МАУСЫМ ЖЕҢІМПАЗДАРЫНА – МАРАПАТ

Жуырда Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Атырау қаласының маусымдық әуесқой футбол лигасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды.
Халықаралық УЕФА категориясының мүшесі, облыстық футбол федерациясы атқару комитетінің мүшесі Анатолий Ходин мен «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ директорының орынбасары Айбар Кукатов Қазақстан футболының 100 жылдығына арналған кіші футбол лигасының жеңімпаздарына медальдар мен кубоктар табыс етті. Биыл бұл жарысқа қала мен селолық округтерден қатысқан командалар саны отызға жетті. Облыс орталығының әр мөлтек ауданында ойындар өтті. Екі жыл қатарынан жүлделі орындарды иеленіп келген «КМГ өнімдері» командасы қола медальға қол жеткізсе, биыл Астанада өткен салалық командалардың республикалық жарысынан жеңімпаз болып оралған «Кеден Транс сервис» командасы ІІ орынды еншіледі. Ал, «Аламан Цесна банк» командасы жеңіс тұғырынан көрінді.

Ардагерлер арасында кіші футбол лигасынан «Аэропорт» және «Каспий» командалары қола және күміс медальдарды бөліссе, Атырау қаласының бірнеше дүркін чемпионы және қалалық кубоктың иегері «СК-Атырау» командасының ойыншылары осы жолы да өз шеберліктерін аңғартып, алтын медаль еншіледі.
Бірінші лига командалары арасында ХІ ашық чемпионатында қола жүлде «Сұлтан Бейбарыс» командасына бұйырды. Ал, ІІ орын иеленген «Жұмыскер» мен І орынға қол жеткізген «Қарабатан» футбол командалары келер жылы қалалық жоғары лига чемпионатына жолдама алды. Оларды «Мұнайшы» спорт кешенінің директоры Жексенбай Құсайынов пен ардагер футболшы Әбижан Қуанышев марапаттады.
Ал, қалалық жоғары лига чемпионатында топ жарған «Мелиоратор» (ІІІ орын), «Коммеск-өмір» (ІІ орын) және «АМӨЗ» (І орын) командаларын марапттау үшін сахнаға қалалық спорт, дене шынықтыру бөлімінің басшысы Марат Айтқалиев көтерілді.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру, футбол спортын дамыту мақсатында биыл да ұйымдастырылған маусымдық чемпионатта үздік танылған бір топ ойыншыларға облыстық футбол федерациясының президенті Эдуард Хисметуллин марапат қағаздарын мен сыйлықтар табыс етті.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз