
2026 жылдан бастап медициналық сақтандыру төлемдерінің ережесі өзгереді
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жарналарын төлеу және есептеу тәртібі өзгереді.
Республика Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жаңа жүйе сақтандыруды халықтың барлық тобына қолжетімді етуге бағытталған.
Жаңа ережеге сәйкес, жұмыссыз азаматтар үшін жарнаны жергілікті бюджет төлейтін болады. Бұл өзгеріс 2026 жылдан бастап шамамен 1 миллионнан астам адамды қамтиды деп күтілуде. Сонымен қатар, интернет-платформаларда (мысалы, Яндекс сияқты онлайн қызметтерде) жұмыс істейтін азаматтар да жарна төлейтіндер қатарына қосылады.
Медициналық көмек алу мерзімінде де өзгеріс бар: жарнаны уақытша төлемегендер үшін медициналық көмек алу құқығы үш айға дейін, ал үздіксіз бес жыл бойы жарна төлеген азаматтар үшін алты айға дейін ұзартылмақ.
Жарна есептеу лимиті ең төменгі жалақының 20 есесінен аспайтын болады.
Министрлік бұл жаңашылдықтар азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға және медициналық сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталғанын атап өтті.
Қуандық ШӘКІРОВ
Сурет: stan.kz сайтынан алынды



