Жарнама
Спорт

Ұлттық спортқа кең өріс ашылды

Қазақтың ұлттық спорт түрлері – ұлттың рухани коды, мәдениетінің айнасы. Атырау өңірінде соңғы жылдары ұлттық спорттың жаңа серпінмен дамуы байқалады. Бұл бағытта Атырау облыстық ұлттық спорт түрлерінің спорт клубы маңызды роль атқарып отыр. Клубтың басты мақсаты – өңірде ұлттық спорттың барлық түрлерін дамыту, білікті бапкерлер мен спортшылар даярлау және оларды халықаралық деңгейге шығару.

Былтыр қыркүйекте құрылған клуб алғашқы күннен-ақ жүйелі жоспар мен нақты бағытқа бет алды. Бұрын ұлттық спорт түрлерінің кейбірі әр мектептің құрамында жеке болса, енді бәрі бір орталыққа біріктіріліп отыр. Мұндай құрылым облыстық деңгейде алғаш рет жүзеге асуда.

– Мақсатымыз – Атырау облысында ұлттық спорт түрлерінің орталығын қалыптастырып, осы бағыттағы спортшылар мен бапкерлердің әлеуетін арттыру. Сондай-ақ әр спорт түрі бойынша білікті мамандарды жинап, облыс намысын республикалық, халықаралық деңгейде қорғайтын мықты спортшыларды дайындау, — деді клубтың директоры Асылбек Қалиев.

ulttyq 2

Клуб алғаш құрылған уақыттан бастап қазақ күресі, тоғызқұмалақ және дәстүрлі садақ ату секілді спорт түрлерінен бөлімшелер жұмыс істей бастады. Бұрын бұл спорт түрлері түрлі мектептер мен федерациялардың қарамағында болған. Ал осыдан бір жыл бұрын бұл бағыттар клубтың өз құрамына өтіп, орталықтандырылған жүйеге көшірілді.

Жаңа құрылымның алғашқы жетістіктері де елеулі. Қазақ күресінен Әлем кубогының жеңімпазы Бекет Жүніс халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Ал палуан Бекарыс Мұратұлы сол әлем кубогында күміс жүлдегер атанып, өңір абыройын асқақтатты. Дәстүрлі садақ атудан Әли Сесигүзел әлем кубогының жеңімпазы болып, халықаралық спорт шебері атағын қорғаған.

Өткен жылы дәстүрлі садақ атудан облыс спортшылары ересектер арасында 2 алтын, жастар арасында 3 алтын медаль жеңіп алып, командалық есепте бірінші орынды иеленді. Бүгінде Атырау өңірінде бұл спорт түрі ерекше қарқынмен дамып келеді. Бұл бағытта спортшылардың көрсеткіші де жоғары. Қазірдің өзінде Корея еліне әлем кубогына аттанған спортшылар бар, ал былтыр өткен Көшпенділер ойындарында өңір спортшысы қола жүлдеге қол жеткізді.

ulttyq 3

Қазақ күресі мен жекпе-жек түрлерінен де атыраулықтар үздік нәтижелер көрсетіп жүр. Биыл қазақ күресінен Аружан Жандарбай Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанып, кейін Түркістанда өткен Азия чемпионатында да алтыннан алқа тақты. Сонымен қатар дәстүрлі садақ ату мен тоғызқұмалақтан да «Ақ бидай» ойындарының жеңімпаздары шықты.

Қазір клубта 7 спорт түрі бойынша жұмыс жолға қойылған. Алдағы жылдары ат спорты, құсбегілік, көкпар, теңге алу, жамбы ату, асық ату және аударыспақ секілді дәстүрлі спорт түрлерін қосу арқылы олардың санын он бірге жеткізу көзделіпті.

– Біз тек спортшыларды дайындап қоймаймыз, әр спорт түрі бойынша облыстың аға жаттықтырушыларын тағайындап, оларды аудандық деңгейде іріктеу жүргізуге жібереміз. Ауданнан келген үздік спортшылар облыстық оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысады, — деді А.Қалиев.

Атырау облысында ұлттық спорт түрлерінің дамуы ауылдарда да жанданып келеді. Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында аударыспақ және бәйге бөлімшесі ашылып, екі бапкер жұмысқа кіріскен. Олар ауыл жастарын спортқа тартып, облыстық және республикалық жарыстарға дайындап жүр. Алдағы уақытта басқа аудандарда да осындай бөлімшелер ашу жоспарда бар.

Инфрақұрылым тұрғысынан клуб қазір бірқатар мәселені шешіп келеді. Былтыр қараша айында клуб балансына алынған бұрынғы бокс клубының ғимаратына жөндеу жасалды. Қазір ол ұлттық спорт түрлеріне бейімделіп, толыққанды спорт ғимаратына айналды. Ал облыстық құрылыс басқармасының жоспары бойынша Талғайраң ауылында 63 гектар жерге 11 спорт түрін қамтитын заманауи ұлттық спорт ипподромы салынбақ. Қазір нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда.

Клубты қаржыландыру мәселесі облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының қолдауымен жүзеге асады. Олар бапкерлердің жалақысын, оқу-жаттығу жиындарын, жарыстар, коммуналдық төлемдер мен спортшыларға қажетті жабдықтарды қамтамасыз етеді. Жеңімпаз спортшыларды да қолдап, федерациялар тарапынан қосымша марапаттар мен қолдау шаралары көрсетіледі.

Бапкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында республикалық орталықтарда семинарлар мен курстар ұйымдастырылып тұрады. Онда олар алғашқы медициналық көмек, психологиялық дайындық, салмақ бақылау және физикалық дайындық бойынша білімдерін жетілдіреді. Клубқа көбінесе спорт шеберлері мен спорт шеберлігіне үміткерлер бапкер ретінде тартылады, бұл тәжірибелі мамандардың жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

ulttyq 4

Клубтың алдағы жоспарлары да ауқымды. Облыстық деңгейде кешенді ойындар ұйымдастыру, іріктеуді аудандардан бастап өткізіп, оны жыл сайын дәстүрлі жарысқа айналдыру көзделіп отыр. Бұл шара бір жағынан бұқаралық спортты дамытып, екінші жағынан жастардың ұлттық дәстүрге деген қызығушылығын арттыруға бағытталады.

– Ұлттық спорт деп аталуының өзі – біздің төл мәдениетіміздің бөлігі. Біз тек спортты дамытпаймыз, сонымен қатар жастарға салт-дәстүр мен тарихымызды дәріптеуді мақсат етеміз. Бұл спорт түрлері жас ұрпақтың ұлттық болмысын қалыптастыруда үлкен роль атқарады, — дейді клуб директоры.

Президенттің тапсырмасы бойынша ұлттық спорт түрлері бүгінде жоғары спорт түрлерімен теңестірілген. Бұл – ұлттық спортшылардың халықаралық аренада ел намысын қорғауына кең жол ашады. Атырауда ұлттық спорттың дамуы тек спорт саласындағы жетістік емес, ұлт рухының қайта жаңғыруының айғағы. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс, жаңа инфрақұрылым мен ауыл-аймақта бөлімшелердің ашылуы өңірдің ғана емес, бүкіл елдің ұлттық спорт қозғалысына серпін береді.

Түйіндей келе Атырау облыстық ұлттық спорт түрлері клубы аз уақытта айтарлықтай табысқа жетті. Ендігі мақсат – ұлттық спорттың 11 түрін толық дамыту, халықаралық деңгейдегі спортшыларды тәрбиелеу және ұлттық рух пен салт-дәстүрді сақтай отырып, жастарға бағыт беру. Осылайша бұл тек спорт емес, ұлттың болашағына салынған инвестиция болмақ.

Алмас ҚАБДОЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button