
Мен атаммен мақтанамын
Екінші дүние жүзілік соғысқа бастан аяқ қатысушы «Қызыл Ту орденді соғыс және еңбек ардагері атам Сатыш Кадргужиннің ерлік жолдарын баяндай отырып, Ұлы Жеңістің 80-жылдығы алдында бұған дейін елеусіз ескерусіз қалған қаһармандық иесінің есімі ел тарихында өшпестей із қалдыруын қалайтынымызды білдіргіміз келеді.

Атам Сатыш екінші дүниежүзілік соғыстың тарихында жауды жеңуде түбегейлі бетбұрыс болған Сталинград қаласын қорғауда жанқиярлықпен қаһармандықтың нағыз үлгісін көрсеткен ерлердің бірі. Бұлай деуімізге мына деректер куә болады. Атам Сатыш 1320-шы атқыштар полкі бойынша 02.06.1944 ж. №46 бұйрықпен, «Жанқиярлық ерліктері мен тапсырылған қаруды (пулеметші) үлгілі ұстағаны үшін, снайпер белгісімен, 41035 әскери бөлімі бойынша» Бөлімше командирі кіші сержант Сатыш Кадргужинге неміс басқыншылары мен күресте майдан командаваниесінің жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орындағаны және айбынды ерлік пен батылдық көрсеткені үшін, «Қызыл Ту» орденімен наградталды» делінген құжаттарда. Орёл Курск бағыттарындағы ұрыстарға қатысқан. 1946 жылы 15.07. «Германияны жеңгені үшін» медаль өз алдына. Екі мәрте ауыр жарақат алып бір аяғынан айырылған мүгедектігіне қарамас-тан атам Сатыш соғыстан кейінгі жылдарда 1967 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін Жамбыл атындағы кеңшарда ветеринар болып жұмыс жасады. Мал шаруашылығын өркендету саласында абыройлы еңбек етті. Жұбайы Ерғалиева Күміс әжем екеуі үш бала тәрбиелеп өсірді. Қызы Рабиға, ұлдары Тәжіғали, Жеңіс олардан немере-жиен көрді. 1983 жылы қайтыс болды. Ерлік пен қаһармандықтың талай үлгісін көрсеткен атам Сатыш туралы Ғ.Ғабдуллинаның «Отқа оранған балалық шақ», Ө.Нүриевтің «Құтты мекен –
Қызылжар», Б.Аталықтың «Киелі де қасиетті Жарсуат» деген кітаптар-жинақтарында естеліктерінде жазылған. Менің атам Сатыш осындай кісі болған. Мен осындай адамның немересі болғанымды мақтан тұтам.
Немересі Гүлжан



