Жарнама
Спорт

Азия ойындарының жүлдегері Інжу Жұмажан туған жерге оралды

Бүгін Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайда атыраулықтар Бахрейнде өткен ІІІ Азия жасөспірімдер ойындарының қола жүлдегері Інжу Жұмажанды және оның бапкері Асхат Ризуановты салтанатты түрде күтіп алды.

2b3e8eb1 fac2 4779 a747 3493d8611889

57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде татамиге шыққан жас дзюдошы шешуші белдесуде тайландтық Ч.Суванавичитті айқын басымдықпен жеңіп, Қазақстан құрамасының қоржынына қола медаль салды. Бұл жеңіс – оның табандылығы мен ерік-жігерінің, сондай-ақ бапкер еңбегі мен жүйелі дайындықтың нәтижесі.

5c689692 4669 488d a3c8 241c260f0d46

Айта кетейік, бұған дейін, қыркүйек айында Інжу Жұмажан Индонезияда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында дәл осы салмақ дәрежесінде қарсыластарына дес бермей, жеңіс тұғырынан көрінген болатын.

c2c2a956 a1a9 454f 8a43 2926b333333d

Исатай ауданында дүниеге келген Інжу спорттағы алғашқы қадамын «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубында бастаған. Бапкерлердің бағыт-бағдарын бойына сіңіріп, өз өңірінде шыңдалған жас спортшы бүгінде Олимпиадалық резервтегі облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледждің тәрбиеленушісі.

6b60d678 a7d6 4a46 9de2 a0d68aa65754

Әуежайда өткен жылы жүздесуде спортшыны туыстары, ұстаздары, достары мен жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алды. Шәкіртімен бірге елге оралған бапкер Асхат Ризуанов та ел мақтанышына айналған жеңіс қуанышын көпшілікпен бөлісті.

f7dfa380 5e9d 4f4e 95ba f5a297d08e69

Осы әсерлі кездесуде Олимпиадалық резервтегі облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледж директорының орынбасары Сейітжан Бегисінов жас спортшыға ақжарма тілегін арнап, бұл жеңістің бүкіл Атырау облысы спортының мерейін өсірген айтулы оқиға екенін атап өтті.

22636305 8816 4318 89d8 696b595da20b

Бахрейн төрінде көк байрақты желбіреткен Інжу Жұмажанның жетістігі спортта жүрген жас буынға өнеге болатын жарқын жеңіс.

Майра ЕРҒАЛИ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button