Жарнама
Спорт

Атырауда ардагерлер арасындағы республикалық волейбол турнирі басталды

Бүгін Атырауда даңқты мұнайшы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ізтұрған Баймұқановты еске алуға арналған волейболдан ардагерлер арасында республикалық турнир басталды.

Турнирге қатысушылардың негізгі құрамын жасы алпыстан асқан ардагер спортшылар құрайды. Жарыс талабына сай барлық команда мүшелері осы жас санатына жатады. Сайысқа Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан келген командалармен қатар, Атырау өңірінен алты команда бақ сынауда. Оның ішінде С. Өтебаев атындағы Мұнай және газ университетінің, Құрманғазы және Махамбет аудандарының, сондай-ақ Атырау қаласының командалары бар.

9ca887fa 448e 42ca 811f 2c43420a3929

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов турнирдің маңызын атап өтті.

– Бүгінгі турнир тек спорттық жарыс қана емес, біздің аға буынның белсенділігін, өмірге деген құштарлығын көрсететін маңызды шара. Біз жастарға үлгі болып, волейболды насихаттап, дене шынықтыруға деген қызығушылықты арттыруды мақсат еттік. Ардагерлер ойынға дайындықпен келген, тәжірибесі мол, қарсыластарымен тең дәрежеде ойнайды. Бұл жарыс тек жеңіс үшін емес, достық пен спорт дәстүрін сақтау үшін өткізіліп отыр. Былтыр біз Ресейдің Орынбор қаласында өткен жарыста екінші орын алып, облыс ардагерлерінің спорттағы белсенділігін тағы бір дәлелдедік. Бүгінгі турнир де сол дәстүрді жалғастырып, жастарға үлгі болатынына сенімдімін, – деді Мұрат Сақтайұлы.

c77075b4 c4a7 47f6 82fb 1a720db8c550

Ақтау қаласынан келген волейболшы Құрманғали Сағындықов жарыс туралы пікірін білдірді.

– Біз үшін бұл турнир үлкен құрмет. Ағамыздың атын, өмір жолын еске алуға арналған шараға қатысудамыз. Бұл республикалық деңгейдегі жарыс, сондықтан әр ойынға бар ынтамызды саламыз. Спорттың ең басты мәні тек жеңу емес, достық пен бірлікті көрсету. Біздің командамызда әр салада қызмет етіп жүрген жігіттер бар. Мұғалімдер, кәсіпкерлер, мұнай саласының мамандары бар. Жасымыз әртүрлі: менің жасым елу жетіде болса, алпысқа таяған ағаларымыз да бар. Бізге келген жанкүйерлерге, Атырау халқының қолдауына ризашылығымызды білдіреміз. Мұндай жарыстар спорттың әрі қарай дамуының кепілі деп есептеймін, – деді Құрманғали Сағындықов.

Сондай-ақ Орал қаласынан келген команда ойыншысы, спорт саласында 40 жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан ардагер Қамбарбек Сәлімов те өз пікірімен бөлісті.

40456007 1e89 4146 86e0 3a111b8a66e3

– Біз Батыс Қазақстан облысынан келдік. Бұл біздің команда үшін алғашқы ойын емес, бірақ әрбір жарыс ерекше сезім сыйлайды. Команданың жетекшісі ретінде айтарым, барлық ойыншылардың дайындықпен келгені байқалады. Жарыстың алда әлі қызықты да тартысты ойындары болады деп ойлаймыз. Барлық командаларға сәттілік тілеймін. Спорттық шара жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, турнирдің достық пен спорттық рухқа толы екенін атап өткім келеді, – деді Қамбарбек Сәлімов.

Екі күнге жоспарланған жарыстың алғашқы күнінде тоғыз команда өзара бақ сынап, соның ішінен бес үздік команда іріктеліп шығады. Кейін жүлделі бірінші, екінші, үшінші және төртінші орындар сарапқа салынады. Алғашқы ойындардан-ақ командалардың тыңғылықты дайындықпен келгені аңғарылды. Әсіресе Ақтау мен Ақтөбеден келген ұжымдар, сондай-ақ Атырау қаласының командалары тартысты ойын өрнегін көрсетуде. Осылайша жарыс жоғары деңгейдегі бәсекелестік жағдайында өтіп жатыр.

Айта кету керек, Атырау облысында ардагерлер арасындағы волейбол командалары қарқынды дамып келеді. Былтыр облыстық ардагерлер командасы Ресейдің Орынбор қаласында өткен, он екі команда қатысқан халықаралық жарыста жүлделі екінші орынды иеленген еді. Сондай-ақ жуырда өткен республикалық деңгейдегі ардагерлер турнирінде де Атырау командасы он алты команданың ішінен үздік шығып, екінші орынға тұрақтаған.

Бұл жетістіктер өңірдегі ардагер спортшылардың жоғары дайындық деңгейін көрсетіп қана қоймай, бұқаралық спорттың, соның ішінде волейболдың өңірде жүйелі түрде дамып келе жатқанын айғақтайды.

Майра Ерғали

Суреттерді түсірген Ерлан Алтыбаев

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button