102-ші Жаңа жыл

vapavraprarpa Жаңалықтар

«Жаңа жылымыз жағымды жыл болғай! Елді әуреге салған мынау індеттің аты өшіп, аман-есен қауышатын, емін-еркін ел аралайтын күн жақын болғай!» Ғұмырының 102 белесін артқа тастаған ардақты ана Балзиба Закарияқызы баталы сөзін осылай тәмамдады. «Әже, қонаққа баруды, тойды сағынып қалған болдыңыз ғой…» дейміз біз.

«Несін айтасыңдар, өмірдің талай теперішін көргенде коронавирус де-ген пәлеге де кезігемін деп ойламаппын. «Апа, ауырып қаласыз» деп мына балалар жаз бойы мені далаға да шығармады. Одан сәл бұрын са-молетпен астанадағы немереме барып келгенім болмаса, көптен ешқайда шықпадым. Айтпақшы, таяуда ғана жиенімнен туған жиеншардың бесікке салуына бардым…» дейді әжей балалық аңғалдықпен.

Ғасырдан астам ғұмырында өмірдің талай соқпағынан өткен Балзиба Закарияқызы – бүгінде үлкен әулеттің бәйтерегі, ардақты әже. Кәрім Мәжитұлындай азаматпен көтерген шаңырағының шаттығын тасытқан 25 немере-жиен, отыз шақты шөберенің бақытына бөленуде. Әжей қазір қалада тұрады. Қаймағы бұзылмаған қазақы орта Қызылқоға өңірін қоныс еткен үлкен әулет көпке танымал.

– Балалардың болашағы үшін Едіге ұлым мен Ғалия келінім «Атырауға көшсек» деген ұсыныс айтты. Мен келістім. Алғашқыда, ауылдағыдай сәлем бере келетін адамдардың аз екеніне үйрене алмағаным рас. Кейін ауыл әкімі Мұхтар балам арнайы сәлем бере келіп, көңілімді тасытты. Ал, та-яуда тағы бір мәрте шаңырағымызға бас сұғып, маған арнайы сый жасады, – дейді әжей. Балзиба әже әлі де тың. Радио тыңдайды. «Бұрын газет оқитын едім, қазір көзім көрмейді» дейді ол.

Жоғарыдағы сыйды сұрадық. Сөйтсек, Еркінқала ауылдық округінің әкімі Мұхтар Құмарғалиев әжейді «Атырау» газетіне бір жылға жазып, «ауыл-аймақтың хабарын біліп отырыңыз» деп қуантыпты.

«Жақсы болды. Бұрын ауылда тұрғанда да газетті үйге алдырып оқитын едік. Енді міне, жаңа жылда сүйікті басы-лым үйімізге келіп тұрмақ. Немерелеріме оқытып, жаңалықтарды біліп отырамын» деді қуанышты кейіппен.

Тәубесінен таймай, қашанда бүгінгі күніне риза екенін айтып, «шүкірмін» деген әжей 11 құрсақ көтеріп, тағдырдың жазуымен сәби шағында шетінеген үш перзентінен өзге 8 баласын қатарға қосты. Елге сыйлы, ауыл-аймаққа танымал Кәрім Мәжитұлындай азаматының абыройын асқақтатып, 18 жасында босағасын аттаған шаңырағының шаттығын тасытқан ақжаулықты Балзиба әже – үлгілі әулеттің шамшырағы. Ұрпақтары әр салада та-бысты еңбек етіп, әкеден алған тәрбие, ана сүтімен бойларына дарыған тәлімге қылау түсірмей, өз орталарында сыйлы ғұмыр кешіп келеді.

Танымал жазушы Марат Мәжитов осы шаңырақтың бас көтерген тұңғышы болса, мемлекеттік салада бірнеше жылдан бері табысты еңбек етіп жүрген Майра Кәрімқызы – бес қыздың кішісі, әулеттің кенжесі. Мүмкіндік бола қалса, алыс-жақыннан ардақты аналарының амандығын біліп, батасын алуға асығатын ұрпақтары қазір Қазақстан ғана емес, әлемнің әр түкпірінде.

Мұхиттың ар жағындағы Калифорния, Канададан сәлем жолдап, мереке сайын әжелерін құттықтауға асығатын немере, жиен, шөберелері де әр салада жетістікке жетіп жүр. Бірі халықаралық додалар-да жеңіс тұғырынан көрініп жүрген таэквондодан спорт шебері болса, енді бірі Назарбаев зияткерлік мектебінің ізденімпаз ұстаздарының қатарында. Ақын да, аудармашы да шыққанәулетбұл. «Адамдаармантаусылғанба? Таяуда шөберем бір жасқа толып, сол қуанышқа жиналған ағайындар «Әже, енді мектепке барған қуанышын көріңіз» деп тіледі.

Алдымды Алла біледі, әркез жақсылық ойлаудан, жақсылық тілеуден жаңылмайық» деген әже «Жаңа жыл Наурызда тойланбай ма?» дейді. «Алайда, жақсылық тілеудің артығы болмас, әр күніміз берекелі болғай! Ел аман, жұрт тыныш болсын» деп тілегін жолдады. «Анамыздың құжат бойынша айы басқаша көрсетілгенімен, біздің шаңырақта қалыптасқан әдет бой-ынша наурыз айында «Бір жасқа шығуыңызбен!» деп құттықтаймыз» дейді қара шаңырақтағы ұлы Едіге мен ананы аялап отырған келіні Ғалия.

Көкірегі сайрап тұрған әжей ұлы Абайды тыңдаудан жалықпайды. Ұлы хакімнің мерейлі жылы тура-лы хабардар екенін танытып, өнегелі сөздерінің мәні зор екенін айрықша айтып өтті. Жас күнінен қара жұмысқа тартылып, кейін мәдениет үйінде тазалықшылықтан зейнеткерлікке шыққан Балзиба Закарияқызы жазу-сызу біліп, хат танымағанымен, өзі де қара сөзді төкпектетіп отырады.

Абай сөздерін қиыстырып, баталы сөз айтқан шақта-ақ осынау қасиетін аңғарған едік, өмірден ерте өткен Сапи ұлының жары Жаңыл апай: «Мен денсаулық сақтау са-ласында ұзақ жылдар жасадым. Қанмен беріледі, тек қуады деген сөз медици-нада да дәлелденген, қазақ үшін де таныс ұғым. Соның айқын дәлеліндей, шаңырақтан тараған немере-жиендер-де де қиыннан қиыстырып, өлең құрау секілді қасиеттер бар» дейді.

«Өмір жолында қызылдардың дүрбелеңі мен аштықтың зобалаңын, соғыс қасіретін бастан кешсе де Алла сыйлаған қуаты таймай, әкеммен бірге бастаған ұлы көштің басында келеді. Бес мезгіл на-мазынан жаңылмай, Алладан елдің тыныштығын, ұрпағының амандығын тілейді. Өмір болған соң, қуанышы мен қиындығы қатар жүреді.

«Бауырларымның бәрі аштан қырылды. Бала кезімнен елгезек, пысық едім. Теріп әкелген атшоңқайды қазанда қайнатамын. Құмаршық қағамын. Үлкендерге құдықтың суын иінағашпен әкеліп беремін. Елді жайлаған аштық біткенде үлкен отбасынан әке-шешем үшеуміз ғана тірі қалдық. Әкем мол-да кісі еді, құран оқитын. 1939 жылы Құмар інім дүниеге келді. Сөйтіп, отбасымыздың тұқымы жалғасты», деп әңгімелеп отырады.

  • Бізді «Әркез жақсылық тілеуден жаңылмаңдар» деп тәрбиелеп келеді»,- дейді Майра Кәрімқызы бізбен әңгімесінде. Расында да, жақсы тілек тілеу күн, сағат таңдамайтын әдет емес пе?! Ендеше, жүз жасаған әжейдің тілегі әркез қабыл болғай!

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз