КРОССФИТТЕН ӨТКЕН ТУРНИР

«Мұнайшы» спорт кешенінде жергілікті «Golden Gym» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйымдастыруымен кроссфиттен ІІ қалалық турнир өтті. Жастар арасында кең таралған заманауи спорт түрімен Атырауда елуден астам тұрғын тұрақты айналысады екен. Бұл жолғы жарыс қалалық әкімдіктің қолдауымен қаламыздың 375 жылдық мерейтойына арналды.

«Мұнайшы» спорт кешеніне қарасты «Golden Gym» клубының ашылғанына екі жыл болған екен. Мұнда 4 ересектер мен балалар жаттықтырушысы, барлығы 12 адам қызмет етеді.

– Жұмысымыздың бір бағыты әлеуметтік бағдарламаларға арналған. Аз қамтылған отбасы мүшелері, мүгедектер және балалар үйінің тәрбиеленушілерін біз мұнда тегін қабылдаймыз. Олар үшін арнайы уақыт кестесі де тағайындалған. Екіншіден, көше кезіп немесе бос уақытын жаман әдеттермен өткізіп жүрген жастарды спортқа баулып, мүмкіндік жасап отырмыз. Алдағы уақытта мүгедектерді оңалту мақсатында жаңа үйірме ашқымыз келеді. Сондықтан, жергілікті әкімдіктен тағы бір спорт залын сұрап, өтініш жолдадық. 

Елбасымыз бұқаралық спорт түрлерін дамытуға баса назар аударып отыр. Салауатты өмір салтын ұстанған азаматтар – мығым мемлекеттің кепілі. Сол себепті мұндай спорт түрлерін дамытуды жалғастыра беруіміз керек, – дейді аталған мекеме басшысы Антон Кудинов.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз