ЕСКЕРТКІШ ПЕ, БЮСТ ПЕ?

Тарихи тұлғаларға, мемлекет пен ұлтқа еңбегі сіңген қайраткерлерге, белгілі бір оқиғаларға арнап ескерткіш орнату - бүкіләлемдік дәстүр. Ол біздің елімізде де бар. Бірақ, шетелдерден келген қонақтарға мақтаныш қылып көрсететін ескерткіштеріміз аса көп емес. Шетелден бұрын өздеріміз мақтанатын, жас жеткіншектеріміз ардақ тұтатын асқақ та айбынды ескерткіштеріміз көп болса, шіркін!

Ескерткіштерді ұлт тарихының құрамдас бір бөлігі деп түсінген жөн. Сондықтан, оған атүсті қарауға болмайды. Бұл реттегі айтарлықтай асқақ әрі сәнді ескерткіш – оңтүстік астанамыз ару Алматыдағы данышпан Абайдың ескерткіші. Ал, біздің облысымыздың орталығындағы Бейбарыс, Құрманғазы, Дина, Исатай мен Махамбет ескерткіштері де қала айшығын кіргізіп тұрған тарихи әрі мәдени құнды жәдігер саналады.
Жалпы, бұл тақырыпқа қалам тербеуіме себеп болған жайт – қазан айының аяқ кезінде Құрманғазы ауданының Еңбекші селолық округінің орталығында көрнекті ақын марқұм Жұмекен Нәжімеденовке орнатылған бюстінің ашылуы. Айта кетерлігі, ескерткіш пен бюст сөзінің айырмашылығы бар екенін алдымен біліп алғанымыз жөн. Бюст кеуденің жоғарғы жағын қамтыған бейнелі мүсін болса, ескерткіш – тұлғаның өн бойын қамтыған мүсін. Сондықтан, бюст ескерткіштен бір саты төмен тұрады. Бюстінің тұғыртасына «Қазақстан Республикасы Гимні авторларының бірі» деп жазылыпты. Гимннің авторлары ақын және сазгер болатыны белгілі. Бұл орайда анықтап, «ақын» деп жазылуы керек еді.
Жалпы, белгілі тұлғаға тұрғызылған ескерткіштерге туған, өмірден өткен жылдарымен қоса, әдебиет, өнер не спорт қайраткері екенін айырып көрсетсе де артық болмайды. Әрине, Жұмекенге туған жерінде бюст орнатқан жерлестеріне ризамыз. Осы мәселе жөнінде жазушы Заря Жұманова ақынның жары Нәсіп Мұстахқызымен сұхбатының түйінінде былай дейді: «Таяуда ғана өзінің туған ауылында шағын ескерткіш мүсіні ашылыпты. Естіп, бір жағынан қуанып, бір жағынан мұңайып қалдық. Қуанғанымыз – айтулы ақын Ғафу Қайырбеков көзі тірісінде-ақ «Жұмаш – ұлы ақын» деп қадір тұтқан ақынға шағын ауылдың көрсеткен құрметі зор. Мұңайғанымыз – мұнайлы Атыраудың осы отыз жыл ішінде облыс орталығынан Жұмекен ақынның еңселі ескерткішін тұрғызуға шамасы жетпеді…»
Менің де мұңаятын жайым бар, елімізге эстетикалық талғамға сай тұрғызылған қазақтың біртуарларына арналған ескерткіштер керек-ақ. Себебі, ол – елдіктің белгісі, ұлт тарихына деген құрметтің көрінісі.

Ибатолла СӘТЕНҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз