АҒАДЫ АҚ ЖАЙЫҚ…

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің назарына!

«Ақ Жайық kz» журналы мен «Қазақстан» телеарнасының бірлескен жобасы

«Ағады Ақ Жайық...» жобасы - Жайық өзенінің Ресейдің Челябі облысындағы Верхнеуральск ауданы аумағындағы Оңтүстік Орал тау сілемінен ағып шығатын жерінен бастап өзенді қуалай отырып, Каспийге құярлығына дейін жүріп өтетін автоэкспедиция. Экспедиция маршрутының жалпы ұзындығы әлемде Аризона және Волга өзендерінен кейін үшінші орынды иеленетін Жайық өзенінің ұзындығына сәйкес 2428 шақырымды құрайды. Оның жартысынан шамалы ғана аз бөлігі (1082 км) Қазақстан жерімен өтеді.

Бастау көзінен орта ағысына дейін меридиан бойынша жоғарыдан төмен ақ көбік боп көпіршіп ағатын өзеннің ел аузындағы аты – «Ақ Жайық». Қазақстан жеріндегі орта және төменгі ағысында суы көкшіл, бірақ қазақ үшін «Ақ Жайық» (Ноғайлы дәуірі жырларында ғана «Көк Жайық» делінеді). Осының өзі Жайықтың басталар жерімен (бүгінгі Челябі, Орынбор өлкесімен) қазақ ежелден тығыз байланыста болғандығын көрсетеді. Тарихи мәліметтер де осыны айтады. Птолемей картасына өзен «Даикс» («Жайық») деген атпен түскені белгілі (біздің заманымыздың ІІ ғасырында!). «Жайықтың» «жайылып аққан су» ұғымын білдіретін түркі сөзі екендігіне бүгінде ешкімнің дауы жоқ және қазіргі Челябі, Магнитогор, Орынбор атырабы кезіндегі түркі жері екендігіне бұл бір мықты дәлел. «Орал» оронимі, соған сәйкес гидронимі де түркіше, яғни «алқызыл топырақ» ұғымын береді. Осы орайда Жайықтың өре басына таяу, Челябі облысының оңтүстік-батысындағы Кваркен ауданы аумағындағы қола дәуіріне жататын Алан қалашығының қирандысын, ең бастысы, атақты Арқайым мекенінің орнын көрсету жоғарыдағы ойымызды бекіте түсер еді. Неге десеңіз, сәулеттік күрделілігі бойынша Крит архитектурасымен тең түсетін, мерзімі жағынан кемі төрт мың жыл бұрын салынған Арқайым-Сынтас мәдениетінің бұл жәдігерліктері, ғалымдардың ортақ тұжырымдауынша, арийлер мен бағзы түркілердің тіршілік ортасының ара-жігі болған.
Сондай-ақ, өңірдің түркілік сипатын палеогеографиялық тарихқа арналған бөлек сюжетпен шегендеп өтуге болады: соңғы жылдардағы палеоботаникалық зерттеулер Челябі, Орынбор атырабының өсімдік әлемі Қазақтың ұсақ шоқылы таулары мен Арал-Тобыл су торабымен ыңғайлас екендігін, өте ертеде бірнеше рет қайталап соққан мұз басулар Оралды биоалуандық жағынан Сібір мен Орыс жазығынан бөліп тастағанын, жер бедері, топырақ құнары, өсімдік дүниесінің осы әртүрлілігінен Оңтүстік Орал аумағында түркілерге тән жартылай отырықшы, жартылай көшпелі шаруашылық үдерісі өрістегенін көрсетіп отыр. Тарихи география тұрғысынан қарасақ, Еуропаны Азияға жалғаған Орал-Еділ аймағы тау ішінен Жайықпен жарыса ағып шығатын Ағеділ (Белая) өзенімен байланысты. Жайық Магнитогор арқылы оңтүстікке тіке салғанда, Ағеділ кіл батысқа бұрылып, Белорецк арқылы Уфаға асып, сол жерден оралып барып Қамаға құяды, Қама одан әрі Волгаға құяды, осы үшеуінің суымен молығып, жойқын өзенге айналған Волга Ағеділдің ізімен осы жерде Көк Еділ деп аталып, тағы да Жайықпен жарысып барып Каспийге бірге жетеді. Ендеше, бұл қос өзен арасы – Еуразияның кіндігі, қазығы десе лайық. Осы тұрғыдан келгенде аталған аймақты қоныстанған башқұрт, қазақ халқы, соның ішінде қазір де осында ауыл-ауыл болып отырған қазақтың қыпшақ, жағалбайлы, шекті, жаппас, табын сияқты ру тақтасына кіретін өкілдері құрлықтың кіндігін қоныс еткен жартылай көшпелі еуразиялық байырғы жұрт. XVI-XVIII ғасырларда қазақтың біраз руы Ресеймен арадағы қоныс шегі бойынша Жайықтың сағасынан бастап өзенді өрлей отырып Орынборға, одан Жаманқалаға, одан Талқалаға, одан Ор өзенінің сағасына дейін құлап, өзенді жағалап отырып Тобылға жеткен, одан әрі Есілді кесіп, Ертісті өрлеп Жетісуға дейін барған. Осы бағдарға орай экспедиция маршруты бұрынғы Орынбор шекара желісінің бойымен мына түрде түзіледі:
1. Талқала (Верхнеуральск) мен Орынбор аралығы: бұрынғы Верхнеяицкая линия, ұзындығы 561 км, жолда бұрын 9 қамал, 16 редут тұрған. Қамалдар аты: Талқала, Магнитный, Қызыл, Таналық ордасы, Орск (Жаманқала) Көпірлі Илийск, Озерный, Красногор.
2. Орынбор мен Каспий аралығы: бұрынғы Нижнеяицкая линия, ұзындығы – 744 км, бұрын 4 қамал, 19 форпост салынған. Қамалдары: Рамспшит, Нижнеозерный, Татищев, Черноречинск.
Осы бағдардағы қазақтардың көші-қон жолдарын, қоныстану жігін тарқатып көрсететін сюжетте жағалбайлыларға айрықша орын берілуі тиіс. Жазда Верхнеозер бекінісі мен Верхнеуральск қаласының арасын, далалық өңірде Ырғыз, Ор өзендерінің бойын және Електің Жайыққа құярлығын жайлаған, ал қыста Құмақ, Ор, Сүйіндік, Қарт және Ырғыз өзендерін, сондай-ақ Верхнеуральск маңын қыстаған жағалбайлылардың арасында қазақ ауыз әдебиетінің XVI-XVIII ғасырлармен белгіленетін маржаны – «Қыз Жібек» лиро-эпосының уақиғалары орын алған. Дәлірек айтқанда, Верхнеуральск, Магнитогор маңын жайлаған Базарбайдай мыңғырған байдың солқылдаған мырзасы Төлеген қалыңдық іздеп Жайықтың орта ағысында отырған Шекті еліне осы жерден аттанған. Экспедиция барысында эпос ізімен жырда айтылатын «Қара теңізге» (Каспийге) дейінгі осынау «алты айшылық сапарды» реконструкциялау (қалпына келтіру) ісі, жалпы әдеби материал бұл жобаны қызықты ете түседі. Осы ретте жол бойындағы қазақтар қоныстанған елді мекендерді тарихи топонимика тұрғысынан қарастыру тарихи лингвистикада бірінші рет жүзеге асырылмақ (қазіргі Наследницкая, Новорская, Атаманск, Маринский тәрізді поселке-станицалар бір кезде шеп ішінде қалып кеткен Сасықоба, Көпірлі, Құмақ, Маржан дейтін ескі қазақ қоныстары). «Қыз Жібекте» құдалық, қалыңмал тәрізді салт-дәстүрлердің болмауы, есесіне әмеңгерліктің болуы және т.б. этнографиялық ерекшеліктер зерттеледі.
Жалпы жобаны біртұтас шығару мақсатында зерттеуді бірыңғайда – мәдени ландшафт тұрғысынан жүргізу маңызды. Бүгінде аймақтанудың бұл кенже бағытының әлемдік тәжірибесі бойынша белгілі бір өңірдегі материалдық мұра (көне өндіріс ошақтары, кесене-мазарлар, петрографика, өзен-көл, үңгір, көне мекен-тұрақтар, қыстау, көң, құдық, көші-қон жолдары) мен материалдық емес мұра (этномәдени орта, қоныстану дәстүрлері, көне өндірістік технологиялар, қолөнер, ұлттық-спорт ойын түрлері, этнография, тарихи топонимика, жыршылық-жыраулық өнер, фольклор, т.б.) тұтас тарихи-мәдени кеңістік ретінде қарастырылып жүр. Басқаша айтқанда, әлгі өңір табиғат жаратқан, оған адамзаттың қолы тиіп толықтырған және тікелей адам қолымен жасалған үш текті мұрадан тұратын бір кітаптың ашық жатқан беттері сияқты қабылданып, «оқылуы» тиіс. Бұл алдымен Жайық өңірінің аумақты өзен жүйесі екенін ескеру жөн: аймақта барлығы 800-ден аса ұсақ-ұлан өзен-көл байланысып жатыр. Ірі салалары – Жайыққа меридиональдық бағытта келіп құятын Елек (оның саласы Үлкен және Кіші Қобда), Ор, Сүйіндік, Сақмар, Иіртек, Шаған, Шыңғырлау (Утва). Осынау өзендер шиырлаған өлкенің тіршілік ортасын шартты түрде бірнеше тарихи-мәдени аумаққа бөліп қарастырсақ, мұның өзі типологиялық жағынан ұтымды, телетүсірілім тұрғысынан тиімді болар еді.
Жайық өңіріндегі мұндай тарихи-мәдени ортаны жеті аумаққа жіктеуге болады:-тарихи кент қоныстар;-этно-экологиялық аудандар;-усадьбалық кешендер;-тарихи-өндірістік аумақтар;-археологиялық территориялар.
Құнды тарихи құрылыс ретінде сақталған, тұтас тарихи-архитектуралық кейіпке ие қалалық ансамбльдер ретінде Верхнеуральскідегі, Магнитогордағы, Орынбордағы, Орскідегі, Бұзылықтағы, Бугурусландағы, Оралдағы және Атыраудағы ғимараттар кешенін атауға болады. Соның ішінде Орынбордағы Керуен-сарайға, «Хусайния» медресесіне, Сеид-посадқа, Қарғалы мешіт-медреселер кешеніне және Орынбор Қазақстан астанасы болған кездегі мекемелер ғимараттарына айрықша назар аударылуы тиіс.
Тарихи кент қоныстардың көпшілігінің тарихы XVIII ғасырда Орынбор шекара желісінің орнауымен және ХІХ ғасырда оның қазақ даласына ішкерілей көшірілуімен байланысты. Солардың бірқатары: Жайық, Сақмар, Самар өзендерінің бойында әлі де сақтаулы тұр және осында атақты Пугачёв көтерілісінің уақиғалары өткен. Бұл жерлерде өзінің «Пугачёв тарихы», «Капитан қызы» шығармаларына материал іздеп жүріп Пушкин болған. Аймақтағы ескі станицалар мен бекіністердің бірқатары (Берді, Татищево, т.б.) бағзы түркілік атын сақтап қалған, онда тұрған және тұрып жатқан халықтардың арасында казак сословиесіне жазылған башқұрт «ноғайбақтар» тәрізді тарихы ерекше этнографиялық, этномәдени топтар да аз емес. Әлгіндегі топтар – неміс-меннониттер, старообрядшылар, баптистер, мормондар шоғырымен өмір сүріп жатқан этно-экологиялық аудандардың өмірі телекөрермендер тарапынан қызығушылық туғызатыны сөзсіз.
Тұтас алғанда, түсірілімдер кезінде бүгінде Ресейдің бірқатар ғылыми-зерттеу орталығы (мысалы, Орынбордағы Дала институты) Ресей империясы заманындағы шеткері аймақтарды басқару (отарлау) тәжірибесін жаңа жағдайда, «оңашалануды болдырмау тәсілі» ретінде жан-жақты зерттеп жатқаны мидың бір бұрышында тұруы тиіс.
Усадьбалық кешендер ішінен біз үшін ең қызықтысы – орыс әдебиетінің көрнекті өкілі, түбі ноғайдан шыққан Аксаковтар әулетінің Бугуруслан (Жанарыстан өзені) ауданындағы шетен-шартағы.
Оңтүстік Орал – әлемнің ең ірі металлургиялық орталықтарының бірі. Орынбор облысының Октябрь, Александров, Сақмар және Переволоцк аудандарының тоғысқан жерінде қола дәуірінен бермен үздіксіз игеріліп келе жатқан көне теміршілік өнерінің ескерткіші – Қарғалы мыс кеніштерін айтсақ та болады. Әлбетте, Орынборға келіп тұрып оның атақты түбіт шәлісін қалай аттап өтеміз. Осы орайда, әлімсақтан түбіт тоқу өндірісі дамыған Серектас ауданындағы Желтое селосына ат басын арнайы бұру жөн. Сондай- ақ, Орынбордан Оралға шығатын жолда атақты Соль-Илецк (Тұзтөбе) кен орны жатыр. Ресейде бұрын ас тұзы ішкергі губернияларда тұзды суды зауыт жағдайында әбден қайнатып жасалған, Елтон, Басқұншақ сияқты көлдердегі тұз шөгінділерінен аршып алған, ал Елек кеншінде тұз қабаты тас болып қатып, жер бетінде жатыр. Осылайша кезінде ең арзан тұз өндірілген кеніш аумағында бұл күнде тұз-балшықпен емдейтін шипажай тұр. ХІХ ғасырда Елек орыс шаруаларының қыр қазақтарымен айырбас сауда жасайтын ірі жәрмеңке орны болған. Елек, Ор, Орынбор маңайы – жәрмеңке туы көтерілген жерде өнер мен ойын-сауықтың думанын қыздырған атақты Молдабай, Әкімгерей әншілер жүрген орта. Осы маңдағы Бөрте ауылы – ХХ ғасыр басындағы қазақтың белгілі лирик ақыны Бернияз Күлейұлы туып-өскен жер.
Археологиялық аумақтар бойынша Оңтүстік Орал қыратының теріскейіндегі атақты Имантау үңгірін алдымен атау жөн. Ал, оңтүстікте Ақбұлақ, Дамбар, Елек, Тұзтөбе, Тасты және Первомай аудандарында жүз қаралы сәулет ескерткіші шоғырланған.
«Студеникин Мар» обалар алаңында сармат дәуіріне жататын ірі қорым жатыр. Арқайым-Сынтас мәдениетіне кіретін бірегей ескерткіштерді ілгеріде айттық.
Экспедицияның мұндай ғылыми-танымдық бағыты жолда географ, палеогеограф, спелеолог, петрограф, ескерткіштанушы, топонимист, биолог, ихтиолог мамандармен кездесіп, кеңес алуды қажетсінеді.
Бүгінде Магнитогор, Орынбор, атырабын қазақ жерінен нақпа-нақ бөліп тұрған ала баған шекара белгілі болса да, тарихи-мәдени аумақтар ретіндегі ара-жігін тап басып, айту қиын. Бір ғана зергерлік өнер жағынан алсақ, айталық, қазақ мәдениетінің батыстағы аумақтық жиынына тән «геометриялық стиль» Орынбордың Соль-Илецк атырабында тұратын табындар мен Ақтөбенің Қобда жерін мекендейтін табындарда айна-қатесіз бірдей болып келеді. Елекпен іргелес Шыңғырлау жерінде де осындай тарихи-мәдени тамырластық сақталған. Утваның Жайыққа құярлығына бір өткелдің маңында Махамбеттің кегін қуған топ Бекмағамбет сұлтан Айшуақовтың басын алған. Одан әрі тарихи тақырыпты Ноғай ордасы заманында ірі шекара кеден нүктесі болған Теку-Дуан (бұрынғы Теке қазіргі Орал қаласы) жайлы әңгімемен, қала маңынан соңғы жылдары табылған Алтын Орда дәуірінің жәдігері – Жайық қалашығының орнын көрсету арқылы жалғастыруға болады. Жайықтың бір саласы Барбастаудың өре басындағы елді мекенде 1917 жылы Батыс Алаш-Орданың алғашқы пошымдық үлгісі – Жайық сырты управасы орналасқан. Сәл кейін Жымпитыда Батыс Алаш-Орданың басқару құрылымдарының (Ойыл уәлаяты, Алаш автономиясының Батыс бөлімшесі) туы көтерілген. Осы Жымпиты жерінде Төлеген Қыз Жібекті кездестіреді. Аудан аумағындағы Қособа – лиро-эпостың бас қаһарманы өлген жер. Кейін дәлденген дерек бойынша, Төлеген Бекежанның емес, Кескентерек дейтін батыршалыстау біреудің қолынан қапыда қаза тапқан. Уақиға өткен жерде Бекежанның және оның немересі, жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес қайраткерлерінің бірі Тайлақ батыр жерленген. Жалпы Жайықтың сол жағалауындағы азамат соғысының уақиғалары суреттелетін Хамза Есенжановтың эпикалық «Ақ Жайық» трилогиясының ізімен жүріп көруге, осы орайда жазушының туған жері, Жайықтың бір саласы – Аңқатының бойында болып, ол құятын атақты Шалқар көлінен сюжет жасау бір ғанибет болар еді. Бұл жерге еліміздің көмірсутек саласындағы алпауыттардың бірі – Қарашығанақ газ-конденсант зауыты тиіп тұр.
Осы тұстан Жайықтың оң жағалауына өтсек, бұрынғы Чапаев, қазіргі Ақжайық кентіне тап боламыз. Өзеннің село тұсындағы иінінде 1919 жылы азамат соғысының аңызға айналған батыры Василий Чапаев оқ тиіп, суға кеткен. Өзенді одан әрі құлдилап, төмен түскен жерде қазақтың қайсар ақыны Жұбан Молдағалиевтың кіндігі кесілген Тайпақ жері жатыр.
Бұдан соң Каспий маңы ойпаты басталады. Шөлейт, қуаң дала аймағында өзеннің ені екі жүз метрге дейін жетеді, ағын судың шапшаңдығы сағатына сегіз шақырымды төңіректегенде сазды топырақ шайылып, тік жарлы жағалаулар пайда болды. Сондай бір жарқабақта көне Сарайшық қаласының құландысы жатыр. Өзеннің осы тұсын 1846 жылы күзде патша әскерінен ығысқан Махамбет жасағы ат жалдап өткен. Өткелден Батысты Шығысқа (Хиуаға) жалғастырған төрт керуен жолының ішіндегі ең ыңғайлысы саналған «Мақтажол» басталады.
