«Құпия» белгісі бар іс

adobestock 21179688 Саясат

1944 жылы мамыр айының басында Бухарест арқылы Гурьев (Атырау) облысының Жылыой ауданы аумағына неміс армиясының обер-лейтенанты Әлихан Иранов-Ағаев бастаған десант тобы түсіріліп, олар кейін ұсталғаны белгілі. Сол жылдың 11 маусымында Мақат ауданының Қазыбай мекеніне түсірілген кезекті неміс десанттарын да Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (МҚК) жергілікті қызметкерлері дер кезінде ұстады. Бұл топтардың қолға түсуі туралы МҚК полковнигі Серік Шәкібаевтің 1968 жылы шыққан «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітабы 1972 жылы орыс тіліне аударылып басылды. Онда Атырау өлкесіне Вермахт басшылығының арнайы тапсырмасымен келіп түскен Иранов-Ағаев тобы және кейін түсірілген диверсиялық топтарды ұстау жөнінде баяндалады.

Бірақ С.Шәкібаев өз кітабында диверсанттарды ұстау барысындағы мына оқиға жөнінде ләм деп жақ ашпайды. Ал, Қазақстан Республикасы Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Атырау облысы бойынша басқармасының архивінде сақталған «құпия» грифі алынған №221 іс ерекше назар аудартады.

Іс бойынша, қылмыстық жауапқа тартылған Рахмади Хасанов – 125-ші Әскери күзет жасағының атқышы. 1909 жылы Ақтөбе облысы Ойыл ауданының №17 ауылында шаруа отбасында туған ол – Ұлы Отан соғысының мүгедегі, шала сауатты. Отбасымен Доссор кентіндегі 3-ші қазақ ауылының №492 үйінде тұратын оны 1944 жылғы 14 шілдеде Мақат аудандық ІІХК (НКВД) бөлімі қамауға алып, РКФСР Қылмыстық кодексінің 193 бабының 15 «д» тармағымен істі болған. Бұл бап бойынша, «Әскери қызмет атқарудың белгіленген тәртібіне қарсы бағытталған, Жұмысшы-шаруа Қызыл Армиясы қатарындағы солшыл немесе басқа адамдардың жағдайы кезінде Қызыл Армияның запастағы әскери қызметшілері мен әскери міндеттілерінің жасаған қылмыстары «әскери қылмыстар» деп танылады…»

НКВД Мақат аудандық бөлімінің бастығы, капитан Заболотный қозғалған іске тігу үшін аудандық бөлімде жеке фотографтың болмауына байланысты Р.Хасановты фотоға түсіру мүмкіндігінің жоқтығы жөнінде жоғары басшылыққа анықтама жіберген. Ал, Хасанов Гурьев қаласындағы №9 түрмеге жеткізілген. НКВД тарапынан айыпталушы 14 маусым, 19 маусым және 23 маусым күндері жауапталыпты.

Бұл оқиғаға қатысты С.Шәкібаевтің кітабындағы диверсанттарды ұстау оқиғасы туралы жазғанына назар аударып қарайық.

«…Оперативтік отряд басшысы Ғазиз Хұсайынов бастаған топ машинамен Қазыбай құдығын бағытқа алып шығады. Айдаладағы жолдан велосипед ізін байқаған Ғ.Хұсайынов машинадан түсіп, шолу жасады. «Айдаладағы велосипед ізі қайдан келген?.. Жақын маңда ауыл да жоқ…»

– Ей, кім біледі, мына жол қайда апарады? – деп, Хұсайынов машинада отырғандарға айғайлады.

– Гурьевке баратын жол, – деп жауап берді шофер…»

Одан әрі оперативтік топтың құдық басына сәл тынығып, шөлін қандырған соң велосипед ізімен Гурьевке қарай бағыт алғаны баяндалады. Жолмен кетіп бара жатқан велосипедші бұрылып, қуғыншыларды көріп жол жиегіне отыра кетеді.

«…Кабинадан түскен Хұсайынов:

– Сен кімсің?

– Адаммын.

– Фамилияң кім?

– Саған неге керек?

– Қайдан келесің?..

Велосипедші үндемеді. Пистолетін шығарып Хұсайынов «тұр!» деп айқайлап, жолдастарына «мынаны тінтіңдер» деді. Оның жанқалтасынан паспорт, пистолет, компас алды…

Ғ.Хұсайыновтың қойған сұрағына велосипедті жолаушы «Менің фамилиям – Қапалақов. Біз түнде үшеуіміз парашютпен түстік», – деп жауап берді.

– Ал қалған екеуі қайда?

– Парашютпен түскен жерде қалды. Осы жолмен кері бағытқа жүрсеңіздер, сонда оларға дәл барасыңдар.

– Кузовқа отыр, қайда екенін көрсетесің!..

Оперативтік отряд кері жолға түсіп, жүріп кетті…»

Ал, архивтегі құжаттар бойынша оқиға басқаша сипатта өріледі. Рахмади Хасановты осы жерде қалдырып, оперативтік топ мүшелері диверсанттардың көмген заттарын қазып алуға кеткені жөнінде мүлдем айтылмайды. Керісінше, қалған екі диверсантты ұстауға кеткені баяндалып, істегі оқиға осы екі арада өрбиді.

Архив деректеріне сүйенсек, қолға түскен парашютшілер мен қару-жарақ, мүліктерді күзетуге Р.Хасанов қалдырылған. Қалған оперативтік топ мүшелері диверсанттардың көмген басқа дүние-мүлкін қазып алуға кеткен.

С.Шәкібаевтің келтірген дерегі бойынша, қолға түскен диверсант – Қапалақов. Бұл топқа неміс әскери басшылығының берген тапсырмасы – «мамыр айында келіп түскен кезде Ә.Иранов-Ағаев тобының рациясы істен шыққан болатын. Диверсант-десант Қапалақовтың негізгі міндеті – Ағаев тобына жаңа рация жеткізу және Гурьев қаласындағы радист-байланысшы Көкпаевқа ақша, құран, листовкаларды жеткізу, Көкпаевты Иранов-Ағаевпен байланыстыру» еді.

Архив деректеріне назар аударсақ, екінші диверсиялық топты ұстауға 8 адам қатысқан.

1944 жылдың 14 маусымындағы тергеу хаттамасында берген жауабында Р.Хасанов 1943 жылдың мамыр айынан 125-ші Әскери күзет жасағының атқышы қызметінде екенін айтады. Неміс парашютшілерін ұстау операциясына бірінші рет 10-20 мамыр аралығында Жылыойға түскен Иранов-Ағаев тобын, екіншісі 11 маусым күні Мақат ауданындағы Қазыбай мекеніне түскен парашютшілерді ұстауға қатысқан.

14 маусым күні жауапталушы Р.Хасановқа «өзіңіздің кінәңізді мойындайсыз ба?» деген сұраққа ол өзінің кінәсін толық мойындап, алған 58900 сом ақшаның мөлшерін айтып, қолын қойған.

Соған қарағанда, Р.Хасановқа ақша бергені жөнінде тергеп-тексеру барысында парашютшінің өзі айтса керек. Себебі, ол Германиядан келген жау парашютшілері ұсталғаннан үш күн өткен соң ғана тұтқындалған.

Ал, 19 маусым күнгі тергеуде Р.Хасанов «мені тұтқындағаннан кейін үйден 8800 сом ақша алынды, соның 1500 сомы – өзімдікі, ол ақша 4 маусым күні жеке меншігімдегі қойымды сойып, саттым, сол еттің ақшасы» – деп жауап берген. Тергеу хаттамасы бойынша:

«…– Сізді аудандық бөлімге әкелгенде, парашютшіден қанша ақша алғаныңызды бірден неге мойындамадыңыз?

– Мен мойындауға қорықтым 57 400 сом ұрлағанымды. Тергеуде менен 100 мың сомды талап етті. Бірақ артынан алған ақша жөнінде және қайда жасырғанымды мойындадым…»

Диверсанттан алған құран кітап жөніндегі сұраққа  Р.Хасанов «операциядан соң келгенде, үйінде Сағыз станциясына жақын жердегі Былқылдақты ауылдық кеңесінің тұрғыны Тайтин Бөлекбаевтың болғанын, ол Сағыз станциясына алып кетіп, қарттарға оқытып, кітапта не жазылғанын білгісі келгенін» айтады. Тергеушінің «құранды өзің бердің бе, әлде ол сұрап алды ма?» деген сұрағына «құран інімнің қолында болды, Бөлекбаев содан алды» деп жауап берген.

Тергеушіні Тайтин Бөлекбаев та қызықтырғанға ұқсайды. Оны «Сағызда ма, әлде Былқылдақты ауылдық кеңесіне қарасты колхозда тұра ма?» деп нақты сұрайды. Р.Хасанов «Т.Бөлекбаев жалғызбасты, Сағыз станцияда не Былқылдақтыда тұрады, жасы 35-тер шамасында, өкпе ауруымен ауырады» деп жауап берген.

«Тергеуші: – Ақшадан басқа неміс парашютшісінен тағы қандай бағалы заттар алдыңыз?

Жауапталушы Хасанов: – Мен екі құран кітап алдым, оның біреуін өзіммен бірге 3-ші ауылда тұратын көрші Хұсуму молдаға бердім. Құраннан басқа бір қалбыр (консерві) мен бір қалаш нан алдым. Басқа ештеңе алмадым.

Тергеуші: – Ал екінші құран кітабы қайда?

Жауапталушы: – Ол кітапты өзім тығып тастадым. Қайда тыққаным қазір есімде жоқ.

Тергеуші: – Хұсуму молдаға құран кітапты қандай мақсатта бердіңіз?

Жауапталушы: – Ешқандай мақсат көздеген жоқпын, кітапта не жазылғанын білгім келді, себебі өзім хат танымаймын.

Тергеуші: – Сіздің парашютшіден ақша алғаныңызды оперативтік топ мүшелерінен кім біледі?

Жауапталушы: – Мен парашютшінің 7300 сомын ұрлап алдым және парашютшілер басшысынан 50100 сом ақша алдым. Бұл туралы оперативтік топ мүшелерінен ешкім де білмейді.

Тергеуші: – Сонымен 7300 сомды ұрлап алдыңыз, ал қалған 50100 сом ақшаны парашютшілердің командирі берді ме?

Жауапталушы: – Иә…»

1944 жылғы 9 қыркүйекте Ақтөбе облысындағы НКВД басқармасы Соғыс трибуналының мәжілісі өтіп, оған әділет майоры Никитин, лейтенант Г.Б.Иванов, кіші лейтенант Г.Б.Бекашев, хатшы, кіші лейтенант Коськовецко, Ақтөбе облысындағы НКВД  Әскери прокуроры, әділет майоры Бессарабенко қатысқан. Мәжілісте Әскери прокурордың көмекшісі, әділет капитаны Артемьев бекіткен №221 іс бойынша айыптау қорытындысы қаралып, Р.Хасановтың ісі сотқа жолданады. Істі ашық сот мәжілісінде қарап, айыптаушы, қорғаушы және куәгерлерсіз өткізу жөнінде шешім қабылданған.

Ақтөбе облысы НКВД Соғыс трибуналының Гурьев қаласында 23 қазан күнгі сот мәжілісі әділет майоры Никитиннің төрағалық етуімен, мүшелері – старшина Шел, старшина Баракаев, хатшы, лейтенант Парусимовтың қатысуымен өтті.

Трибунал тарапынан қойылған сұрақтарға жауап хаттамасы бойынша берген жауабында Р.Хасанов: «оперативтік топ мүшелері диверсанттар көмген заттарды қазып алуға  кеткен кезде, машинаның қасында тұрған оған парашютшілер командирі жақын келіп, жанқалтасынан 7300 сом беріп, «Бұл ақша – менікі, ендігі жерде мен оны жарата алмаймын, сен өз керегіңе жарат» деп берді. Мен жан-жағымда ешкім болмаған соң ақшаны противогазға салып алдым. Біраздан соң ол маған тағы да кішкене дорбаны тағы берді, «мұнда 100 мың рубль бар, бұл ақшаны Германиядан алып келдім, қорықпа, Кеңес өкіметінің есебінде жоқ, бұл ақша да саған керек болады» деді. Қасымызда оперативтік топтан ешкім болмаған соң, берген ақшаны алып, противогазға салып алдым…» – деп жауап беріпті.

Десанттарды ұстау операциясы аяқталған соң оперативтік топ қайтадан Доссорға келгенде Р.Хасанов үйіне сұранып кеткен. Кейін тергеушіге берген жауабында ақша берген диверсанттың есім-сойы айтылмайды. Тек шартты түрде «неміс парашютисі» деп аталады. Сонда бұл ақшаларды Р.Хасановқа берген – С.Шәкібаевтың келтірген дерегі бойынша, бірінші болып қолға түскен Қапалақов болып шығады.

«…11 шілде күні мені үйге босатты. Үйге келген соң дорбаны ашып қарап, ондағы ақшаны санадым. Дорбада парашютші айтқандай 100 мың рубль емес, 50 мың рубль болып шықты. Мен барлық ақшаны пәтерімдегі голланд пешіне тығып, сыртына тас қалап майлап тастадым. 14 маусым күні аудандық НКВД бөлімінің бастығы Заболотный шақырып, ақша туралы сұрай бастады. Бастапқыда мен мойындамадым, ол «үйіңе тінту жүргіземіз» деген соң, мойындадым. Заболотный үйге жедел өкілдерді жіберіп, тінту жүргізіп, тығылған барлық ақшаларды тауып алды. Ақшаны тыққан себебім – «жанұям білмесін» дедім, ақшаны ерте болсын, кеш болсын, біреу-міреу тауып алса, мені соттайды» деген оймен жалғыз өзім тықтым.

Сот барысында  «неліктен ақшаны оперативтік топтың басшысына немесе аудандық НКВД бастығына бермедің?» деген сұраққа айыпталушы Р.Хасановтан «ақша берген парашютшіні бәрібір де атып тастайды, ал менің ақша алғанымды ешкім білмейді, ал ақшаның маған көп көмегі тиеді» деп ойладым, – деген жауап алды.

Әскери трибунал тарапынан: «Бұл әрекетіңмен жаумен келісімге келгеніңді білесің бе?», – деген сұраққа  айыпталушы: «иә, білемін» – деп жауап берген.

Сонымен, төрт айға созылған тергеу аяқталып, Ақтөбе облысындағы НКВД әскерінің Соғыс трибуналы әскери күзет жасағының атқышы Рахмади Хасановты 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Ол 1944 жылдың 23 қазаны күні үкіммен танысып қол қойған.

Әскери трибуналдың сот хатшысы, лейтенант Парусимовтың Гурьев қалалық НКВД-ның №9 түрме бастығына Ақтөбе облысындағы НКВД әскері Соғыс трибуналының 17 қараша күнгі №51244 қатынас қағазы арқылы үкімнің күшіне енгенін және ол туралы сотталушы Р.Хасановқа хабарлау тапсырылған.

…Сонымен, 70 жылға жуық «құпия» грифі соғылған бұл іс шаң басқан архив қоймасында жатты.

Аққали АХМЕТ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның мүшесі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз