Жарнама
Спорт

Ел намысы Токиода сынға түседі

2025 жылғы 15–26 қараша аралығында Жапония астанасы Токиода XXV Жазғы Сурдлимпиада ойындары өтеді. Бұл дүбірлі дода есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы ең беделді халықаралық жарыстардың бірі саналады.

Қазақстан Сурдлимпиадалық қозғалыстың белсенді қатысушысы ретінде 33 жылдан бері осы жарыстарға тұрақты түрде қатысып келеді. Еліміздің ұлттық құрамасы алғаш рет 1997 жылы Сурдлимпиада ойындарына қатысып, сол кезден бері өз тарихында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Тәуелсіздік жылдары ішінде қазақстандық спортшылар сегіз Сурдлимпиадада жалпы саны 42 медаль жеңіп алды, оның ішінде 8 алтын, 8 күміс және 26 қола бар.

2022 жылы Бразилияда өткен Сурдлимпиада ойындарында ұлттық құрамамыз 29 медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 13-орыннан көрінді. Бұл – еліміздің Сурдлимпиада тарихындағы ең жоғары нәтижелердің бірі.

Биыл Қазақстан жетінші рет жазғы Сурдлимпиада ойындарына қатысқалы отыр. Ұлттық сурдлимпиада комитетінің президенті, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің айтуынша, қазір спортшылар дайындықтың шешуші кезеңінде.
Оның сөзінше, ең бастысы – спортшылардың рухани бірлігі мен командалық ауызбіршілігін сақтау, алдағы жарыстарға сеніммен қадам басу. «Бұл ойындарда спортшылар тек өз атынан ғана емес, ел намысын қорғап, Қазақстанның сенімін арқалап шығады», – деді ол.

Токиода өтетін жарыстарда еліміздің намысын 79 спортшы сегіз спорт түрі бойынша қорғайды. Олар жеңіл атлетика, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі, бадминтон, жүзу, еркін және грек-рим күресі сияқты бағыттарда бақ сынайды.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Сурет: inform.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button