Спорт

«Бірлікте» жаңа спорт кешені ашылды

Атырау қаласындағы «Бірлік» шағынауданында көпсалалы спорт кешені пайдалануға берілді.

Жаңа спорт нысанының ашылу салтанатына Париж Олимпиадасының қатысушылары, дзюдо күресінің шеберлері — Әбиба Әбужақынова мен Эсмигүл Куюлова құрметті мейман ретінде қатысты.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысы бойынша, «Сұңқар Құрылыс ЛТД» ЖШС мердігер компаниясы сапалы әрі заманауи талаптарға сәйкес спорт кешенінің құрылысын жүргізді.
Іс-шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев ауыл тұрғындары мен спортшыларды жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтады.

– Бүгінгі таңда өңірде көптеген спорт нысандарының құрылысын аяқтап, тапсыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Осыдан бірер апта бұрын «Химпоселок» шағынауданында жаңа спорт кешені пайдалануға берілген болатын. Осы орайда қуанышты бөлісуге келіп отырған Париж Олимпиадасының қатысушылары Әбиба Әбужақынова мен Эсмигүл Куюловаға жас спортшыларға демеу беріп келгендері үшін ерекше ризашылығымды білдіремін. «Бірлік» шағынауданы қарқынды өсіп келе жатқан елді мекендердің бірі. Спорт кешені ауыл тұрғындарының, әсіресе балалардың спортпен емін-еркін шұғылдануына үлес қосады. Аллдағы уақытта еліміздің мақтанышына айналар спортшыларымыз шығуына тілектеспін, — деді Жасұлан Орақұлы.

Содан соң мердігер компанияның өкілі мен ауыл қариясы жылы лебіздерін білдіріп, спорт кешенінің ел игілігіне асуын тіледі.
Толықтай спорттық құралдармен жабдықталған кешен №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің меншігінде болады.
Жалпы құны 603 млн. теңгені құрайтын спорт кешенінің сыйымдылығы 160 адамға арналған.
Екі қабаттан тұратын кешенде бокс, дзюдо, кикбоксинг, дойбы, шахмат, үстел теннисі, грек-рим, таэквандо секілді өзге де спорт түрлеріне 400-ге тарта бала қамтылады деп жоспарланған.

Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button