
«Atyrau Marathon – 2025»: 2000 қатысушы бақ сынайды
Өңірде 5 қазанда қала күніне арналған дәстүрлі «Atyrau Marathon – 2025» жарысы өтеді. Бұл туралы Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықов баспасөз брифингінде мәлімдеді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отырған марафонға 2000-ға жуық адам қатысуға өтініш білдірген. Олар 5, 10, 21 және 42 қашықтықта бақ сынайды. Барлығына арнайы медальдар табысталып, жеңімпаздар 7 миллион теңге жүлде қорымен марапатталады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сай бұл марафонның басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, тұрғындарды салауатты өмір салтына тарту. Жыл сайын қатысушылар қатары артып келеді. Бұл Атырау халқының спортқа деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді, – деді басқарма басшысы.
Ұйымдастырушы Юрий Пономаревтің айтуынша, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне 400 ерікті мен төреші жұмылдырылады.
– Марафон тек спорттық жарыс емес. Оны нағыз спорт мерекесіне айналдыру үшін қалалық және коммуналдық қызметтер түгел іске қосылады, – деді ол.
Ал жергілікті полиция басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Қабесов марафон күні қаладағы жол қозғалысының уақытша шектелетінін жеткізді. Айтуынша, 5 қазанда 06:00 мен 13:00 аралығында Әбілқайыр хан даңғылы бойымен Qazaq Oil жанармай құю бекетіне дейін және Сәтпаев көшесі бойымен Ерниязов көшесінің қиылысына дейінгі бағыттардағы көлік қозғалысы тоқтатылады.
Айта кетейік, марафонды Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы, Атырау қаласының әкімдігі, облыстық Жеңіл атлетика федерациясы және Infinity fitness бірлесіп ұйымдастыруда.



