«БЕЙБАРЫС» ЕСЕ ЖІБЕРМЕЙДІ

Хоккейден 2013-2014 жылғы ел чемпионаты аяқталса да, елімізде хоккей маусымы жабыла қойған жоқ. Жуырда қарағандылық «Сарыарқа» командасы Жоғарғы хоккей лигасының ақтық сынында Түменнің «Рубинін» ұтып, өз тарихында алғаш рет Братина кубогын жеңіп алғаны белгілі. Ал, қазір Белоруссияның астанасы Минск қаласында аталған спорт түрінен әлем чемпионаты өтуде. Бұл додада Қазақстан құрамасы да Канада, Ресей, Латвия, Финляндия және тағы басқа елдердің мықты командаларымен сынға түсті. Мұндай бәсекелер қазақстандық хоккейшілердің кәсіби шеберліктерін одан әрі шыңдап, тәжірибе жинақтауына септігін тигізгені сөзсіз.

«Бейбарыс» хоккей командасының бас бапкері Александр ИСТОМИН бүкіл әлем көз тіккен байрақты бәсекеде отандастарымыздың бағы жанбай, бірінші дивизионға түсіп қалуының, ел чемпионатының төрт маусымы қатарынан финалда өнер көрсеткен «Бейбарыстың» осы жолы жүлделі орындарға іліге алмауының себептері және жергілікті команданың келер маусымға дайындығы барысы туралы әңгімелеп берді.
– Шайбалы хоккейден өтіп жатқан 78-інші әлем чемпионатында Қазақстан «В» тобында ойын көрсетті. Александр Анатольевич, кәсіби маман ретінде сіздің ойыңызша, қарсыластардан жеңіліс тауып, элиталық дивизионнан шығып қалуымызға не себеп болды?
– Ең алдымен, «бейбарыстық» Армандс Берзиньш әлем чемпионатында Латвия құрамасы сапында өнер көрсетіп жатқанын ерекше атап өткім келеді. Сочиде өткен Қысқы олимпиада ойындарында да бұл шабуылшымыз латвиялық құраманың сапында шыққан болатын.
Жалпы, Қазақстанда хоккей спортына деген қолдау зор. Соның нәтижесінде, ойыншылар да жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүр. «Сарыарқа» командасының Братина кубогын жеңіп алуы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың чемпиондарды арнайы құттықтауы – соның айғағы. Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасында бірқатар озық командаларды қапыда қалдырып жүр.
Осы командалардың мүшелері «Номад», «Бүркіт» сияқты ізбасар ұжымдарының сапында шығып, бізге қарсы ойнайтын сәттері жиі кездеседі. Мұндай ойыншылармен мұз айдынындағы тартыста шәкірттеріміз үлкен тәжірибе жинайтыны сөзсіз. Мәселен, «бейбарыстық» Александр Зубков пен Вячеслав Трясунов Трентинода өткен универсиаданың күміс жүлдегері атанды. Бұл – тек қала, облыс емес, бүкіл республика үшін үлкен жетістік. Шәкірттеріміздің ел абыройы үшін мұндай жетістікке жеткені қуантады.
Бұл – спорт. Мұнда жеңіліс пен жеңіс қатар жүреді. Ойыншылар барын салып бақты. Германия, Латвия мен АҚШ құрамаларына қазақстандық ойыншылар оңай беріле қойған жоқ. Кездесудің соңғы минуттарына дейін жерлестеріміз қарсыласты әбігерге салды. Қазақстан құрамасы элиталық дивизионнан әлі де өз орнын алады деп сенемін.
– Ал, енді жергілікті команданың өткен маусымдағы ойындары жайында әңгіме қозғасақ. «Бейбарыс» хоккей клубының құрылуымен Атырауда бұл спорт түрі қарқынды дами бастады. Төрт маусым қатарынан қоржынға екі алтын және екі күміс медаль түсті. Ойыншылар – өз ісінің шеберлері. Десек те, өткен маусымда «Бейбарысқа» бар мүмкіндігін көрсетуге не кедергі болды?
– «Бейбарыс» командасы үшін биылғы чемпионат өте күрделі өтті. Менің пікірімше, бұған команда құрамындағы көптеген өзгерістер әсер етті. Өйткені, ойыншылардың жиі ауысуы жоғары нәтиже әкелмейтіні анық. Ойыншылар бір-бірінің «тілін» түсініп, ұғынықты ойнауы қажет, әркім өз орнынан табылып, ұжымға ене білуі шарт. Әрине, ойыншылардың ауысуы, өзге клубтарға кетуі – өз еріктері және ол – заңды құбылыс. Егер атаулы клубтарға кетіп жатса, біз қуанамыз, әрине. Бірақ, команданың негізін сақтап қалу да өте маңызды. Ал, жаңа ойыншылармен команда жасақтау үшін көп уақыт қажет екені белгілі. Команда құрамы ауысқан кезде тұрақтылық болмайды, соған сәйкес нәтижеге де қол жеткізу қиын. Ұжым мүшелерін жиі ауыстырып, жыл сайын финалға шығу мүмкін емес. Сондай-ақ, маусым соңында көптеген ойыншылардың жарақат алып қалуы және форс-можорлық жағдайлардың орын алуы да септігін тигізді деп ойлаймын. Ал, жалпы маусым бойына нашар нәтиже көрсеттік деп айта алмаймын. Себебі, маусымның алғашқы кезеңі – тұрақты чемпионат қорытындысымен біз үздік үштік қатарына ендік.
– Статистикаға сүйенсек, «Бейбарыс» көп ретте артық ойыншымен ойнаған сәттерде мүмкіндікті пайдалана алмаған екен. Тіпті плей-оффтың соңғы ойындарында қарсыластар аз құраммен ойнап-ақ қақпамызды бағындырған сәттер кездесті. Бұған не себеп болды деп ойлайсыз?
– Иә, өкінішке орай, мұндай сәттер болды. Алайда, «бейбарыстықтар» да аз құраммен жүріп, қарсылас қақпашының осал тұсын тапқан кездер кездесті. Бұған себеп, жоғарыда атап өткенімдей, команда ойыншыларының жиі ауысуы деп ойлаймын.
Саптың негізін өз-өзін көрсеткен, сенімді ойыншылар құрайды. Олар өздерінің міндеттерін де жақсы біледі. Қауіпті сәттерде солар айдынға шығып, команданы жетелеп жүреді. Маусым аяқталған соң командадан тағы да Александр Зубков, Вячеслав Трясунов, Мартин Херман, Максим Игнатович, Алексей Данилов сынды бірқатар мықты ойыншылар кетіп қалды. Олардың таңдауына, кәсіби жетілуіне біз кедергі келтіре алмаймыз. Енді олардың орнын толтыру үшін жұмыстанамыз.
– Команданың қазір алдына қойған мақсаты қандай?
– Қазіргі уақытта команда демалыста. Ендігі мақсатымыз – мықты команда жасақтау. Шілде айынан бастап оқу-жаттығу жиындары басталады. Жаңа маусымға дейін кеткен ойыншылардың орнын толтырып, ойын тактикасын үйретуді қолға алатын боламыз.
– Сіз бір сөзіңізде Қазақстанда бапкерлік қызметте болған бес жылда үлкен тәжірибе жинақтадым депсіз…
– Әрине, бұл – шындық. Жоғарыда қазақстандық клубтардың жетістіктері жайында айтып өткен болатынмын. Осы командалар бапкерлерінің жұмыс стилін бақылау маған үлкен сабақ болды. Осы уақыт аралығында мұнайлы өлке командасы үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Атырау жұрты хоккей спортын қабылдап қана қоймай, белсенді жанкүйерлерге айналды. «Бейбарыстың» жанкүйерлеріне командаға қолдау білдіріп, сенгендері үшін алғысым шексіз.
– Александр Анатольевич, өткен маусымда сіз 362 әулие мекендеген Маңғыстаудағы Бекет Атаның жерленген жеріне барғаныңыздан хабардармыз. Ділі, діні, тілі басқа бола тұра көптеген ұлт өкілдері сиынатын, табынатын Пір Бекетке Сіздің де Құран бағыштауыңызға нендей жағдай ықпал етті?
– Маусым барысында «Бейбарыс» үшін күрделі кезеңдер көп кездесті. Команда бірқатар ойындарды қатарынан қарсыластар айдынында өткізуге мәжбүр болып, бұл матчтарда сәттілік бізге жолдас болмады. Бізге ауадай қажет ұпайлардан қағылып қалдық. Жеңіліс жігерді жанып, қатты қиналған кезіміз еді бұл. Кезекті ойындарға дейін үшкүндік үзілісті пайдаланып, досымыздың ұсынысы бойынша жұбайым Ирина екеуміз Маңғыстаудағы киелі орынға қарай бет алдық.
Бағыт алған жерімізге жете бергенде он шақты арқарды кездестірдік. Кейін Құран бағыштаушылар бізге арқарды кез келген адам көре бермейтінін, тек шын ниетімен қасиетті күшке сеніп келгендерге ғана кезігетінін және бұл жақсылықтың белгісі екендігін айтты.
Бекет ата жөнінде жергілікті халықтың аузынан да көп еститінбіз. Сапарымыз сәтті өтіп, рухани тазарып келдік. Осы жерде мекен еткендіктен, жергілікті салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты үйрену, бабаларды ардақтау парызымыз деп есептеймін.
– Сұхбатыңызға рахмет! Жеңістің биік тұғырынан көріне берулеріңізге тілектеспіз!

Сұхбаттасқан
Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз