Уақытты не пайда санағаннан, алатұғын өмірде бағаңды біл! (Эссе-элегия)

Agu Tabyildiev Қоғам

Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы,

Біз оны көп іздейміз жоқтап әлі.

Әбділда Тәжібаев

«Болмағандай, жүрмегендей сен де, біз,

Кетеміз-ау, әй, кетеміз, …пендеміз.

Ұрпақтарға береміз де кезекті,

Біз кетеміз. Кету үшін келгеміз» – деп ұлы Мұқағали айтқандай, көз алдымызда пейілінің кеңдігі, жан дүниесінің тазалығымен айналасына мейірім шуағын шашып жүрген жаны жайсаң Хисмет ағамызды қаңтардың қытымыр аязды күні қайтпас сапарға қимас көңілмен шығарып салғанымызға да жыл толыпты-ау… Қуанышы мен қайғысы алмаса жүретін бұл фәниде өмір мен өлім алмасып, алғашқысы соңғысына орын босатып жатқан жалған тірлік қой. Тіршілігінде тағылымын көріп, тәлім алған абыз ағаның бақилық сапарға озғанына жыл болғанымен, мейірімді нұрлы бейнесі санадан өшер емес.

Агу Табылдиев

«Санаулы күн,

Санаулы ай,

Санаулы жыл.

Санай жүріп самайлар ағарды кіл.

Уақытты не пайда санағаннан,

Алатұғын өмірде бағаңды біл!» – деп Мұқағали айтқандай, әркімнің ғұмырлық жолы артында қалдырған шуақты іздерімен өлшенбек, жүрекжарды естелік сол аяулы аға жайлы болмақ.

Уақыт өткен сайын мұзарт шыңдардың да аласаратыны, телегей теңіздердің де тартылатыны, асау өзендердің де сабасына түсетіні сияқты, тәңір әуелден-ақ елден өзгеше тағдыр, ерекше алғырлық, дарын сыйлаған аяулы ағаның бүгінде аңызға айналған ізгі істері мен асыл қасиеттері қалды.

Хисекең ағамен кіндік қанымыз тамып, өскен жеріміз бөлек, жас шамамыз алшақ болса да, етене жақын араластық. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне департамент директоры қызметіне келген 2009 жылдың қазанынан басталған таныстығымыз зор сыйластыққа ұласты. Сыйласып та, сырласып жүрген кезеңде ағаның адами болмысына, азаматтық әлеміне тәнті болдым.

Даңғаза мақтанып-масаттанудан жаны ада, қашанда тынымсыз тірлік пен мызғымас бірліктің ортасында жүретін, адал еңбегімен елінің қадірлі де, қасиетті азаматы дәрежесіне көтерілген жүрегі мейірімді, ісі қайырымды Хисмет ағамызды еске алғанда, көз алдымызға сұңғақ бойлы, сымбатты да бидай өңді, ашық жүзді, ақжарқын мінезді азаматты елестетеміз!

Хисмет ағаның болмысы мүлде өзгеше еді… Жеке бас ұқыптылығында, тиянақтылығында шек жоқ, күнделікті киім киісі мен жүрісі де жоғары талғамға сай, үлгі-өнеге аларлық бекзат болмыс еді. Текті тұлға дегеніміз осындай-ақ болар деп ойлайсың.

Хисмет Бозанұлының артында қалған бір арнаға тоғысқан өзеннің үш саласындай дара жолындағы ғұмырлық жолын ұстаз, ғалым және қайраткер ретінде қарастыруға болады. Ең бастысы, Хисекең ұстаз, бар болмысымен, табиғатымен, бұдан да гөрі нақтырақ айтсақ, өз кәсібін шынайы жүректен сүйген, соған адал пейілімен берілген «қазақтың қаны бір, жаны бір…» (М.Жұмабаев) қайраткер азаматы. Әр шәкіртінің болашақ өмір жолында азамат болып қалыптасуына тұғыр, зор жетістікте жетуіне даңғыл жол ашқан ұстаз бола білді. Бұл күндері Хисекеңнен дәріс алған шәкірттері кең-байтақ еліміздің әр түкпірінде жас ұрпақ тәрбиесі жолында жемісті еңбек етуде. Хисекең ұстаздық, басшылық қызметін ғылыми жұмыспен ұштастыра отырып, «инемен құдық қазып», ғылымның асқар шыңын бағындырды, ғылым докторы атанды. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демей ме, елге танымал ғалым болғаннан кейін өзіне өкшелес жас буынға үлгі, өнеге бола жүріп бірнеше ғылым кандидаттарын даярлап шығарды. Бүгінде Әділбек Тұрдалиев, Әния Ермағамбетова Хисекеңнің «шекпенінен шыққанбыз» деп мақтан етеді. Сондай-ақ, ғалым аға М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы Біріккен Диссертациялық Кеңестің мүшесі бола жүріп, талай жанның ғылым жолындағы еңбегінің шынайы ақжолтай қолдаушысы да болды.

Хисмет Бозанұлының өмір жолында ұстаздық, ғалымдық еңбегіне қарағанда ұйымдастырушылық, басшылық қызметінің шоқтығы мұзарт шыңдай биік, дара көрінеді.

Негізі 1950 жылы Гурьев мұғалімдер институты болып қаланып,  бүгінде атағы кең жаһанға мәшһүр болып отырған Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қалыптасып, өркендеуі жолында Хисмет Бозанұлының еңбегі ұшан-теңіз.

Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті Жоғары білім беруді одан әрі жетілдіру, мамандар мен ғылыми-педагог кадрлар даярлаудың аймақтық университет жүйесін дамыту мақсатында 1994 жылы 2 маусымда №584 қаулысымен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау педагогика институтын  Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті етіп қайта құрды. Атырау жерінде бой көтерген алғашқы университеттің тұңғыш ректоры лауазымы Хисмет Бозанұлының тағдырында маңдайына жазылған бақ болыпты. Жаңа басшы ретінде статусы өзгерген оқу орнының материалдық-техникалық базасын соңғы талапқа сай құру жолында қыруар жұмыстар атқарды. Айтар ауызға оңай болғанымен, сол кездегі ел астанасы – Алматы мен Атырау арасында талай мазасыз күндер мен ұйқысыз түндерін өткізді. Адал еңбек, төккен тердің арқасында Хисмет Бозанұлы елімізде жоғары білім саласының білгір ұйымдастырушысы бола білді.

Бұл күндері Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті де еліміздің ағарту, ғылым мен мәдениеті көшбасшыларының бірі ретінде әлемнің классикалық университеттері сияқты қарыштап дамып келе жатқан Қазақстанның заманауи жоғары оқу орындары санатында.

Қытайдың данышпан ойшылы Конфуций «Байыптылық, жомарттық, кеңпейілділік, адалдық және мейірмандылық – асқан адамгершілікті көрсететін бес қасиет» деген екен, Хисмет ағай дүниеден өтсе де, оның бойындағы ерен адамгершілік қасиеттері – мейірімділігі, адалдығы, парасаттылығы, адамға қамқорлығы, жас ұрпақ тәрбиесі жолындағы қажырлы еңбегі, биік болмысы мен кісілік келбеті көзін көріп, өзімен сыйлас, тілектес, әріптес болған және білім-тәрбие берген шәкірттері көкейінде жаңғырып тұрары хақ!

Қазақта «Бақ деген – құс, ұшады да кетеді. Тақ деген – түс, кіреді де кетеді. Байлық деген – мұз, ериді де кетеді. Мәңгілік қалатын – адал іс» деген ұлағатты сөзі бар. Бүкіл саналы ғұмырын университет қабырғасында өткізген Хисмет ағай киелі қара шаңырақтың артына адал іс қалдырған, іргетас тірегі бола білген еңбегі ерек, болмысы бөлек тұлға еді…

Өйткені, ол тынымсыз еңбегімен, ақыл-парасатымен тек Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ғана емес, республиканың түкпір-түкпіріндегі жора-жолдастарының,  замандастарының, сан мыңдаған шәкірттерінің сый-құрметіне бөленген біртуар азамат болды. Марқұм «тарыдай»  боп босағасын аттаған Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде жарты ғасырдан аса қызмет жасап, «таудай» болып өніп-өсті, бағы жанып, абыройы артып, мәртебесі жоғарылады, есімін оқу орны шежіресіне қалдырды. Хисмет Бозанұлы қиын-қыстау заманда өмірге келіп, өзінің күш жігер-қайратымен, адал еңбегімен ерте есейіп, ел қатарына қосылған азамат, қоғам қайраткері.

Бүкіл саналы ғұмырын білім мен ғылымға, оның ішінде жоғары мектеп саласына арнап, «өз ісінің маманы, көпшіліктің адамы» (әл-Фараби) бола білген Хисмет ағамыз мәнді де, мағыналы өмір сүрді. Соңына ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі істері мен мол ғылыми мұрасын қалдырды.

«Байқаймысың,байқаймысың

Мына ғажап тамашаны:

Бір адамға байланысты бір адамның болашағы.

Байыппен көз жіберсең асау жылдар өрісіне,

Бір адамға байланысты бір адамның жеңісі де» деп қазақтың көрнекі ақыны Мұхтар Шаханов айтқандай, Хисмет ағамыздың саналы ғұмырында жеткен жетістіктері мен шыққан биігіне өмірлік қосағы Майра апамыздың еңбегі ерен.

Ер адам үшін нығмет атаулының ең абзалы – салиқалы да сабырлы, бекзат мінезді, тәрбиелі де өнегелі, есті де текті, ибалы да инабатты әйел екені ақиқат, ізгі әйел – үйдің жылуы. Қазақта «Ердің қосы оңбай, ісі оңбайды», «Дарын мен талант Құдайдан, ердің бабы жұбайдан» деген аталы сөз тағы бар. Жалпы, жігітке жақсы жар – жаратқанның берген өмірлік ырыздығы. Апамыз ағамызды қыран құстай баптап, көзінің қарашығындай сақтап, бар жағдайын жасап, мәпелеп ұстады. Майра апамызбен отбасылық өмірдің де қызығын тамашалап, ата-баба аманатына сай адал ұрпақ тәрбиеледі, өкініштісі, өмірден көргені көп, көңіліне тоқығаны мол, нағыз мәуелі бәйтеректей толысқан шағында дүниеден озды.

«Өткен адам болады көзден таса,

Өлді, өшті, оны ешкім ойламаса.

Ол кетсе де белгісі жоғалмайды,

Керектісін ескеріп ұмытпаса» деп Шәкәрім айтқандай, Хисмет ағамыз өмірден өтсе де ізгі істері ел жадында сақталып, ұмытылмайтыны, керуен көші жылжыған сайын, оның тұлғалық қасиетінің мұзарт шыңдардай биіктей беретіні сөзсіз. Хисекең мына фәни дүниеде бойындағы әкенің қаны, ананың сүтімен дарыған тектілігін парасаттылығымен, көркем мінезімен, көпшілікпен сыпайы қарым-қатынасымен, тоқ етерін айтқанда, биік болмысы, кісілік келбетімен адамгершіліктің ғажайып үлгісін көрсете білді.

Ортағасырлық философ Сұлтан Санжар «Жаратушы дүниеге келген әр пендесінің кеудесіне жан салып, бойына алуан қасиет дарытады. Адам баласы тіршілігінде осы аманатты асқан ыждаһаттылықпен пайдаланып, өзінің ғана емес, көптің қажетіне жаратуға тиіс.  Өлшеп берген өмір тұйықталып, аманат иесіне қайтқанда сондай жандардың тағылымды істері барша адамзаттың ортақ игілігіне айналады. Осылай өмір сүргендердің екі дүниеде жүзі жарқын болады» – деген екен, ол бекзат болмыстың, сарқылмас сабыр мен таусылмас төзімнің иесі, парасаттылық пен азаматтықтың өнегесі, алдыңғы буындағы аға ұрпақтың құрметіне бөленген, кейінгі ұрпаққа үлгі болған біртуар тұлға еді. Асыл аға артына қалдырған мол рухани мұралары арқылы саф алтыннан құйылғандай ғұмырлық зәулім мүсінін сомдап кетті, есімі керуен көші жылжыған сайын мұзарт шыңдардай асқақтай берері сөзсіз!

Сөз соңында, «Тірі өледі, жер қойнауы – жатағы, ізі қалады, болса жақсы атағы» (Жүсіп Баласағұн) дегендей, көрген түстей болып, сол бір қайта оралмас қимас шақпен кеткен өнегелі ғұмырдың дара жолын,  Табылдиев феноменінің ерекше сәттерін көзін көрген көпшіліктің көңіл көкжиегіне жаңғырта алсақ, зор мархабат деп ойлаймыз.

Солтанбек ҚАСЕНОВ,

Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының проректоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз