
Дастан Сәтпаев – әлемдегі ең үздік футболшылардың қатарында
“Қайрат” футбол клубының жас шабуылшысы Дастан Сәтпаев әлемдегі ең үздік жас футболшылардың қатарынан көрінді. Британдық The Guardian газеті жыл сайын жариялайтын ең үздік жас футболшылар тізіміне қазақ футболшысы алғаш рет ілініп отыр. Бұл — елдегі футбол үшін үлкен мақтаныш.
The Guardian жариялаған рейтингте әлемнің танымал клубтарынан шыққан жас таланттар бар. Мысалы, «Барселона» сапынан вингер Тони Фернандес пен жартылай қорғаушы Нико Гильен, «Боруссия Дортмундтан» италиялық шабуылшы Самуэль Инасио, «Бавариядан» жартылай қорғаушы Карл Леннарт және Пари Сен-Жерменнен жас форвард Ибрагима Мбайе сынды футболшылар бар. Солардың арасында Дастан Сәтпаевтың болуы оның шынайы талантын, еңбекқорлығын және келешектегі үлкен мүмкіндіктерін дәлелдейді.
Дастан Сәтпаев қазақстандық футбол үшін ғана емес, бүкіл әлемдік футбол арена үшін үміт күттіретін ойыншы. Оның жетістігі жастарымызға үлкен мотивация беріп, футбол саласындағы жаңалықтар мен халықаралық деңгейдегі танылуға жол ашады. Сондай-ақ, Дастанның Лондонның әйгілі “Челси” клубынан шақырту алғаны, он сегіз жасқа толғанда толықтай клуб сапына ауысады деген жаңалық оның кәсіби деңгейінің жоғары екендігін көрсетеді.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Сурет: Kursiv.kz



