
Атыраулықтар «Ауыл ойындарында» бақ сынады
Республика күніне орай Атырау облысында «Ауыл» партиясының өңірлік филиалының ұйымдастыруымен студенттер арасында «Ауыл ойындары» турнирі өтуде.
Шараның басты мақсаты – жастар арасында ұлттық спорт түрлерін насихаттау, денсаулықты нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және елге, ауылға деген сүйіспеншілікті арттыру. Партия жастарды ұлттық құндылықтарға баулу, елдік рухты көтеру және белсенді өмірлік ұстаным қалыптастыру бағытында ауқымды іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп келеді.

Іс-шараның ресми ашылуында «Ауыл» партиясы Атырау облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы Нұртас Байжанов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бүгінгі турнир ауыл жастарының белсенділігін арттырып, ұлттық спорт арқылы еліміздің мәдени мұрасын жаңғыртуға арналған тамаша бастама. Спорт ерік-жігер мен табандылықтың, рух пен намыстың мектебі. Сондықтан әрбір қатысушы осы додада өз күшін, шеберлігін және ауыл баласына тән батылдықты көрсетуге тырысады деп сенеміз. Құрметті қатысушылар мен төрешілер! Бүгінгі жарыс – ұлттық спорт рухын жаңғыртып, жастардың ептілігі мен батылдығын шыңдайтын ерекше сәт. Сондықтан баршаңызға әділдік, сәттілік және жеңіс тілей отырып, студенттер арасындағы ұлттық спорт түрлерінен өтетін «Ауыл ойындары» турнирін ресми түрде ашық деп жариялаймын!, – деді Нұртас Жарылғасынұлы.

«Ауыл ойындары» турнирі төрт спорт түрінен өтіп жатыр: асық ату – мергендік пен дәлдіктің сыналатын ойыны; ләңгі тебу – ептілік пен төзімділікті қажет ететін сайыс; гір көтеру – күш пен қайраттың көрінісі; садақ ату – батырлық пен шеберліктің нышаны. Барлық спорт түрлерінде қатысушылар өз шеберліктерін көрсетіп, жеке және командалық есеп бойынша бақ сынауда. Жеңімпаздар ұпай санына сәйкес анықталып, жүлделі орын иегерлері марапатталатын болады.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ



