ЭКСКЛЮЗИВ: Олар 1 қазанға дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемінен босатылады

meditsina piksabaj Жаңалықтар

Аtr.kz/23 сәуір, 2020 жыл. Төтенше жағдайға байланысты елімізде 1 миллионға жуық азамат аталмыш ақы төлеуден босатылады. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның Атырау облысы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек кеңінен айтып берді.

– Шағын және орта бизнестің субъектілері биылғы 1 қазанға дейін, ал ірі бизнестің кейбір субъектісі 1 шілдеге дейін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінен босатылды. Мұндай шараларды мемлекет төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін қабылдады. Яғни, олар жұмыс беруші ретінде 2% мөлшерінде аударымдарды төлемейді, сондай-ақ, өз қызметкерлерінің жалақысынан 1% жарналарды ұстамайды.

Осылайша, елімізде  1 миллионға жуық азамат сақтандырудағы ақы төлеуден босатылды – бұл осы салалардағы қызметкерлердің жалпы саны. Алайда, олардың барлығы қажетті медициналық көмекті толық көлемде алуы тиіс, олар үшін қор төлейді, – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалы директоры Сәбит Құралбек.

Оның айтуынша, салықтар мен әлеуметтік төлемдерге «нөлдік» мөлшерлемені қолданатын субъектілердің тізімі бекітілді. Бұлар – сауда, көлік және техникалық қызметтер, білім беру, медицина, туризм, мейрамхана және қонақ үй бизнесі, ойын-сауық, бағдарламалық қамтамасыз ету және фитнес субъектілері.

Қаулыда көрсетілген санаттарға кірмеген бизнестің субъектілеріне сақтандыру жарналар мен аударымдарды төлеу мерзімі биылғы 1 маусымға дейін шегерілді.

Жеке кәсіпкерлер де жеңілдік алды. Оларға 2020 жылдың 1 қазанына дейін өз қызметкерлері үшін аударымдарды төлеудің және жалақыларынан жарналарды ұстаудың қажеті жоқ. Алайда, өзі үшін төлеу керек төлеу мерзімі 1 маусымға дейін ұзартылды.

«Бұл ретте Заң жарналар мен аударымдардан бас тартуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан, 1 қазанға дейін бизнестің субъектілерінде төленбеген кезең бойынша қарыз пайда болады. Осыған байланысты «босатылған» кызметкерлерге қарызды есептемейтін заңды нормасын енгізу туралы ұсыныстарға Қор бастамашы болып отыр. Бұл – бүгінде азаматтарға көрсетіліп жатқан қолдаудың бірі. Қазір бұл өзгертулердің өңдеу жұмыстары жүргізілуде, оларды үкімет қарайды» деді филиал директоры Сәбит Райымбекұлы.

Бірыңғай жиынтық төлем қалай жүзеге асады?

Сонымен қатар, филиал басшысы бүгінде  бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер санының өсуін атап өтті. Өйткені, оны төлеу өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік жәрдемақы алудың шарты болып табылады.

– Табыссыз қалған және ресми түрде жұмыс істемейтін азаматтар қала тұрғындары үшін 2 651 теңге, ауыл тұрғындары үшін 1 325 теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлемді жасап, жәрдемақы алу үшін өтінім беріп, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің мүшесі бола алады. Осыған байланысты бірыңғай жиынтық төлеушілердің саны 85 мыңнан (1 сәуірге дейін төлегендер) 1,8 миллион азаматқа дейін ұлғайды. Алайда, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу үшін төлемдерді үнемі жасап тұру керек. Яғни, сақтандырылушының мәртебесін алу үшін кемінде 3 ай төлем жасалуы тиіс, – деді филиал директоры.

Қазір Қазақстанда сақтандырылмағандардың үлесі шамамен халықтың 15 пайызын құрайды. Алайда, 1 шілдеге дейін барлық азаматтар шартты сақтандырылған болып саналады және медициналық көмекті толық көлемінде алуы тиіс.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз