
Қаһарлы жылдағы қараша демонстрациясы
Қоғамдық ойдың дамуына жетекші болатын негізгі факторлардың бірі – тарихи сананың қалыптасуы. Тарихи сананың қалыптасуында тарихи оқиғаларға баға беру мен ғылыми-техникалық жаңалықтарды меңгеріп, тарихи деректерді талғап, талдап және мақсатты пайдаланудың мәні зор. Осыған орай тарихи шындықтың тегін анықтап, өткенге ой елегінен өткізіп қарау қажет. Сондықтан да тарихи сананың қалыптасуында тарихи оқиғаларға ұлттық тұрғыдан баға беру мен әлемдік ғылыми-техникадағы жаңалықтарды меңгеріп, тарихи деректерді мақсатты пайдалану маңызды.
«Сталин ақылынан адасты»
Сонау сұрапыл соғыстың қаһарлы 1941 жылы неміс-фашист армиясы кеңес елінің астанасы Мәскеуден 25 шақырым, кейбір жерде майдан шебінен 18 шақырым жерде қауіп төндіріп тұрған сәтте кеңес елінің басшысы И.В.Сталиннің Қызыл алаңда 7 қараша күні әскери парад өткізуін А.Гитлер «Сталин ақылынан адасты» деп сандырақтады. Бас қолбасшы тікелей эфир арқылы сөз сөйледі. Оның сөйлеген сөзін әлем халықтары зор ықыласпен тыңдады. Әділдігін айтсақ, бұл парад сол кезеңде бүкіл кеңес халқының жеңіске деген сенімін арттырды. Сондай-ақ әскери парад Воронеж, Куйбышев қалаларында да өтті. Ал 7 қарашада майданнан алыс жатқан Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында да Қазан революциясының 24 жылдығына орай еңбекшілердің демонстрациясы өткендегі туралы құжаттар Атырау қалалық мемлекеттік архивінің №4 қорының 110 ісінде хатталып қалған.
Гурьев қалалық партия комитетінің бюросы 1941 жылдың 21 қазанында Ұлы Қазан революциясының 24 жылдығын атап өту жөнінде қаулы қабылдады. Қабылданған қаулы бойынша: Ұлы Қазан революциясының 24 жылдығына дайындық және оны өткізу «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» және «Ұлы Қазан социалистік революциясының 24 жылдығын соғыс майданында және еңбектегі жеңістермен қарсы аламыз!» ұрандарымен жүргізілуі басты назарда ұсталды. Аталған шараны өткізу мақсатында жоспар қабылданып, 1 қараша мен 8 қараша күндері аралығында мерекеге байланысты алты тармақтан тұратын іс-шаралар ұйымдастыру көзделді.
Қабылданған жоспардың алтыншы тармағы бойынша қалада 7 қараша күні мерекелік демонстрация ұйымдастыру қарастырылды. Осыған орай кәсіпорындар Ұлы Қазан социалистік революциясының қарсаңында өндірістік жоспарын асыра орындаумен, колхозшылар ауылшаруашылық жұмыстарының барлық салаларын, мал шаруашылығын дамыту жоспарын асыра орындаумен қарсы алуға жұмылдырылды.
Қаланың барлық бастауыш партия ұйымдарын еңбекшілер арасындағы партиялық-саяси жұмысты күшейтуге және еңбекшілердің барлық күштерін, еліміздің ресурстарын Отанымыздың әскери-экономикалық қуатын одан әрі арттыру үшін жұмылдыруға міндеттеді. Басты мақсат майданды өніммен қамтамасыз ету және жауды жеңуге жұмылдырылды. Қабылданған қаулыда атап көрсетілгендей, большевиктік тұрғыдан осы мәселе бойынша 9 қазан күнгі жергілікті басылымда жарияланған Қазақстан Коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық комитетінің қаулысына сәйкес, зиялы қауым өкілдері, жұмысшылар, колхозшылар арасында социалистік жарысты өрістету атап өтілді. Мереке қарсаңында кәсіпорындар мен колхоздардың ғимараттарында, аулаларда, мекемелерде, әкімшілік корпустар мен аумақтарда тазалық пен тәртіп орнатуға нұсқау берілді.
Сонымен бірге үгіт-насихат бөлімі мен қалалық партия комитеті партия ұйымдарының хатшыларына жұмысшылар арасында саяси үгіт-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізуді, аталып өтілетін мерекенің 24 жылдығына арналған дәрістер, әңгімелер, көрмелер және Отанды қорғау міндеттерін ұйымдастыру қажеттілігі баса көрсетілді.
Шеруге қызу дайындық
Еңбекшілердің демонстрациясын өткізу және Ұлы Қазан социалистік революциясын мерекелеуді және оған дайындық жұмыстарын жүргізу үшін қала бойынша арнайы комиссия құрылып, бекітілді. Құрылған комиссияның төрағалығына қалалық атқару кеңесінің төрағасы А.Г.Савостьянов, комиссия мүшелігіне Ефимов және Наумов (партия комитетінен), Плошкин (қалалық білім беру бөлімі), Батин (қалалық әскери комиссариат), Панов (мехзавод) бекітілді. Мерекені өткізу жоспары бекітіліп, бастауыш партия ұйымдарына жіберілді. Қаулыға сәйкес қаланың барлық бастауыш партия ұйымдарын, сондай-ақ демонстрацияны дайындау және өткізу жөніндегі комиссияны Қазан социалистік революциясының 24 жылдығын атап өтуге міндеттеді.
Гурьев қаласында Қазан революциясының ХХІV жылдығына орай өтетін демонстрацияның жоспары жергілікті баспасөзде жарияланды. Ұлы Қазан революциясының 24 жылдығына арналған еңбекшілердің демонстрациясына қолдарына қызыл тулар, партия, кеңес өкіметі көсемдерінің портреттері мен ұрандар ұстаған қала жұртшылығы сағат 9-дан бастап жиналды. Көшелерде музыка ойнап, қалың жұртшылық соғыс жағдайында бұл мерекені ерекше көңіл күймен қарсы алды. Оның да өзіндік себебі болды. Тарих шындығы үшін мына фактіні де естен шығармауға тиістіміз. Кеңес өкіметі орнаған (1917-1941 жж.) жиырма төрт жыл ішінде халық елдегі жағымды әлеуметтік-экономикалық, әлеуеттік өзгерістердің алғашқы жемісін көре бастаған болатын. Сондықтан да, бүгінгі кейбір саясаткерлер, саясаттанушы және тарихшы ғалымдар қалай айтса да, елдің басым көпшілігі өз өкіметінің жүргізіп отырған саясатына сенді және өмірге оптимизммен қарады, сонымен бірге өздерінің елдегі болып жатқан жаңа өзгерістерге тікелей қатысушы болғандықтарын мақтаныш етті.
7 қарашада өтетін демонстрацияның трибунасында жұртшылық алдына шығатын облыстық партия, кеңес органдарының басшылары мен қызметкерлерінің және мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің арнайы тізімі жасақталып, оларға арнайы рұқсат қағаздары берілді. Ол қалалық атқару кеңесінің төрағасы А.Г.Савостьяновтың қолымен бекітілді. Сонымен бірге қалалық атқару комитетінің хатшысы С.Киреевтің қолымен демонстрация уақытында М.Ж.Бекжанов (облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы), Қ.Тастайбеков (облыстық атқару кеңесінің төрағасы), С.Қарымсақов (облыстық партия комитетінің хатшысы), А.Г.Савостьянов (қалалық атқару кеңесінің төрағасы), В.Г.Аловягин (Гурьев қалалық партия комитетінің хатшысы), И.М.Гончаров (облыстық УНКВД бастығы), С.В.Голосов (облыстық әскери комиссар), Баскеновтың қызметтік автомашиналарына арнайы рұқсат қағаздары берілген.
Демонстрация сағат 11-де басталды. Белгіленген уақытта арнайы рұқсат қағаздары берілген лауазымды тұлғалар арнайы жасалған трибунаға көтерілді.
Жасақталған 10 колонна
Демонстрацияға 10 колонна қатысты. №1 колоннаны бастап тұрған облыстық және қалалық әскери комиссариаттар, облыстық және қалалық Осавиахим, әскер қатарына шақырғанға дейінгілер ротасы, Қызыл Крест қоғамы болды. Шеруге қатысушылар Москва көшесі бойында орналасқан облыстық әскери комиссариаты үйі маңына жинақталды.
Демонстрацияға қатысушылар Москва, Пушкин, Чапаев көшелерімен жүріп өтіп, Чапаев және Флотский көшелерінің бұрышына тоқтады. Колоннаны Чудин мен Соболев басқарды. Қаладағы мекемелер мен кәсіпорындардың және «Қазақ мұнайкомбинаты», «Мехзавод» қызметкерлері мен жұмысшылары №2 колоннаны құрады. Киров алаңына жиналған «Мехзавод» қызметкерлері шеруді бастап жүріп, Жайық өзені үстіндегі көпір арқылы Орджоникидзе, Москва және Пушкин көшелері арқылы Чапаев көшесіне шықты. Колонна Шмелев пен Шароновқа бекітілді. №3 колоннада су шаруашылығы, теміржол, әуе қатынастары мен байланыс бөлімінің, теңіз агенттігінің, техникалық учаскенің, депо және №4 Қандағаш – Гурьев теміржолы құрылыс учаскесінің, аэропорт, облыстық және қалалық байланыс бөлімдерінің жұмысшылары мен қызметкерлері болды. №4 колонна бойынша оқу мекемелері мен саяси оқу-ағарту мекемесі: педагогикалық училище, мұнай техникумы, қолөнер училищесі, қалалық білім бөліміне қарасты барлық мектептер ұжымы (1-2 бастауыш сыныптарынан басқалары), облыстық және қалалық білім бөлімдері, қазақ драма театры, кино, кітапхана ұжымдары Жамбыл мектебінің маңына жиналып, Фетисов көшесімен Красноармейский, Чапаев көшелері арқылы қозғалды. Колоннаның басшылары Тәжібаев (облыстық білім беру бөлімінің бастығы) және Полкина (қалалық білім беру бөлімі).
№5 колоннаны облыстық және қалалық партия комитеті, облыстық және қалалық еңбекші депутаттары кеңесі, облыстық және қалалық комсомол комитеттері, сот-тергеу, жер қатынастары, қаржы-банк мекемелері, облыстық «Социалистік құрылыс» және «Прикаспийская коммуна» газеттерінің редакциялары, типография, облыстық статбасқармасы қызметкерлері құрады. Аталған ұжым мүшелері С.Разин көшесіндегі облыстық атқару комитетінің үйі маңына жиналып, шерушілердің жүру бағыты С.Разин, Москва, Красноармейский көшелері арқылы жүріп өтіп Чапаев көшесіне шығу жоспарланды. Бұл шеруді партия комитетінің өкілдері Нестеров пен Зубов басқарды. №6 колонна облыстық және қалалық денсаулық сақтау және емдеу-сауықтыру, облыстық, қалалық халықты әлеуметтік қорғау мекемелерінің қызметкерлерінен құралды. Шараға қатысқан өзге де колонналар белгіленген ретпен тұра бастады.
«Барлығы жеңіс үшін!»
Бұл өткен демонстрацияның маңыздылығына тоқталсақ, біріншіден, демонстрацияның ұйымдастырылуы тыл мен майданның бірлігін нығайтуға мемлекеттің көтерген «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен соғысқа аттанған ерлердің орнына әйелдер, қариялар мен балалар алмастырғанын және олардың қоғамдағы орнын ерекше айқындап бергендігін, тылдағылардың майданға көмегі жауынгерлердің әскери рухын көтеріп, жауды жеңуге деген жігерлерін қайрай түскендігі сөзсіз еді. Екіншіден, сол кезеңде облыстық, қалалық партия, кеңес органдарын басқарған үлкен және кіші дәрежедегі басшылардың істі жетік білетіндерін, жігерлілікті, ұйымдастыру қабілетін және қалың бұқара халықты құрметтей білетіндіктерін көрсетіп, халықтың Ұлы Жеңіске деген сенімін көңілдеріне ұялата білді. Үшіншіден, демонстрацияға қатысқан барлық еңбекшілер мен қызметкерлер, колхозшылар, мұнайшылар, балықшылар, мұғалімдер, қарапайым еңбек адамдарының Ұлы Жеңісті жақындатуға ерекше үлес қосқандықтарын мақтанышпен паш ету бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге болмақ. Демонстрацияға қатысушылар адамзат тарихындағы бұл алапат соғыстың төрт жылға жуық мерзімге созылатындығын білмеді…
Келер уақыттың қоғамдағы тарихи-саяси оқиғаларды бағалауға, зерделеп саралауға өз қолтаңбасын салуы табиғи құбылыс деп түсінген жөн. Бірақ ең бастысы олар түбегейлі, принципті мәселеде өзгермеуі қажет.
Тарихтың ешуақытта бір орында тұрып қалмайтындығы да ақиқат. Заман өзгерген сайын қоғамда сан алуан пікір қайшылықтары өрбіп, тарихтың ақиқаттары мен ақтаңдақ беттерін ашу үдерісі жалғаса бермек.
Аққали АХМЕТ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
Коллаж: Сая РАМАЗАНОВА



