
Атыраулық бапкер Әлем кубогінде чемпион атанды
Астана қаласында ерлер мен әйелдер арасында қоян-қолтық ұрыстан Әлем кубогінің финалы өтті. Бұл халықаралық дода Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына арналды. Жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылды.
Финалдық бәсекелер жоғары деңгейде өтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен келген мықты спортшылар өз шеберліктерін паш етті. Турнир екі бағыт бойынша – «Өзін-өзі қорғау» және «Жекпе-жек» түрлерінен өтті.
Аталған жарыстың «Өзін-өзі қорғау» бөлімі бойынша ауыр салмақ дәрежесінде Атырау облысының аға жаттықтырушысы Хайдар Есенғалиев тамаша нәтиже көрсетіп, Әлем кубогінің чемпионы атанды.
Хайдар Есенғалиев – қоян-қолтық ұрыстан еліміздің спорт саласында көп жыл еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі бапкер. Ол өз шәкірттерін бірнеше мәрте әлем және Азия чемпиондары деңгейіне дейін тәрбиелеген.
– Бұл жарысқа арнайы үлкен дайындықпен келген жоқпын. Күнделікті жүйелі жаттығулардың нәтижесінде жоғары деңгейге қол жеткіздім. Қарсыластардың барлығы мықты болды, бірақ сенімді түрде өз мүмкіндігімді көрсетіп, жеңіске жеттім. 200 спортшының арасынан чемпион атанғаным — мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Алдағы уақытта шәкіттерім де осындай жетістіктерге жетеді деп сенемін, – дейді Х.Есенғалиев.
Жарысқа 13 елден 200-ден астам спортшы қатысып, өз елдерінің намысын қорғады. Олардың қатарында Қазақстан, Ресей, Ауғанстан, Иордания, Үндістан, Пәкістан, Өзбекстан, Беларусь, Тәжікстан, Әзербайжан, Армения, Қырғызстан және Моңғолия елдерінің үздік спортшылары болды.
Әлем кубогінің финалы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, «Batyr Team» спорт клубы және қоян-қолтық ұрыстан Бүкілқазақстандық қауымдастықтың халықаралық федерациясының қолдауымен өтті.
Турнирдің бас демеушісі – Қазақстан Құтқарушылары қоры.
Айта кету керек, қоян-қолтық ұрыс – спорттық қана емес, сонымен қатар өзін-өзі қорғаудың тиімді әдістерін қамтитын кешенді жекпе-жек түрі. Бұл спорт түрі қазақстандық спортшылар арасында кеңінен дамып келеді. Соның айғағы – халықаралық деңгейдегі жарыстарда қазақстандық спортшылардың жиі жеңіс тұғырынан көрінуі.
Хайдар Есенғалиевтің жеңісі – тек жеке жетістік емес, сонымен қатар Атырау өңірі мен Қазақстан спортының беделін арттырған маңызды нәтиже.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА



