
Таеквондошылар жеңіс тұғырынан көрінді
Жастар арасындағы ІІІ Азия ойындарында табысты өнер көрсеткен Атырау облыстық мектеп-интернат колледжінің спортшыларын туған жері зор қошеметпен қарсы алды. Әуежай төрінде шәкірттерін бапкерлері мен ата-аналары, спорт жанкүйерлері, достары мен БАҚ өкілдері күтіп алды. Байрақты бәсекенің күміс медаль иегері атанған Жанайбек Шамұратов пен ел намысын абыроймен қорғаған Нұрайлым Бақытжанқызының жеңісі – өңір спорты үшін үлкен мақтаныш.
32 елдің мықтылары қатысқан жарыста Атырау облысының намысын осы екі жас спортшы сәтті қорғады.

2009 жылы туған Жанайбек 73 келі салмақ дәрежесінде төрт жекпе-жек өткізіп, күміс жүлдеге ие болды. Ол осы сындағы жарыс жолында Моңғолия, Тайпей, Иран спортшыларынан басым түсіп, финалда өзбекстандық қарсыласына есе жіберді.
Жәнібек осы жарысында спорт шебері атағын орындап, мерейі үстем болды.
Ал Нұрайлым үш жекпе-жекте Малайзия және Индонезия спортшыларымен кездесіп, жартылай финалға дейін жетті.
Екі спортшы да Атырау облыстық мектеп-интернат колледжінде жаттыққан тәрбиеленушілер.
– Бұл жеңіс – Атырау спортының жаңа белесі. Жерлестерімізді қуанышпен қарсы алып жатырмыз. Барлығымыз олардың табысына шын жүректен қуанып, болашақта халықаралық ареналарда ел намысын одан әрі биіктетеді деген сенім білдіреміз. Спорттағы бұл жетістік жас буынға шабыт беріп, облыстың таеквондо мектебінің әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді, — деді Атырау қалалық мәслихатының депутаты Аманбай Қыздарбаев.
Алмас ҚАБДОЛ



