Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Қайсар жауынгер Қайыржанов

Задында ерлік жасағандар, айтылып жүргеніндей, мақтан мен өзін дәріптеуге мүлде үйір емес. Соның бірі – нұржаулық қайсар да қаһарман жауынгер Жұма Қайыржанов болатын. Біз қалам ұстаған жарты ғасырға жуық мерзім ішінде осы ауылдас ағамның газетке шыққанын, не бір кездесу жиындарға шақырылғанын мүлде көрмеппін. Себеп: оның көзге көрініп қалуға мүлде көңілінің хошы жоқтығы, өзінің құбатөбел ғұмырына дән ризалығы.

Ерлігі ешкімнен кем емес

Ешкімнен ештеңе дәметпей-ақ, барын базарлап ғұмыр кешкен қарапайым азаматты есімізге сап етіп түсірген оның қарындасы, аудан орталығының «Кіресті» мекенінде тұратын домбырашы ардагер Ғалымжан Өтеповтің жұбайы, 1942 жылы туған Идаят Қайыржанқызы апамыз. Қыз бала дегеннің балаларын былай қойып, бауырларына да емешесі үзіліп, өліп-өшіп тұратынының анық көрінісін осыдан-ақ біле беруге болады.

– Жұма ақамның майдан жолы ешбір қаруласынан кем емес, бірақ бірде-бір рет аталмай, ұмытылып бара жатқаны қабырғамды аяздай қариды, — деген өтінішін оның солай екенін білгендіктен де ел-жұртқа жария қылуға асық болдық.

Соғыс талай шаңырақты шайқалтып кеткен сұрапыл ғой, Идаят апаның мына сөзі оған дәлел:

–  Әкем Қайыржанның Тайыр, Башар атты екі інісі болды. Тайыр ағам сауатсыздау екен, «Мәскеу маңында қара жұмыстамыз» деген бірінші және соңғы хабарынан басқа ләм-мим ештеңе естіген емеспіз. Ал Башар ағам 9 сынып бітірген, ол уақытта мұның едәуір білім екені белгілі. Соғыста Орел қаласы маңындағы ауыр шайқаста ауылдасы Қараменов Оқашпен кездесіп қалып, мәре-сәре болады. Қолындағы сағатын шешіп беріп, «елге бұйырса жеңіспен оралып, екеуміз кездескенде осы күнді еске алуға жақсы, сенде болсын» — депті. Мұны сол сұрапылдан аман келген, ұзақ жылдар ұстаз болған Оқаш аға маған жылап отырып әңгімелеп бергені бар. Ал, мен Жұма ағамның майданнан келгенін ғана есіме сақтаппын. Қолында чемоданы бар, шашын шалқасынан қайырған солдатты анам мені көтеріп тұрып ағыл-тегіл жылап, ұзақ уақыт бауырына басты. Алдыңғы екі ағамнан ұрпақ жоқ, ізсіз кетті, — дейді жанарына мөлдір жас тұндырған Идаят апа.

«Құнарсыз жерге дән көктемейді» деген  халық  даналығы, Жұма  Қайыржанұлы ағамыз да текті әулеттен тараған бәйтеректің бір бұтағы. Әкесі Қайыржан атамыз – бір кездегі «Қазақстан» аталған колхоздың кәнігі балықшысы, қарт Каспийдің кәрі тарланы атанып, қажет болса қыр мен ойға маңдай терін тамызған еңбек майталманы, қапсағай, төртбақ денелі, ересен қайратымен жұрт аузында қалған, заманында болған адам. Жұбайы Зеріп әжеміз де зерек, саналы, ұрпағымен, өнегелі тәрбиесімен ерге серік бола жүріп, ошағының түтінін түзу ұшырып, «көппен көрген ұлы тойдың» бел ортасында болғаны әлі күнге ауылдастар арасында айтылып қалады.

Әулет иесі Қайыржан атамыз, Мұзафар атадан тарайтын қара шаңырақ Нұржаудың «Жіңішке» аталатын бөлігінде болды. Үйлері «Жіңішке» аталған сыланып аққан жіп-жіңішке сырлы өзенге биіктен еміне төніп тұратын еді-ау, бір кезде. Осы Қайыржан ата – Зеріп әжеден Жұма, Қатип, Ләтип ағалар, Мәдениет, Идаят апалар тарайды. Үбірлі-шүбірлі ұрпақ өргізген, қоғамға адал еңбегін арнаған осылардан көзі тірісі, сөз орайында айтқан Идаят апамыз.

Соғыстың соңғы солдаты ма еді?!

Әңгімеге арқау болғалы отырған Жұма Қайыржановтың өмірдеректері де сақталмаған екен. Сұрастыра жүре сол Нұржауда округ әкімі болған Жұмақай Мұғалұлы әріптесіміздің тоз-тозы шыққан сары қағаздарынан қолымызға мына мәліметтер ілікті-ау, ақыры.

Жұма Қайыржанұлы сонау ел басына сұрқай бұлттары зәр-запыранын төккен 1925 жылы жарық дүние есігін ашқан. Ес біліп, етек жапқанда Жұманы да отбасы тірлігіне септесу деген қиындықтар күтіп тұрды. Жеделдес өскен бауырларына қамқор бола жүріп, баланың үлкені ретінде балғын қолы шалғы орақ, тырнауыш, күрек сынды еңбек құралдарына ерте тиді. Осы төңіректегілердің бағына орай тарамдала аққан сансыз өзектерден борбайы шыт-шыт жарылып, балық аулау да Жұма баланың төл ісіне айналса, төмендеген жері жоқ. Міне, оның балалық шағы, бозбала дәуреніне берілген жауап.

Он сегізге еркін толмай тұрып, соғыстың нағыз қайнаған уақыты – 43-тің қыркүйегінде қан кешкен қаралы батысқа «біз жауды жеңеміз» деген сеніміне серт байлаған Жұма да өзіндей боздақтармен бірге майданға аттанады. Бір жылдың ішінде көрмегені жоқ, әр сағатын, әр минутын ажал торуылдаған қайсар ұл қандай қияметтен де қаймықпай «уралап» алға ұмтылады. Аштық пен ұйқысыз күндерді бастан кеше жүріп, басқыншы жауына пулеметімен толассыз оғын жаудыра ерен ерліктің үлгісін әр шабуылда көрсетеді.

Бұлардың бөлімшесіне жау мықтап бекінген Н. деревнясын алу бұйрығы келеді. Соның алдында Украинаның бірнеше елді мекенін жаудан азат етіп, қатары анағұрлым сиреп қалған рота жауынгерлері таң бозында қарсы жақты күзетшілерден аластап, шабуылды бастап, шырт ұйқыдағы фашистерді едәуір шығынға қалдырып, «Уралап» алға ұмтылады. Ес жинап, қарсыласқан дұшпанға Жұма мен бірнеше қаруласының сақылдаған пулеметі әзір еді. Обалы нешік, жандәрмен күйде арпалыса ұмтылған жау жақтың серейген сенімділері баудай түсіп жатты. Шабуыл барысын жіті бақылап тұрған қырағы командирлер батыр қазақ Жұманың абдырап, саспайтын ержүректігіне, нысананы көздеу мергендігіне дән риза. Әттең, ол ауыр жараланып қалмағанда…

Қас қарая қара түтіні будақтаған деревня кеңестік жауынгерлердің қолына өтіп, кезекті Жеңіс салтанат құрды. Орден, медальмен ұлығыланған ондаған жауынгердің қатарында ержүрек қазақ Жұма Қайыржанұлы да «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Жарақаты ауыр Жұма Қайыржанов ел ішіне, түркіменнің Сталинабад, Душанбе қалаларындағы госпитальға емдеуге жіберіледі. Бұл 1944 жылдың мамыр айы болатын. Сол жылғы маусымның аяғында майдан даласындағы өз бөлімшесіне оралған оны әскери басшылық батырлығын, бірсөзділігін бағалап, кіші командирлер даярлайтын қысқа курста оқытады. Оқуын жақсы тәмамдап, иығына сержант шенін қадаған ол өз бөлімшесін тас-түйін бірлікте ұстап, сол Украина, Белоруссия, Молдова, барлық Балтық бойындағы қалалар мен елді мекендерді азат етуде ауыр-ауыр ұрыстардың алғы шебінде болады. Талай қандыкөйлек қаруластарынан айырылған бөлімше командирі, қайсар қазақ Жұма өз ана тілімен бірге орыс тіліне де жетік еді. Кейде алдағы шабуылдар жайлы үлкен командирлер картаны жайып қойып ақылдасар болса, Қайыржанов өз пікірімен ерекшеленетін.

Сонысын жоғары бағалаған әскери басшылық қазақ жауынгері, сержант Жұма Қайыржановты соғыс бітіп, Жеңіс туы желбіресе де, еліне қайтара қоймайды. Ресей, Белоруссия қалаларында өзіне тапсырылған міндеттерді мүлтіксіз атқарып, туған еліне сегіз жылдан кейін қайтарылады. Мүмкін, соғыстың соңғы солдаты біздің ауылдас ағамыз шығар, кім білген?!

Қарапайым азамат ел мен жерді басқыншы жаудан қорғауды қасиетті борышы санағандықтан да марапаттары ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденін, «Ерлігі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін», «В.И. Лениннің туғанына 100 жыл», т.б. медальдарын Жеңіс күндері болмаса, жарқыратып көп таға да бермейтін.

Бейбіт өмірде де бір күн қарап отырмаған Жұма аға соғыс басталғанша қарапайым балықшы  болып жұмыс істеп, автокөлік жүргізушілерін даярлайтын аудан орталығындағы қысқа курсты тәмамдаған соң ұзақ жыл «Қазақстан» ұжымшарында, Теңіз автокөлік кәсіпорнында шофер болып еңбек етті. Өз ауылы – Нұржаудағы жарық беретін электр моторында, егінге су құятын моторда да жұмыс істеді. Алпысыншы жылдары Алматыдан оқып келіп, аудандық киножүйесі мекемесінің киномеханигі болуға да өмірінің 5-6 жылын арнады. 1976 жылдан зейнет демалысына шықса да, «Ганюшкино» әскерилендірілген күзет мекемесінде әскери күзетші, қажет кезде сондағы өрт сөндіру пойызының моторисі болды.

Жұма Қайыржанов қай ұжымда еңбек етсе де ортақ мүддеге жанашырлықты жоғары қойды, тәртіпті мүлтіксіз сақтап, жауапкершілікті нысана тұтты. Демек оған берілген «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі, басқа да мадақ-марапат – адал еңбегінің айғағы. Жұбайы Мәнзура Рыспайқызы екеуі Надя, Әлия есімді қыздарын мәпелеп өсірді.

Ерекше болмыстың адамы ағайынға не ауылдасқа шаруа салып, өзгені мазалап, мезі қылмай, өз-өзіне сеніп өмір сүрді. Бауыры Хатифтың ұлы, облыстың белгілі спорт бапкері, ауғандық батыр жауынгер Ғабиден Қайыржановтан сұрағанымызда, «Оның мұнысы үлкен атамыз Мұзафар ақсақалдың берген тәрбиесінен, сірә» дегені бар.

Қартайған шағында да велосипедіне отырып, өзен-көлдерден балық аулап жүрген Жұма ағаны жиі көруші ек. Оның «Смена» фотоаппаратының нысанасына ілінбеген нұржаулықтар кемде-кем. Өзен-көлді жағалап, туған далаға жортуыл салған тірлігін кейбір үлкендер оғаштау көрсгенмен, оған Жұма ағамның тайлағы үрке қоймайтын. Барын қанағат тұтып, құбатөбел ғұмырына дән риза серікөңіл майдангер, ерен еңбек иесінің бұл фәни-жалғаннан жүзін жапқалы да жұлдыздай ағып сан жылдар өте шығыпты.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,

журналист-жазушы

Құрманғазы ауданы

Коллаж: Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button