Каспийге асыққан Жайықтың бұл тұсында ұзындығы 100 шақырым жайпақ атырау түзіледі. «Ұлы үркіншіліктен» бастап кейінгі ортағасырға дейін тайпалар мен сан халықтың ерсілі-қарсылы сапырылысқан шұбырыншылық жолы, көшпелі протесторлар мен бағзы ұлыстардың жартылай отырықшы тылы осы. Ғылым «Каспий крэгі», «Циркум-Каспий дейтін бұл «халықтар қақпасының» жүрегі – қазіргі Атырау қаласы. Атырауда бұрынғы тарихқа да, жаңа тарихқа да қатысты тәбәрік жерлер аз емес, біздіңше, экспедицияның соңғы сюжеті ретінде қаладағы бірегей аудан – 1950 жылдары неміс әскери тұтқындарының күшімен салынған кеңес Одағындағы тұңғыш Тұрғын үй кешеніне («Жилгородок») арнайы тоқталып өту лазым.
Экспедиция ұдайы назарда ұстауы тиіс бір мәселе – экология, соның ішінде трансшекаралық су әуітіндегі су бөлу мәселесі. Жайықтың Ресей аумағындағы жоғарғы ағысынан келетін су көлемінің жылдан-жылға азаюының салдарынан өңірдің аң-құс, өсімдік әлемі айтарлықтай шығынға ұшырап, жер ауып, дала тозуда. Өзеннің қайталанбас байлығы – бекіре тұқымдас балықтар судың жойдасыз тайыздануынан бұрынғыдай Оралға дейін көтеріле алмайтын болды. Өзен арнасының лай-батпақты тұнбасы бұрынғыдай тазаланып тұрмайды. Кеме қатынасы тоқтаған. Осы ретте Жайықтың Ресейге тиесілі бөлігіндегі гидроқұрылыстар, мелиорация жүйесі, ауыл шаруашылығы өндірісінің ұйымдастырылуы зерттеліп, мамандар мен ғалымдардың ой-пікірлері бір жерге жинақталуы тиіс. Бірегей Шалқар көлінің жүздеген метр шегініп кетуіне әкеп соқтырып отырған техногендік апаттардың себебін ашып, салдарын түптеу қажет.
Міне, осы айтылған жол-жосын біз күткендегідей дәрежеде жүзеге асырылса:
1. Қазақстан мен Ресей арасындағы интеграциялық және достық рәуішті қарым-қатынастардың одан әрі нығаюына септеседі;
2. Басқа елдің аумағында қалып кеткен атақонысында отырған ирредента қандастарымыздың тарихын, этнографиясын және қазіргі тыныс-тіршілігін зерттеу ісіне тың бет қосады;
3. «Қыз Жібек» дастаны жөнінде соны жадығат жинау арқылы лиро-эпосымыздың ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра репрезентативтік тізбесіне енуіне көмектеседі;
4. Жайық өзені алабындағы экологиялық проблемаларды екі елдің атқарушы билігінің алдына өткір түрде қояды;
5. Жоба өзінің экспедициялық серпінді сипатымен, тарихи-танымдық маңызымен және ғылыми тиянақтылығымен ерекшеленеді деп есептейміз.
Бұл реттен келгенде, ресейлік «Моя планета» арнасының танымдық сипатын, «365» тарихи каналының ғылыми тиянақтылығын бірдей жиған бірнеше құнды деректі фильм түсіріледі деген үміттеміз. Сонымен бірге өзеннің бетінде ескекті және моторлы, резеңке қайықтармен, тіпті сал буып, жүзетін қойылымдық кадрлар көмегімен фильмге экстремальдық сипат дарытуға болады. Осы орайда, ішінде біреуі үнемі желі-қазық саундтрек рөлін атқаратын Жайық жайлы сағыныш сазды әндерді, Ноғайлы-қазақ дәуіріне жататын жырларды, тұңғыш қазақ операсы «Қыз Жібек» және оның «Ақсарай» театры қойған соңғы нұсқасын, атақты «Қыз Жібек» фильмін пайдалану керек-ақ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз