КӨШБАСШЫ

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.

Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері.

Мың кісілік концерт залын толтыра қою оңай шаруа емес еді. Нұрсұлтан өз достарын жұмылдырып, мектептерге, мекемелерге барып, афиша ілдіріп, билет таратып, залды лық толтырыпты. Әнші апайын концерт соңынан гүл шоғын сыйлап, қазақша, украинша, орысша құттықтапты.

Ол кезде Нұрсұлтанның жетпіс бір жерлесінің бәрі өзіндей үш тілде сайрап тұрған жоқ еді. Кейбіреуі біліп тұрғанын орысша жеткізе алмай қорланады екен. Сонда мұғалімдер: «Мынаның не айтып отырғанын түсіндіріп бер», – деп Нұрсұлтанды шақыртады екен. Ол жерлесіне: «Ешқандай мүдірмей сөйлей бер, қалған жағына мен жауап беремін», – дейді екен.

Сөйтіп, талайлардың сауабын алыпты. Бірақ, ұятқа да қала жаздаған жері болыпты. Бір сабаз келген сұрақтың орнына демалыс күні паркке барғанын, киноға кіргенін, уақытты қалай өткізгенін айтып, зулай жөнеліпті. Нұрсұлтан да досының әлгі ұрлығын жасырып, тігісін білдіртпей зулай жөнелгелі жатыр екен. Шәкіртінің айтқанын зер сала тыңдап отырған мұғалімі: «Слушай, что за парк, что за кино?..» – депті.

Осындай қызықтары да толып жататын, жастық шақтың ондай-мұндай кедір-бұдырларына қарамастан, қазақ шәкірттері негізінен табысты оқыды. Оған осы топтың ұстазы болған Дмитрий Иванович Погореловтің сіңірген еңбегі де өте зор еді. Бір күні сыныптағылар одан: «Біз өскенде кім боламыз?» – деп сұрайды. Шебер шәкірттеріне қадала қарап тұрып: «Сен инженер боласың, ал сен цех бастығы боласың!» дейді. Ал, Нұрсұлтан Назарбаевқа: «Сен премьер-министр боласың!» дейді. Рас, бұл – көп айтылған, көп жазылған жайт. Бірақ, ол Погореловтің көрегенділігін жоққа шығара алмайды. Бәлкім, ол шәкірттің алды-артына жіті үңілетін аңғарымпаздығын, бәрін салыстыра ойлап барып тұжырым жасайтынын, бастамашылдығын, алдымен көзге түскісі келетін алғадай мінездерін басқалардан гөрі бұрынырақ байқап, ертерек таныған шығар. Не де болса, Погореловтің қырағылығы басқалардың қырағылығына ұқсамайды.

Қазақ жастары арасындағы мұндай ынтымақты көре алмайтындар да бар еді. Соған қарамастан оқу ойдағыдай аяқталып келе жатты. Ойда жоқ жерден Теміртау оқиғалары туралы хабар дүңк ете қалды. Ол кезде Кеңес Одағында мұндай жағдай болады деген үш ұйықтасаң түсіңе кірмейтін нәрсе. Ұйтқып-ұйтқып ол да басылды. 1959 жылы 9 қыркүйекте тәт­ті ұйқыда жатқан қазақ жастарын төсек­тен тұр­ғызып алып, милиция бөліміне әкелді. Сөйтсе, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының сессиясына барған Н.С.Хрущевқа Теміртау оқиғалары туралы сұрақ қойылады. Оған шешен: «Ешқандай бүлік жоқ», деп төтесінен тойтарып жауап береді. Онысымен де қоймай, аяғындағы туфлиін шешіп алып, микрофонды сабалап, айқайға басады.

Мұны естіп алып, Днепрод­зер­жин­с­кі­дегілер өздерінше сақтана бастайды. Оқып жүрген шетелдік студенттерді елдеріне қайтармақ болады. Қазақстандықтарды да ше­телдіктер деп ойлайды. Мұндайды көр­меген жастар қатты абыржыды. Сабыр сақтаған жалғыз Назарбаев болады. Ол өздерінің шетелдік емес екендіктерін, Кеңес Одағының азаматтары екенін, Теміртауда не болып, не қойып жатқандарын білмей­тін­дік­терін, ол кезде бұлар осында оқып жүр­­гендерін айтып түсіндіреді. Жоралы сөз­ге иліккен жергілікті әкімдер жастарды босатады.

Бірақ, соңдарына бір жабысқан пәле қапелімде оңайлықпен айырыла қоймайды. Сол жылғы 31 желтоқсанда Жаңа жыл кешінде қазақ жігіттері джаз оркестрдің жетекшісімен сөзге келісіп қалады. Оны көрген жақтастары жұдырықтарын түйіп өре түрегеледі. Саны аз қазақстандықтар қаша жөнеледі. Бірақ, милиция бәрін ұстап алады. Ертеңіне ешбірін қалдырмай елге қайтаруды ұйғарады. Тағы да жағдайды Назарбаев жөндейді. Кешегі сөзге келісіп қалғандарды джаз жетекшісінен кешірім сұратады. Бұған екі жақ та риза болады. Айлар бойы тер төккен есіл еңбек рәсуа кетпейді. Сөйтіп, жас жігіттің мәмілегерлік қабілеті танылады.

Ең бастысы, ол сол сапардан нағыз металлург болып елге оралады. Қара металлургияда ең жоғарғы разряд оныншы разряд еді. Училищені бітіргенде ол сегізінші разрядты алып шығады. Бұл әлі бұғанасы қатып үлгермеген жас маман үшін аса биік көрсеткіш еді.

1960 жылы 3 шілдеде Қарағанды металлургия комбинаты ашылады. Тұңғыш қазақстандық шойын құйылды. Мұның аржағында академик Қаныш Сәтбаевтың және әріптестерінің терең ақылдары тұрғаны, Атасуда, Соколов-Сарыбайда, Лисаковскіде, Качарда темір рудасының, Қарағандыда көмірдің көп екендігі ескеріліп, осындай шешімге тоқтағанын айта келіп: «Біз күні бүгінге дейін Қанекең жасап беріп кеткен металлогендік жаңа болжам картасындағы қазба байлықтарды игерумен келе жатырмыз», – дейді Н.Назарбаев.

Сол шойынды алғаш айырғандардың арасында Украинадағы оқудан жаңа қайтқан Нұрсұлтан да болды. Домна операторының кіші көмекшісі еді. Одан аға көмекшіге, одан газшының көмекшісіне, одан газшыға ауыстырылады. Осының бәрі бір жылда болған өсу еді. Кейін құю машинасының шойыншысы болады. Арада тағы бір жыл өткенде аға горновойлыққа жетеді. Мұның бәрі айтуға ғана оңай еді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз