
Ұлттық идеологияның қуатты құралы
Спорт — бұл өмір, қозғалыс, денсаулық. «Тәні саудың — жаны сау» деген сөздің мағынасын түсінетіндер де спортты ерте жастан жанына серік етеді. Мен Мемлекет басшысының Жолдауындағы спортты дамытуға қатысты айтқан бастамаларын толық қолдаймын. Шынында да, соңғы жылдары елімізде бұқаралық спортқа жағдай жасалып, балалар мен жастардың спортпен айналысуына мүмкіндік көбейіп келеді. Әсіресе, ауылдар мен аудандарда спорт алаңдарының салынып жатқаны қуантады. Бұл – салауатты ұлт қалыптастырудың басты кепілі.
Президенттің футбол клубтарын жекешелендіру, кәсіби спортты бизнес-индустрия деңгейіне көтеру жөніндегі пікірін де орынды деп есептеймін. Себебі футбол сияқты танымал спорт түрлері тек мемлекет қаржысына қарап қалмауы керек. Егер жеке сектор белсенді араласса, спорттың сапасы да, қызығушылығы да артады.
Жақында біздің сүйікті «Қайрат» командасы әлемнің атақты «Реал Мадрид» футбол клубымен ойнады. Сол кезде барша жанкүйерлердің бойында ерекше патриоттық рух оянды. Мұндай сәттер нағыз ұлттық мақтаныш сезімін тудырады. Отандық футболшылардың халықаралық деңгейде өнер көрсетуі жастарға шабыт беріп, еліміздің спорттағы беделін арттырады.
Сондықтан елімізде «Қайрат» секілді әлемдік деңгейге шығатын командалар көбейсе екен деймін. Ол үшін әрбіріміз өз командамызды қолдап, спорт мәдениетін дамытуға үлес қосуымыз керек. Спорт — елдің айбынын, ұлттың рухын көтеретін күш.
Демир ҒАЛИЖАНОВ,
белсенді жас
Атырау қаласы



