
Атырауда ардагерлер футзалда бақ сынады
Ерлік – уақытпен өлшенбейтін, ұрпақ жадында мәңгі сақталатын қасиет. Осындай асыл ұғымды өмірлік ұстанымына айналдырған тұлғалардың бірі – Ұлы Отан соғысының қатысушысы, ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері, отставкадағы полковник Мақсұт Аязбаев. Биыл ел тарихында өшпес із қалдырған ардагердің туғанына 100 жыл толып отыр.
Осы айтулы датаға орай Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Жайық» спорт кешенінде шағын футболдан турнир ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты ел қауіпсіздігі жолында қызмет еткен ардагердің есімін ұлықтау, оның өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі ету, сондай-ақ патриоттық тәрбие мен салауатты өмір салтын насихаттау болды.
Турнирге Атырау облысындағы күштік құрылымдар мен ведомстволардың ардагерлер ұйымдары қатысты. Атап айтқанда, ҚР ҰҚК органдары ардагерлерінің облыстық филиалы, ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің облыстық филиалы, қаржы мониторингі органдары ардагерлерінің ұйымы, төтенше жағдайлар органдары ардагерлерінің ұйымы, сондай-ақ ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің Атырау станциясындағы желілік полиция бөлімінің Ардагерлер кеңесі жарысқа қатысты.
Турнир барысында Мақсұт Аязбаевтың майдандағы және бейбіт өмірдегі қызмет жолы таныстырылып, оның ерлігі мен отансүйгіштік ұстанымы кейінгі буынға үлгі ретінде дәріптелді.
Тоғжан ЕРМЕК



