
Ұстаздар озып, шәкірттер жеңіс жолын жалғады
Білім мен тәрбие беру ісінде талай жетістікке жетіп жүрген Атырау қаласындағы №41 Әбіш Кекілбайұлы атындағы мектеп-гимназиясының ұстаздары мен оқушылары спорт алаңында да табандылық пен жеңімпаз рухтың жарқын үлгісін көрсетті.
Облыстық спартакиадада мектептің ұстаздар командасы шағын футболдан І орынды жеңіп алып, республикалық кезеңге жолдама алды. Бұл жеңіс – ұжымдық ауызбірлік пен спортқа деген сүйіспеншіліктің, ұстаздық рухтың айғағы.
Сондай-ақ осы мектептің 9–11-сынып оқушылары Ұлттық мектеп лигасының облыстық кезеңінде волейболдан І орынды иеленіп, республикалық жарысқа жолдама ұтып алды. Оқушылардың бұл жетістігі – жетекшілері Данияр Хайдарұлы мен Ерқуат Жұматайұлының ерен еңбегі мен шәкірттерге деген сенімінің жемісі.
– Жеңіс – тек нәтиже емес, ол еңбектің, сенім мен табандылықтың жемісі. Біздің ұстаздар мен шәкірттер білімде де, спортта да алдыңғы қатардан көрініп келеді, – деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Ақбөбек Бауыржанқызы.
Мектеп ұжымы жеңімпаз ұстаздар мен оқушыларды шын жүректен құттықтап, республикалық сынға сәттілік пен жаңа табыс тіледі.
Алмас ҚАБДОЛ



