БОЗ КІЛЕМДЕГІ БЕЛДЕСУ

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Атырау қаласы әкімінің кубогы жүлдесіне арналған дзюдо күресінен 2000-2001 жылы туған ұлдар мен қыздар арасындағы ашық турнир өтті. 

«Мұнайшы» спорт кешенінде екі күнге жалғасқан турнирде еліміздің Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарымен қоса, Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан елдері мен Атырау облысының аудандарынан барлығы 22 команда Кубокты сарапқа салды.

Турнир ережесі бойынша алдымен жеке салмақтардағы жарыстар өтті. Мұнда ұлдар – он, қыздар үш салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жеңіс тұғырынан көрінген Темірлан Өтегенов (35 келі, Атырау қаласы), Махамбет Рахметов (38 келі, Мақат ауданы), Назир Талыбов (42 келі, Әзірбайжан), Амрах Салимли (46 келі, Әзірбайжан), Жәнібек Тельман (50 келі, Қызылқоға ауданы), Әлішер Нұрқожа (55 келі, Жылыой ауданы), Бақытбек Қабдығали (60 келі, Алматы қаласы), Дәурен Молдажан (66 келі, Ақтөбе облысы), Абылай Қосбол (73 келі, Алматы қаласы) және Шынтас Серікболсын (+73 келі, Мақат ауданы) алтыннан алқа тағынды. Ал, қыздар арасында Айзада Алмаз (44 келі, Атырау қаласы), Меруерт Сәрсенова (48 келі, Алматы қаласы) және Тілекші Дүйсенова (52 келі, Атырау қаласы) қарсыластарының бәрін жығып, ешкімге есе жібермеді.  

Кейін командалық жарыстар өтіп, жартылай финалда ақтөбелік палуандармен шыққан атыраулықтар 4:1 есебімен жеңіске жетіп, финалға жолдама алды. Ал, Алматы қаласы мен Жылыой ауданы командалары арасындағы тартысты бәсекеде оңтүстік астананың өкілдері 4:1 есебімен жеңіске жетіп, финалға шықты.

Қола жүлде үшін таласта ақтөбелік палуандар үздік танылып, жүлдегер қатарынан көрінді. Ал, финалдық кездесулерде атыраулық палуандар Әбілхайыр Хайруллин, Жәнібек Тельман, Әлішер Нұрқожа және Шынтас Серікболсындар қарсыласты таза жеңіп, Атырау қаласы әкімінің кубогын еншіледі. Ал, алматылық командадан тек Бақытбек Қабдығалиев жерлесіміздің осал тұсын таба алды. Сөйтіп, Алматы қаласының командасы күміс жүлдеге қол жеткізді.

– Мұндай турнирлер спортшылардың кәсіби деңгейлерін арттырады. Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл жарыстың маңызы да ерекше деп есептейміз. Жарыс жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын, – деді турнирдің жабылу салтанатында Атырау қаласының әкімі, облыстық дзюдо күресі федерациясының президенті Нұрлыбек Ожаев.  

Турнир соңында жүлдегерлер мен жеңімпаздар марапатталды. ІІІ орын еншілеген Ақтөбе облысы командасы медальдармен және 100 мың теңгенің сертификатымен марапатталды. Ал, күміс жүлдегер атанған алматылықтарға 200 мың теңгенің сертификаты ұсынылса, Атырау облысы дзюдо күресі федерациясының командасына Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев қала әкімінің кубогын тарту етіп, медальдарын тақты. Сонымен қатар, 300 мың теңгенің сертификатын тапсырды. Сондай-ақ, демеушілік танытқан Марат Қанатовқа, Дияс Сұлтановқа және Қанат Әлмұхановқа Алғыс хат ұсынды.

– Қазақстанда дзюдо күресі мықты дамып келе жатқанын байқадым. Талантты спортшылар бар. Жекпе-жектер де өте тартысты өтті. Боз кілемде кейбіріне өзім де төрешілік жасадым. Әзірбайжаннан бұл турнирге төрт спортшы келген болатын. Соның екеуі алтын жүлде еншілеп, біреуі күміс медальға қол жеткізді, – дейді Баку қаласындағы олимпиадалық кешеннің аға жаттықтырушы, Әзірбайжан командасын алып келген Фарадж Аликипирзаде.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз