Жарнама
Спорт

Шектеу емес, шыңдалу: Атырауда ерекше жандар спартакиадада бақ сынады

Атырау қаласында «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен мүгедектігі бар жандар арасында облыстық спартакиада өтті. Іс-шара аясында екі спорт түрінен — пара-хоккей және бочча ойындарынан жүлделер сарапқа салынды.

e5942c94 fec1 4a78 8b69 e9e0a71eeb79

Спартакиаданың басты мақсаты – ерекше жандарды спорт арқылы белсенді өмір салтына баулу, олардың қоғам өміріне теңдей араласуына мүмкіндік жасау және өз әлеуетін көрсетуге жол ашу болды.

Турнирге Атырау қаласы мен облыстың аудандарынан — Махамбет, Қызылқоға, Мақат, Жылыой және Құрманғазы өңірлерінен келген спортшылар қатысты. Барлығы бочча бойынша 8 команда және пара-хоккей бойынша 4 команда өз бақтарын сынады.

1485dbbc bb4e 42b3 8443 83c1127c40b5

Жарыс жоғары деңгейде, жылы әрі қызықты атмосферада өтті. Қатысушылар шынайы спорттық рух, табандылық және командалық бірлікті көрсетті. Ерекше жандардың белсенділігі мен қайсарлығы көрермендердің зор қошеметіне бөленді.

Бочча спорт түрінен қатысқан доссорлық Әділхан Нұрсұлтанов өз әсерімен бөлісті.
– Бұл шара өз деңгейінде өтіп жатыр. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Осындай іс-шаралар жиі өтіп тұрса, біз үшін үлкен қуаныш болар еді. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін! Сондай-ақ бүгінгі Республика күнімен барша қазақ халқын шын жүректен құттықтаймын. Әр отбасы аман, дендеріңіз сау, дастарқандарыңыз берекелі болсын, — деді ол.

Ал Құлсары қаласынан келген Нұрлан Байбатшаев та жарыс туралы өз пікірін жеткізді.
– Мен көктемде «Тиімді оңалту лагері» бағдарламасына қатысқан едім. Сол жерде өз бетімше қозғалу, белсенді өмір сүру дағдыларын үйрендім. Бұл мені спортпен шұғылдануға шабыттандырды. Лагерьден кейін «Біз де адамбыз» командасымен байланысымды үзбеймін. Спартакиадаға шақырылғаныма қуаныштымын. Бүгінгі мақсат – тек жеңіс емес, Атырау облысының түкпір-түкпірінен келген адамдардың бір ортада бас қосып, пайдалы әрі көңілді уақыт өткізуі, — деді ол.

94f9e966 ea60 40ba b1c0 25595437998b

Іс-шара «Мүмкіндігі шектеулі адамдарды тиімді оңалту» жобасы аясында өтті. Жобаны «Біз де адамбыз» қоры «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асырып келеді. Жоба мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсартуға, әлеуметтік интеграциясын арттыруға және белсенді өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.

Бүгінгі спартакиада ерекше жандардың өмірге деген құштарлығы мен табандылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Алмас ҚАБДОЛ

Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button