Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Қиын күндерде халыққа қызмет еткен комбинат

Кешегі ат ауыздығымен алысып, ер етігімен су кешкен алмағайып кезеңнің күллі шындығын сіз бен біз бүгінде мұрағат қорындағы деректерден табамыз, мұражайдағы экспонат залындағы жәдігерлер арқылы көреміз. Бұл дүниелер – өңір тарихының өшпес ізі. Өйткені, ұлы Жеңісті жақындатуға зор үлес қосқан тылдағы ата-әжелеріміз, буыны қатпаған балалар, бірлі-жарым ер-азаматтар мен майданға аттанған қыз-келіншектердің ерен еңбегі екені даусыз.

Соғыс басталғанда Новобогат аудандық партия комитеті елді бірден қорғаныс жағдайына көшіріп, барлық ішкі мүмкіндікті пайдалану арқылы тыл еңбеккерлерін тек бір мақсатқа – майдан үшін жұмыс істеуге жұмылдырды. Ембі жұмысшысы Жұмағали Иманғалиев басқарған аудандық өндіріс комбинатта оның басшылығымен мұнай айыратын шағын зауыт іске қосылып, мазут, бензин, керосин шығарылды. Тері илейтін цех ашылып, киім тігу, байпақ басу жолға қойылды. Бақсай өзенінен балық ауланып, аудан орталығына жіберіліп тұрды.

Хасай Есмағамбетов, Сатқанбай Тәжиев, Әбежан, Сапи, Досмұхан, Емеш, басқа да шеберлерді ел-жұрт аса қадірлейтін. Комбинат шығарған керосин түйеге теңделіп, Нарынқұмның төріндегі Айбас, Бабан елді мекендеріндегі халыққа да жеткізілді. 1940 жылдан бастап Новобогат кентіне таяу Ақкүтір учаскесінен жер алып, тары егуді қолға алған-ды, кейін азық-түлік тапшылығы жағдайында мұның пайдасын ел көрді. Өмірінде егін егуді білмеген қатқыл мен құм бойының халқы диқаншылық кәсіпті игере бастады. Соғыс кезінде мал мен жанды сақтап қалған Нарындағы қияқтың сұлыбасы мен құмаршығы, мөлдір тұщы суы екенін бүгінде екінің бірі біле бермейді.

Майданға тылдың тартуы

Негізгі өндірістік істерді тоқтаусыз жүргізген ауыл адамдары майдандағы әскерге жылы киім, тамақ өнімдерін, майдан қорына елден ақша жинауға үлес қосты. Облыстық «Социалистік құрылыс» газетінің 1941 жылғы 13 желтоқсандағы санында жарияланған ауатком төрағасы Қожық Қазиевтің мақаласында соғыстың алғашқы айларында Новобогат ауданы бойынша Қызыл Армия үшін 368 тон, 505 жұп байпақ, 6248 әртүрлі киім және Отан қорғау қорына 48 бас мал, 59063 сом ақша жиналып тапсырылғаны айтылады.

«Қазақстан колхозшысы» танк колоннасын жасау қорына 100-150 мың сом жеке қаржысын қосқан аудандық өндірістік комбинаттың жұмысшысы Жұқалтай Рахметов пен «Қызыл балық» ұжымшарының төрағасы Қуанәлі Құрмашев Жоғарғы Бас Қолбасшының Алғыс хатын алды. «Қазақстан комсомолы» танк колоннасын жасақтауға аудан жастары 83064 сом, «Қазақстан пионері» танк колоннасы қорына аудан пионерлері 44686 сом жинаған. 1943 жылы аудан еңбекшілері танк колоннасы қорына 2,6 миллион сом жинап тапсырса, сол жылдың социалистік міндеттемесін мүйізді ірі қарадан – 106, қой-ешкіден – 111, жылқыдан – 103,5, түйеден 110 пайызға орындап, жоспардағыдан 8550 бас артық мал өсірді. Мал өнімдерін өткізудің жоспарын 10 қазанда толық орындап, қалған мерзімде 1944 жылдың есебіне еңбек етті.

Тыл еңбеккерлерінің ерлікке тән еңбегі

Халқының тылдағы жанқиярлық еңбегі үшін 1944 жылдың қорытындысы бойынша ауданға Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл Туы мен бірінші дәрежелі ақшалай сыйлық берілген. Бұл Туды сол кездегі облыстық атқару комитетінің төрағасы Шынғожа Бөрібаев аудан малшыларына 1944 жылдың 31 желтоқсанында тапсырды. Ауданның Құрметті азаматы, өңірдің шежіреші абызы болған марқұм Ғатих Маштаховтың айтуынша, сол кездегі Новобогат кентіндегі шағын клубта өткен салтанатты жиналыста еңбек озаттары Дайыр Сақымбаев, Айман Сүйінәлиева, Сұлташ Бұланбаев, Бағила Дабылова, Шипа Шұғайыпова, Мақтым Оспанова Қызыл Туды алып шыққанда, залда көзіне жас алмаған ешкім қалмапты.

Салтанатқа Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті хатшысының ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Мәмбетов, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Н.Қамбаров қатысқан. Аудан Қорғаныс Комитетінің Қызыл Туын екі мәрте жеңіп алып, мәңгілік ескерткішке сақтап қалды. Бұдан кейін КСРО Министрлер Кеңесінің Қызыл Туына ие болды. Одақтық дәрежедегі қос Туды иеленіп, тарихқа аты жазылған мұндай аудан елде сирек.

Сол жылдарда ауданның осындай жасампаз еңбегіне үлес қосқан азаматтардың бір тобы 1945 жылы Қазақстанның 25 жылдығына орай жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. 1948 жылы мал шаруашылығын өркендетудегі үздік табыстары үшін ферма меңгерушілері Тастан Башпанов, Мағаз Есқалиев, Тайыр Нысанов, Көбен Жұмалиев, ұжымшар төрағалары Арон Аюпов, Мұхиден Қалиев, жылқышылар Қапизолла Кәрімов, Айтан Ысмағұлов Социалистік Еңбек Ері атанып, өңіріне Алтын жұлдыз тақты. Тағы бір топ адам Ленин орденімен марапатталды.

Сол кездері даңқы жайылған атақты малшылар қатарында жылқышы Мәкия Ыбырашева, сауыншылар Злиха Қасымова, Нұрым Бекешова, шопандар Минаш Марданова, Закария Жетпісов, бақташылар Нақпат Смағұлов, Дүйсекеш Алагөзов есімдері аталды. «Интернационал» ұжымшарының төрағасы З.Ғұмаров 1950 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.

Кәсіпорынның екінші тынысы

Соғыс аяқталғанмен, тылда қалған елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы өте қиын еді. Әбден күйзеліп, әл-ауқаты нашарлаған халықтың қамын ойлаған азаматтар тұрмыстық жағдайды көтеру үшін өндірістік-тұрмыстық қажетін өтеу комбинатының жұмысын одан әрі жандандыруды ойластыра бастаған. Әсіресе, Жұқалтай Рахметов Новобогат аудандық өндірістік комбинатының директоры болып 1954-1968 жылдары істеген кезде тұрмыстық қызмет көрсету ісі бұрынғыдан да жақсара түскен. Оның тікелей басшылығымен комбинат ұжымы әуелі ауданда, сосын облыста бірінші болып жергілікті халыққа отбасына қажетті тұрмыстық бұйымдар мен киіз үй, киім тігу, кірпіш шығару, тағы басқа да қызметтерді ұйымдастырды.

Тіпті, аудан орталығындағы халықты жылумен қамтамасыз ету үшін отын да дайындаған. Ол уақыттағы отынның түрі теңізден қамыс орып, оны баулап, тасып әкеліп сату және қарамай (мұнай) дайындау болатын. Көп болмаса да, тәулігіне шамамен 500 мың литрдей өнім алу мүмкіндігі болыпты. Бұл үшін Новобогат селосының шетінде 1917 жылдары ағылшындардан қалып, көп жыл бойы пайдаланылмаған ескі мұнай көзін жөндеп, халыққа отынға пайдаланыпты.

Шопандар үшін жазғы жайлауға керекті киіз үйдің ағашын дайындау және басқа жердің киізін әкеліп құрастырып, шопандарды киіз үймен түгелге жуық қамтамасыз етуге де көп еңбек сіңірген. Басқа жақтан иленген қой терісін алдыртып, жылы шолақ тондар тіктіріп, еңбекшілерді қамтамасыз етіп отырды. Комбинаттың арнаулы бригадасы өзектер мен жайылма сулардан балық аулатып, оны арзан бағаға сатушы еді. Сол жылдары соғыстан әбден сілесі қатып, шаршап шыққан халық сарыала сазан мен жалтыраған көксерке, аққайраңның сорпасын екі-үш ай бойы ішіп, біраз әлденіп қалған екен. Сонымен бірге комбинатта шаш қию, етік тігу, ер-тұрман даярлау жұмысы да атқарылыпты.

Комбинат ұжымы соғыс жылдарында «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранымен ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Ағаш шеберлері Мозай Ақбаев, Мұхтар Ерімбетов, майдан қолбасшыларына қонышты былғары етік тігудің хас шебері Әбежан Ідірісов, оның қызы, киім тігудің ісмері Торыш Әбежанова, етікшілер Нығмет Жолмағамбетов, Сағидолла Ғабдырахманов, Шаймерден Өталиев, бригадир Қайырбай Туқанов, жұмысшылар Жақия Жауымбаева,  Қанзиба Жиенғазиева, Жұмазия Иманғазиева, Балжан Меңдіғалиева – барлығы 51 адамның аты-жөні тізімге егізілген. Олар тылдағы жанқиярлық еңбегіне орай «Ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталғаны архив құжаттарында сақталған.

Алтын қолды шебер

Өндірістік комбинат жұмыс істеген кезде көптеген алтын қолды шеберлер мен зергерлер, тігіншілер мен ұсталардың еселі еңбек еткені ел аузындағы әңгімелерде жиі айтылады. Солардың ішінде хас шебер Хасай Есмағамбетовтың есімі ерекше аталады. Ол 1886 жылы Жапақ қыстағы тұсындағы жиек шағылда, шаруа отбасында туып, 1974 жылы дүние салды. 1916 жылы қара жұмысқа алынып, әскерге қажетті бұйымдарды дайындауға қатысқан. Елге келгесін осы өнерін жалғастырып, жетілдіре түседі. Бұған ағайыны болып келетін Қайыр Жанғалиев айтарлықтай көмек жасапты.

Хасай шебер туралы әңгіме ауыл-аймаққа тез тарап, алыстан ат сабылтып іздеп келушілер көп екен. Жай келмей, тері-терсегін ала жетіп, оған тапсырыс берушілердің саны күн санап көбейе түседі. Аудан экономикасы соғыс жағдайына бейімделіп, Қамысқаладағы бұрынғы промартель өндірістік комбинатқа айналғанда ол осы мекемеге жұмысқа алынады. Көз көргендер мен оны жете білетіндердің айтуынша, Хасай қарт тері илеу мен одан бұйымдар тігудегі шеберлігі жағынан өзгелерден ерекше болған. Ол өндірістік комбинатта киім тігумен айналысқан, ал оған қажетті материалдар фабрикалардан көп мөлшерде жеткізіліп тұрған.

Хасекең мал терісін илеудің атам қазақтан келе жатқан екі тәсілін (малма, шелекке ашытқы ашытып, теріні соған салып илеу және жағып илеу) жетік меңгерген жан көрінеді. Оның үстіне қара жұмыста жүргенде тұтқынға түскен немістерден көрген тері илеудің батыстық әдіс-тәсілдерінен де мол хабары болулы. Тері бояудың да бірнеше тәсілін меңгерген. Жергілікті өсімдіктердің басы, қураған гүлі мен тамырынан бояу да жасап алған. Хасайдың илеуі қанып, бояуы сіңген терісі су тартып езілмеген. Одан жасалған мүлік шегені берік ұстап, тігісі ыдырамаған, тұтынуға төзімді әрі сырт қараған көзге әдемі болып көрінеді екен.

Хасай қарт былғарының көксауырқұрым, козел, шегірен, сақтиян, ұлтан сияқты түрлерін дайындай білген. Сегіз ешкінің терісінен өзі басында жүріп илетіп, ішін астарлап тіккен сырт киімін бүгінде өмірден озған Жасмағанбетов Сүлеймен ақсақал елу жылға жуық кигенін айтқаны бар. Ол киім сол уақыт ішінде өңін де, әрін де жібермегенге ұқсайды. Мұндай сапалы киімді одақтың ең озық, атақты фабрикаларының қай-қайсысы да дайындай алмаған болар, сірә.

Мұндай сирек кездесетін бұйымдарды жәдігер ретінде облыстық музейге қойса да артық емес-ау шіркін. Оның ұзақ жыл қолданған іс машинасы, қолынан шыққан мүліктері ұрпақтарының қолында, ел ішінде әлі де кездеседі. Хасай қарияның хас шеберлігі жайлы оның күйеуі баласы, Қазақстан Республикасы Орталық музейінің директоры Зияда Ижанов кезінде республикалық газеттерде мақалалар жариялатты. Ол «КСРО жеңіл өнеркәсібінің үздігі» төсбелгісі және «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Жарты ғасыр сақталған сурет

Аудандық «Нарын таңы» газетінің 2012 жылғы 3 мамырдағы санында еңбек ардагері Қафизолла Біләловтың «Жарты ғасырдан астам сақталған сурет сыры» атты мақаласы жарияланды. Мақалада автор анасы Алхаш (Ғайнелқаят) Салахаденқызының іс тігетін өнері, үйде «Зингер» деген іс тігетін машинасы болғанын, соның арқасында 1942 жылдың аяқ шенінде аудандағы өндірістік комбинатқа іс тігуші болып жұмысқа тұрғанын айтады.

«Әлі есімде, анамыз жұмысты түнгі сағат он екіге дейін майшамның жарығымен істеуші еді. Кешкі жұмысқа барғанда алты жасар мені «ес боласың ғой» деп ертіп кететін. Барғасын пештің түбіне жатқызып қойып, өздері соғысып жатқан жауынгерлерге арнап түрлі киім-кешектер тігетін. Білетінім, ол кезде екінің бірінде сағат болмайды, сосын комбинаттың төбесіне жұмыс басталса, қызыл жалау көтеріліп-түсірілгенін біздер көзіміз талғанша қарап тұрып, ішке хабар беруші едік. Жалаудың көтерілгенінен бес минут кешігуге немесе ерте кетуге болмайтын.

Содан шешеміз сол өндірістік комбинатта 1958 жылы мен Алматыдан оқу бітіріп келгенге дейін еңбек етіп, құрметті еңбек демалысына шықты. Үйіміздегі мына жарты ғасырдан астам сақталып, сарғайған 1954 жылғы суретте сол комбинатта анамызбен бірге жұмыстас болған Новобогат (қазіргі Х.Ерғалиев) ауылының ежелгі тұрғындары соғыс және еңбек ардагерлерінің бір тобы бейнеленген. Анамыз суретте сол жақ шетте сырмақ күртемен отыр (жоғарыдағы суретті айтып отыр – А.С.). Шешеміздің сол жағында бірінші отырған апайдың есімі жадымда қалмапты, екінші түрегеліп тұрған Емешова Күнсия (Кулагино ауылында), одан кейінгі қарындасты да ұмытыппын, ал оның алдында отырған комбинат басшысы Рахметов Жұқалтай, бұл кісі өз еңбегімен жинаған қаржысына соғысқа керекті қару-жарақ жасау үшін Отан қорғау қорына ақша аударған елге белгілі азамат, қасында газет оқып отырған партия ұйымының хатшысы Тілепберген Сабиров (көп жылдан Кулагино ауылында тұрады), сол жағындағы Сердалиева Жаннат апай (қазір Новобогатта, зейнеткер, марқұм болды), түрегеліп тұрған марқұм Бақыт деген аға көп жыл ұсталық өнерімен көрінген азамат, қасындағы Әділғали Ғайсин ауылдың байырғы мұнайшысы болған адам. Екі азаматтан кейінгі отырған – аудандағы ең шебер етікші болған Сатым ағай. Енді екі әйелден кейін шешемізге таяу отырған комбинат ұжымына, ауылға танымал өнерлі жан Сидеғали деген ағай.

Осы ардақты кісілер тоқыған, тіккен, жасаған киім-кешектер жаумен шайқасқан ерлердің иықтарына ілінді, аяқтарына киіліп, Отанды қорғауға қосқан үлесі болғаны даусыз», — деп еске алады сол бір қиын күндерді Қафизолла ағамыз.

Айта кету керек, алға қарап отырған Ғилат есімді азаматтың (нағашым) көрсетуінше, екі әйел адамның бойы бәкенелеу келгені менің анам екен (сурет 1954 жылы түсірілген болу керек – А.С.). Өйткені марқұм анамыз Якуш Жұмағазиева он жеті жасымнан бастап, өндірістік комбинатта еңбек еттім деп айтып отырушы еді. Шынында да анамыздың кейін Маңғыстау облысында тігін цехы ательесінде ұзақ жыл еңбек етіп, бірнеше мәрте заттай бағалы сыйлықтарға ие болып, киім тігудің шебері атанғанын көзіміз көре қалды. Комбинатта бұдан басқа да ісмер тігіншілер еңбек етіп, халықтың тұрмыс қажетін өтеуге қал-қадерінше зор үлес қосқанын да айта кеткен жөн.

Сұрапыл соғыс жылдары ел ішінде атқарылған жұмыс аз болмаған. Бұл жазбада баяндалғаны – сол үлкен тарихтың бір парасы ғана.

Аяпберген САЛИХОВ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, өлкетанушы

Исатай ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button