғимараттары, шығармашылық одақтардың үйлері мен өнер жайлары, демалыс орындары мен шипажайлар, жастар мен балалардың дарыны мен талантын ұштайтын орталықтар, стадиондар мен спорт алаңдары салынды. Әсем Астанамызда салынып, пайдалануға берілген «Тәуелсіздік Сарайы», «Бейбітшілік және рухани келісім Сарайы», «Қазақстан» атты кино-концерт залы, Жастар сарайы, Спорт аренасы, Опера театры және басқа да адамның рухани әлеуетін арттыратын нысандар қанатын кеңге жайып келеді.

Мемлекет басшысы биыл жариялаған 5 институционалдық реформа, яғни одан туындайтын «100 нақты қадам» Ұлт жоспары да туған Отанымыз – Қазақстан Республикасын әлемдегі аса дамыған өркениетті елдер қатарына жақындата түсері хақ. «Әуелі экономика, сосын саясат» деген ұстаным туған халқының тұрмыстық деңгейін жаңа, заманауи сатыға көтергенін мемлекет Басшысы енді ризашылық сезіммен айтады. Оны айтасыз, тіпті тәуелсіздіктің алғашқы ауыр да күрделі жылдарында, экономикалық дағдарыс дендеп, қазанның түбі көрініп, жоқтық пен қатшылық қабырғадан қысып тұрған кездің өзінде Президентіміз тәуекел қадамға барып, еліміздің мәдени-рухани күйзелісіне барынша тосқауыл қойды. Халықтар достығын орнықтырып, ұлтаралық татулықты қалыптастырып, өзара сыйластық пен ынтымақты ту етіп көтеріп, осының арқасында жұртымыздың мәдени-рухани ахуалын сауықтырудың батыл бастамасын жасады. Бұл, әрине, қазір айтуға ғана оңай. Әйтпесе, сананы тұрмыс билеп, жоқтық қос өкпеден қысқанда, мәдениеттің мәселесін ойлап, маңызды қадам жасау ерлік емей немене?!

Ұлттың рухани әлемі. Бұл – аса маңызды мәселе. Рухани азаттық дегеніміз – қоғам дамуының ең басты өлшемі, ең басты қайнар көзі. Рухың азат болмай, өзің толық азат бола алмайсың. Рухың жаңармай, жаңа заманға ілесе алмайсың. Рухың қайсар болмай, ұлттың ұлы дәстүрлерін жалғастыра алмайсың. Ұлттың рухани әлемін қалыптастыру саясаты – ел тәуелсіздігін тұғырлы да, мәңгілік етудің бірден-бір кепілі.

Арқалы ақын Қасым Аманжоловтың:

О, дариға, алтын бесік туған жер,

Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр.

Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,

Ақын болмай, тасың болсам мен егер, – деген өлең жолдарын оқығанда Тәуелсіздіктің бағасын біле түсесің. Отаншыл отты сезім алпыс екі тамырыңды иітіп, көгілдір көкпен астасып, алып таулармен бастасып жатқан Ұлы далаңа қарап, өзіңді шексіз бақытты сезінесің. Бұл бақыттың алтын тамыры Азаттықта жатыр. Аңсап күткен Азаттық. Рухани әлемі бай, жан-дүниесі таза адам ғана оны шынайы сезіне алады, оны баянды етуге жанын салады. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың да ұдайы темірқазық етіп ұстап, барша халқына үнемі қайталай айтып келе жатқаны да – осы!

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз