
Атырауда марафон мәресіне жетті
Атырауда Қала күніне орай жүгіруден дәстүрлі «Атырау марафоны – 2025» өтті. Биыл бұл спорттық іс-шара сегізінші рет ұйымдастырылды.

Марафонның басты мақсаты – бұқаралық спортты арттырып, салауатты өмір тсалтын насихаттау және тұрғындарды дене шынықтыру мен спортқа тарту.
Шараға 2 мыңға жуық адам қатысты. Қатысушылар 5, 10, 21,1 және 42,2 шақырымдық қашықтықтарда бақ сынады.
Марафонның ұйымдастырушылары – Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы, Атырау қаласы әкімдігі, Атырау облысы Жеңіл атлетика федерациясы және Infinity Fitness орталығы.

Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықов шараның қоғамға берер маңызына тоқталды.
– Бұл марафон – атыраулықтардың салауатты өмірге деген ынтасын арттырып, жастарды спортқа баулуға бағытталған игі дәстүрге айналды. Қала күні қарсаңындағы осындай сергек шаралар – тұрғындардың бірлігін күшейтеді», — деді.
Ал Жеңіл атлетика федерациясының және Infinity Fitness Юрий Пономарев спорттық шараның ұйымдастырылуына байланысты пікір білдірді.
– Қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Бұл – қала тұрғындарының спортқа деген қызығушылығының артқанының дәлелі, — деді.
Жеңіл атлетика федерациясының өкілдері де марафонды өткізу дәстүрі Атырауда бұқаралық спортты дамытуға серпін беретінін атап өтті.

Күннің шуақты ауа райы мен көтеріңкі көңіл-күйде өткен марафон қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл сыйлады.
Марафонға қатысушылардың арасында түрлі жастағы тұрғындар мен спорт сүйер қауым өкілдері болды. Солардың бірі – индерлік Бергенбай Нұрғалиев былтыр да марафонға қатысып, жақсы әсер алғанын айтады. Биылғы жарыс оған одан ерекше қуаныш сыйлапты.
– Бүгінгі мереке құтты болсын! Марафон да, мереке де тамаша өтіп жатыр. Биыл жарысқа екінші рет қатысып отырмын. Осы қараша айында, бұйыртса, зейнетке шығамын. Бірақ спорттан қол үзбеймін.
Мен үшін «Атырау марафоны» өте жоғары деңгейде өтті деп есептеймін. Өткен жылы ауа райы салқындау еді, ал биыл жылы, шуақты күн болды. Сондықтан көңіл де көтеріңкі. Өте қуаныштымын, — деді Бергенбай Жалғасбайұлы.
Қатысушылардың пікірінше, биылғы марафонның ұйымдастырылу деңгейі жоғары, қатысушылар саны да арта түскен. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының салауатты өмір салтына бетбұрысын көрсетеді.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға Жеңіл атлетика федерациясы тарапынан арнайы медальдар мен марапаттар табыс етілді.
Алмас ҚАБДОЛ



