АТЫРАУДАҒЫ АЙМАҚТЫҚ СПАРТАКИАДА

төтенше жағдайлар құрылымдары қызметкерлерінің ептілігі мен күштілігін сынға салды
12-13 маусым күндері Атырауда ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Батыс аймағы бойынша құрылымдары қызметкерлерінің VI жазғы спарта-киадасы өтті.

Дәстүрлі спорт мерекесіне Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облыстарынан 80-нен астам спортшы қатынасты. Командалар футбол, кір тасын көтеру, білек күшін байқау және жеңіл атлетика сияқты спорт түрлерінен сайысқа түсіп, бақтарын сынады.
Бейсенбіде Атырау облыстық ТЖД-ның «Өрт сөндіру қызметі және апаттық-құтқару жұмыстары» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Алау» спорт кешенінде спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі болды. Сайыскерлерді алдымен Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан құттықтады.
– Сіздердің атқарып жүрген қызметтеріңіздің өзі кез келген жағдайда, күнделікті өмірімізде орын алуы ықтимал оқыс оқиғалар мен төтенше жағдайлардың алдын алумен, тілсіз жау саналатын өрттерді ауыздықтаумен, жер сілкінісі, зілзала, су тасқыны кезінде адамдарды құтқару және қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты екендігі белгілі. Сол себепті де жауапкершілік жүгінің жеңіл еместігі даусыз. Осындай абыройлы міндетті ойдағыдай атқарып, әркез оған әзір болу, сөйтіп сенімнен шығу үшін ең әуелі өздеріңіз моральдық та, физикалық та тұрғыдан дайын, шынығып, шыңдалған болуларыңыз, әрдайым салауатты өмір салтын ұстануларыңыз шарт. Міне, бүгінгі, дүбірлі дода соның кепілі, айқын бір куәсі болса керек. Сайыста баршаңызға жеңіс, табыс пен сәттілік тілеймін, алтыншы мәрте жалғасын тапқалы отырған спорт мерекесі құтты болсын! – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Сөз алған сала ардагері Өтеген Кенжеев сайысқа қатысушылардың бәрінің де жеңіс тұғырынан көрінуін тіледі.
Атырау облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, спартакиаданың бас төрешісі Марат Құрманов дәстүрлі спорт мерекесінің салтанатты ашылуымен құттықтап, сайыскерлерге сәтті қадам тілейтіндігін жеткізді.
Көп кешікпей, жарыс жалауы көтеріліп, спорт сайыстары да басталды. Бұл күні аймақтық спартакиаданың жүлделерін сарапқа сала келген көршілес төрт облыстың ойыншылары Балықшы кентіндегі «Судоремонтник» стадионында 100 және 1000 метрлік қашықтыққа жүгіруден, сондай-ақ, «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде футболдан және кір тасын көтеруден сайысқа түсті.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз