Биыл спорт нысандары пайдалануға беріледі

3f956cab 1258 4be3 8c4a 390cd7571308 Спорт

Елімізде балалар мен жастардың денсаулығын жақсарту үшін дамыған және қолжетімді спорт инфрақұрылымының болуы маңызды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысындағы көптеген спорт нысандарының күрделі жөндеуді қажет ететініне назар аударған еді. Сондай-ақ, мұнайлы өңірде ғана емес, еліміздің өзге де аймақтарында республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін жаңа кешендерді салу қажеттігін тапсырды.  

​Атырау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында облыс орталығы мен кейбір аудандарда спорт кешендерін салу жоспары бекітілген болатын.

​Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, облыста 8 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр.

​– Индер ауданы Көктоғай ауылы, Исатай ауданы Тұщықұдық ауылы, Қызылқоға ауданы Сағыз ауылы, Атырау қаласындағы Химпоселок, Бірлік шағынаудандарынан көп салалы спорт кешендері салынып, Қызылқоға ауданы Миялы ауылынан спорт алаңы жаңғыртылып жатыр. Атырау қаласындағы Дамбы, Ақсай ауылдарынан спорт алаңдарының құрылысы жүруде. Химпоселок, Бірлік шағынаудандарындағы спорт кешендері мен Дамбы ауылындағы спорт алаңының құрылысы биыл маусым айында аяқталады деп күтілуде. Қызылқоға ауданындағы Жасқайрат және Тасшағыл ауылына спорт кешенінің құрылысын салу жоспарлануда. Құрманғазы ауданында да спорт алаңы жаңғыртудан өтеді. Сонымен қатар, НКОК және ТШО компанияларының қаражаты  есебінен Атырау қаласында спорттағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты мен Жанаталап ауылында спорт кешенін салу жоспарланып отыр, – деді басқарманың бас маманы Ернұр Нетжанов.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз